Астанада өткен бокстан әлем чемпионатында солтүстікқазақстандық спортшы Наталья Богданова алтын медаль жеңіп алып, еліміздің абыройын асқақтатты. Бұл айтулы жеңіс өңір спорты үшін тарихи оқиғаға айналды.
25 жастағы спортшы қыз алғаш рет 70 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түсіп, барлық қарсыластарынан басым түсті. Бұған дейін 66 келі салмақта өнер көрсеткен Наталья жаңа салмақта да өзінің шеберлігін дәлелдеді.
Бүгін Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде чемпионды салтанатты түрде құттықтау рәсімі өтті. Облыс әкімі Гауез Нұрмұхамбетов Наталья Богданованы жеңісімен құттықтап, оған ақшалай сертификат табыстады. Сондай-ақ, жеке жаттықтырушысы Дастан Кабденовке де спортшыны дайындауға қосқан үлесі үшін сый-сияпат берілді.
«Бұл – таңғажайып тәртіптің, кәсібиліктің және жеңіске деген жігердің нәтижесі. Наталья – өңіріміздің ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышы. Бұл жеңіс – бапкер мен спортшы арасындағы сенім мен бірлескен еңбектің жемісі. Сіздер жастарға шабыт сыйлап, спорттың дамуына зор үлес қосып отырсыздар», – деді өңір басшысы.
Финалдық жекпе-жекте Наталья австралиялық спортшы Лекейша Перголитимен кездесіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Қазір чемпион мен оның бапкері қыркүйек айында Англияда өтетін келесі әлем чемпионатына дайындалуда. Алдағы күндері дайындық Шымкент маңындағы таулы жерде басталады.
Айта кетейік, Наталья Богданова 2022 жылы Азия чемпионатында қола медаль иеленген болатын. 2023 жылы оған облыс әкімдігінің қолдауымен пәтер кілті табысталды.