Бүгін Солтүстік Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаевтың қатысуымен кездесу өтті. Іс-шараға өңірдің спорт, мәдениет және медицина салаларының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, өзекті мәселелерді көтеріп, қоғам өмірінде маңызды салаларды дамытуға бағытталған бастамаларымен бөлісті.
Спорт қауымдастығы атынан әлем чемпионы, «Қызылжар арландары» спорт клубының директоры Алтынбек Аусагитов сөз сөйледі. Ол өңірдегі спорт саласындағы негізгі көрсеткіштер, инфрақұрылымның қарқынды жаңаруы және болашақтағы даму жоспарлары туралы айтты.
Өз сөзінде Алтынбек Аусагитов Президент кеңесшісіне маңызды ұсыныс білдірді:
«Сөзімді қорытындылай келе, жаңа жобаға — Жекпе-жек сарайын салуға қолдау көрсетуіңізді сұраймын. Өңірде жыл сайын кәсіби балуандар мен осы жолда спорттық мансап құруды армандайтын жастардың саны артып келеді. Мұндай арнайы кешеннің салынуы жаттығу жағдайын жақсартумен қатар, жаңа жұлдыздарды тәрбиелейтін маңызды алаңға айналады. Біз дәл осы жерден тек СҚО-ны ғана емес, бүкіл Қазақстанды мақтанышпен танытатын спортшылардың жолы басталады деп сенеміз», — деді Аусагитов.
Кездесу соңында Мәлік Нұржанұлы әр саланың кешенді дамуының маңыздылығын атап өтіп, бұл бағыттағы тұлғалық өсудің қоғамға үлгі болатынын айтты.