2025 жылғы 26 маусым күні Аққайың ауданының Смирново ауылында ұлттық спорт түрлерінен өтетін «Qyzyljar–2025» облыстық спартакиадасының салтанатты ашылуы өтті. Ашылу рәсіміне Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әділхан Сағындықов, сондай-ақ өңірдегі қазақ күресінен тұңғыш спорт шебері, спорт ардагері Бауыржан Күлжанов қатысты.
Бұл ауқымды спорттық шараға облыстың 13 ауданынан 650-ден астам спортшы қатысуда. Олар бірнеше күн бойы қазақша күрес, көкпар, тоғызқұмалақ, асық ату, аударыспақ, теңге ілу секілді 12 ұлттық спорт түрінен сынға түседі.
Қанат Дүзелбаев өз құттықтау сөзінде мұндай шаралар ұлттық спорт түрлерін дәріптеп, сақтауда, сондай-ақ жас ұрпақты ата-баба дәстүріне құрметпен қарауға, отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Спартакиаданың туын көтеру құрметі спорт ардагері Бауыржан Құлжановқа тапсырылды. Ал спартакиаданың алауын теңге ілу мен көкпардан спорт шеберлігіне кандидат Исин Мақсат Жомартұлы жақты. Ұлттық спортқа бала кезінен қызығушылық танытып, өзі де жоғары жетістіктерге жетіп қана қоймай, көптеген жас спортшыларды тәрбиелеп шығарған ол бүгінде аудан намысын қорғап жүрген дарынды шәкірттерінің мақтанышы.
Салтанатты ашылу мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасын тапты, оған Солтүстік Қазақстан өнерпаздары қатысты. Спартакиада 28 маусымға дейін жалғасады. Жарыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Ал келер жылы бұл спорттық фестиваль Есіл ауданында өтпек.