СҚО-да «Ақ бидай – 2025» облыстық спартакиадасы басталды

СҚО-да «Ақ бидай – 2025» облыстық спартакиадасы басталды

Солтүстік Қазақстан облысында өңірдің ең ауқымды спорттық шараларының бірі — «Ақ бидай – 2025» XXIX облыстық ауылдық жазғы спорт ойындары өз бастауын алды. 9-12 шілде аралығында Тайынша ауданында барлық аудандардан келген 930-дан астам спортшы бақ сынауда.

Қатысушылар 13 спорт түрінен жарысуда: футбол, баскетбол, волейбол, жеңіл және ауыр атлетика, еркін күрес, нысана көздеу, үстел теннисі, гір көтеру, велоспорт (шоссе және маунтинбайк), шахмат пен дойбы.

Тайынша қаласындағы «Жеңіс» стадионында өткен салтанатты ашылу рәсіміне Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Гаузез Нұрмұхамбетов, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, мәслихат депутаттары, аудан әкімдері, ауыл тұрғындары мен спортшылар қатысты.

Өз сөзінде облыс әкімі мұндай ауқымды жарыстардың маңыздылығына тоқталып, «Ақ бидай» ойындарының ауыл спортын дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және патриотизмді нығайтуға зор үлес қосатынын атап өтті:

«Ақ бидай» ойындары жаңа ұрпаққа шабыт береді, үлкен спортқа жол ашады және бірлігімізді нығайтады. Барша қатысушыларға адал жарыс, жарқын жеңістер мен жаңа жетістіктер тілеймін!» — деді өңір басшысы.

Сондай-ақ ол облыста спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ауылдық жерлерде спорт кешендері, хоккей корттары мен әмбебап алаңдар ашылуда. Спортшыларымыз жоғары нәтижелерге қол жеткізуде, ал кәсіпкерлер спорттық бастамаларды белсенді қолдауда.

Мерекелік көңіл-күйді кешкі концерттік бағдарлама толықтырды. Бас сахнада қазақстандық танымал «Бәйтерек» және «Манго» топтары, сондай-ақ жас әнші Жасдәурен өнер көрсетті. Кеш соңында өткен отшашу Тайынша аспанын жарқыратып, төрт күнге созылатын жарыстарға жарқын бастау болды.

Финалдық ойындар мен жабылу салтанаты 12 шілдеде өтеді. «Ақ бидай – 2025» спартакиадасы — спорттық ғана емес, өңір халқын біріктіретін мәдени оқиға екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.