Спортты басқару жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар

Спортты басқару жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар

Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушының төрағалығымен спорт саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған кеңес өтті. Жиын барысында бюджеттік қаражатты мақсатсыз пайдалану, парақорлық, жалған қаржылық есеп беру сияқты негізгі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен құқықбұзушылықтар қаралды.

Кеңесте басқармаға бағынысты мекемелердің қызметінде ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі антикоррупциялық тетіктерді енгізу мәселесіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, басқарушы құрамды тұрақты түрде ротациялау - жемқорлық байланыстардың алдын алуға және басқару әдістерін жаңартуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Сонымен қатар, басшылардың жұмыс тиімділігін бағалауға арналған KPI (негізгі көрсеткіштер жүйесі) енгізу ұсынылды. Айқын және өлшенетін көрсеткіштер арқылы басқарушылардың қызмет нәтижелерін әділ бағалауға жол ашылады. Егер көрсеткіштер төмен болса, басшыны басқа лауазымға ауыстыру немесе қызметінен босату қарастырылады. Бұл шара жауапкершілікті арттырып, адал әрі нәтижелі жұмысқа ынталандырады.

Басым бағыттардың бірі ретінде басқару процестерін цифрландыру мәселесі көтерілді. Құжат айналымы мен есептілікті электрондық форматқа көшіру адами фактордың ықпалын азайтып, деректерді бұрмалау қаупін төмендетеді. Бұл қадам басқармалар мен олардың қарамағындағы спорт ұйымдарының қызметін ашық әрі есепті етуге негіз қалайды.

Кеңес барысында спорт мекемелері басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау жөніндегі жеке жауапкершілігі де ерекше атап өтілді. Құқықбұзушылықтар анықталған жағдайда, заңнамаға сәйкес, тәртіптік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары қолданылады. Спорт басқармасы ашық, әділ және таза басқару жүйесін қалыптастыруға ниетті.

Сондай-ақ мүдделер қақтығысының алдын алу мәселесі де қозғалды. Қолданыстағы заң талаптарына сәйкес, мемлекеттік қызметшілер немесе мемлекеттік функцияларды орындайтын тұлғалар туыстық, ерлі-зайыптылық немесе өзге де жақын туыстық қатынаста болған жағдайда бір-бірінің тікелей басшысы немесе бағыныштысы бола алмайды. Бұл норма мемлекеттік басқару жүйесіне деген қоғам сенімін нығайтуға бағытталған.

Кеңес қорытындысында спорт басқармасының транспаренттікке, заңдылыққа және тиімділікке негізделген қағидаттарға адалдығы тағы бір мәрте расталды. Кадрларды ротациялау, KPI жүйесін енгізу, басқару процестерін цифрландыру және мүдделер қақтығысының алдын алу – аймақта спортты әділ және заманауи басқарудың маңызды қадамдары болып саналады.