СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әділхан Сағындықов облыс аудандарын аралап, спорт инфрақұрылымы мен балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің жұмысымен танысып жүр.
Бұл жолы ол Қызылжар, Тайынша, Ақжар, Аққайың және Уәлиханов аудандарында болып, спорт нысандарының жағдайын көріп, БЖСМ жұмысын бағалап, жаттықтырушылармен және мектеп басшыларымен кездесті.
Сапар барысында анықталған мәселелерді шешуге бағытталған тапсырмалар беріліп, аудандық деңгейдегі дене шынықтыру және спорт саласын дамытудың негізгі міндеттері айқындалды. Материалдық-техникалық базаны күшейтуге, бұқаралық спортпен айналысуға жағдай жасауға және жас спортшыларды даярлауға баса назар аударылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сөздерінде бұқаралық спортты, әсіресе ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығын айтқан болатын. Осыған сүйене отырып, басқарма спорт саласын жергілікті деңгейде жақсарту бойынша жұмысын жалғастыруда.
Сапардың ерекше сәті Уәлиханов ауданының БЖСМ директоры Бектай Сұлтанғазиевич Хасеновке Құттықтау хатын табыстау болды. Ол спорт саласында 46 жыл еңбек етіп, өңір спортының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Әділхан Сағындықов оған ұзақ жылдар бойы аянбай еңбек еткені үшін алғысын білдіріп, зейнетке шығуымен құттықтады.
Аудандардағы спорт нысандарын тексеру және жас спортшыларды даярлау сапасын жақсарту жұмыстары әлі де жалғасады.