Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабына сәйкес:
«Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы. Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар.»
Бұл конституциялық норма азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың әртүрлі тәсілдерін қамтиды: сот арқылы қорғалудан өзін-өзі қорғауға дейін. Заңға қайшы келмейтін құқықтар мен бостандықтарды қорғау тәсілдерінің бірі – медиация. 2011 жылы заңдастырылған медиация халық арасында баяу, бірақ ойдағыдай танымал бола бастады.
Біздің азаматтар мен ұйымдар медиацияның сот талқылауына лайықты балама екенін түсінеді. Медиация азаматтық, еңбек, отбасылық, әкімшілік құқықтық қатынастардың кең спектрінен, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу саласында, қылмыстық теріс қылықтар, ауырлығы аз және орташа қылмыстар, тіпті ауыр қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында, атқарушылық іс жүргізуде туындайтын дауларды шеше алады. Тиісінше, медиацияның отбасылық, еңбек, бизнес-медиация және т.б. бағыттары дамуда.
Жаңа бағыт – этносаралық қатынастар саласындағы медиация екенін ерекше атап өткен жөн. Мұнда медиация қоғамдағы тұрақтылық пен этносаралық келісімді қамтамасыз ету үшін аса маңызды рөл атқарады. Этносаралық жанжалдардың себептері алуан түрлі болуы мүмкін. Жанжал әдеттегі әлеуметтік-тұрмыстық қатынастардан басталып, этносаралық жанжалға айналуы мүмкін. Мысалы, үш-төрт жыл бұрын болған Қордай ауданы мен Пиджимдегі оқиғаларда бастапқыда тұрмыстық жанжал орын алған, содан өрбіп, әр түрлі этностар өкілдерінің текетіресі ретінде этносаралық сипатқа айналған. Мұндай жанжалдың ерекшеліктері бар: ол, әдетте, топтық және жаппай сипатта болады, әлеуметтік шиеленіске толы, мұндай жанжалды келісімге қол қою арқылы аяқтау мүмкін емес, сонымен қатар жанжалды реттегеннен кейін, мұндайды болдырмас үшін мониторинг жасау қажет. Бұл жерде Қазақстан халқы ассамблеясы ауқымды жұмыс атқара алады: ол этномәдени ұйымдарды біріктіреді, олардың мүшелері жанжалды шешуге белсенді қатыса алады. Жанжал тарапымен бір тілде сөйлесу, мәдениетті, менталитетті білу – бұл білім мен тәжірибе тезірек тіл табысып, тікелей араласуға көмектеседі.
Енді медиация рәсімі жайында сөз етейін. Оны екі тұлға жүргізуге міндетті: сот істерін қарау кезінде судьялар және кәсіби немесе қоғамдық медиаторлар.
Медиатор айналысатын және сот жүргізетін медиация арасында айырмашылық бар ма?
Ресми түрде аталған рәсімдер бірдей. Дегенмен, ерекшеліктер мен өзгешеліктерді табуға болады.
Біріншіден, рәсімді жүргізу шарттары бойынша медиацияны үш топқа бөлуге болады: соттан тыс, соттық медиация және соттағы медиация.
Соттан тыс медиацияны тек медиаторлар жүргізеді. Бұл дау тараптары дауды медиация ретінде шешудің бұл әдісі туралы білетін және жанжал туындаған кезде сотқа емес, медиаторға баратын жағдай. Мұндай таңдауды тараптар медиацияның сот ісінен құпиялылығымен, қатысудың еріктілігімен, тараптардың соттың қарауына емес, жанжалды реттеу туралы өз бетінше шешім қабылдауға дайындығымен ерекшеленетінін түсінген кезде саналы түрде жасаған дұрыс.
Мысалы, бизнестегі серіктестерде келіспеушіліктер пайда болды және олар бұл туралы ешкімнің білмегенін қалайды – бұл іскерлік беделге теріс әсер етуі мүмкін. Келіспеушіліктерге қарамастан, тараптар ынтымақтастықты одан әрі жалғастырғысы келеді, ал біреу жеңіп, біреу жеңілетін сот ісінен кейін мұны жасау өте қиын. Келіссөздер үстеліне отырып, өздеріңіз келісе аласыздар. Бірақ қол жеткізілген келісімге қарсы болмайтынына және жойылмайтынына кепілдік керек. Бұл жерде медиация көмектесе алады: егер дауды қарау кезінде сот даудың мәні бойынша тараптар арасында дауды (жанжалды) медиация тәртібінде реттеу туралы тараптардың келісімі бар екенін анықтаса, онда сот іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады – дау қазірдің өзінде реттелген және қайта шешуге жатпайды.
Соттық медиацияда татуласу рәсімін судья жүргізеді, ол «Медиация туралы» Заңға сәйкес және іс жүргізу кодексінің қағидаларына сәйкес, мысалы, Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің 179, 180-баптарына сәйкес әрекет етеді.
Соттағы медиация деп іс қаралатын соттан дау тараптары медиаторға келген рәсім аталады. Мұндай жағдайда соттағы іс тоқтатылады және тараптарға медиация рәсімін медиаторда жүргізуге мүмкіндік беріледі. Бұл кезде дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді сот тексереді және бекітеді.
Екіншіден, медиация рәсімінің көрсетілген түрлерінің ұзақтығы әртүрлі.
Соттан тыс медиация тараптардың өзара шешімі бойынша Медиация туралы шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік 60 күннен аспайтын мерзімде жүргізілуі мүмкін. Соттық медиация күнтізбелік 10 күнге дейінгі мерзімде жүргізіледі. Соттағы медиацияны жүргізуге бір ай беріледі. Медиацияны жүргізу мерзімдері рәсімнің мазмұнына және оның нәтижелеріне әсер етуі мүмкін.
10 күндік қысқа мерзім тараптар бір-бірін білмейтін, тараптардың қақтығысы бір реттік сипатта болған және тараптардың мүдделері шетінде жатқан дауларды қарау кезінде орынды. Мысалы, ЖКО кезінде зиянды өтеу туралы мәселелерді қарау, сатушы мен тұтынушы арасындағы сапасыз тауарды сатып алу-сату шартын бұзу туралы дау және т.б. Кейде, керісінше, тараптар бір-бірін жақсы біледі, ұзақ мерзімді қарым-қатынаста болады - жұмыс беруші мен қызметкер, жер учаскесіндегі көршілер және т.б. Дау тараптары бір-бірінен не қалайтынын жақсы түсінеді, бірақ мұнда өзара уағдаластықты дұрыс тұжырымдауға және заң бойынша келісім жасауға көмектесетін мүдделі емес адам қатысу қажет.
Бірақ тараптардың ұстанымдары талаптардың мәнінен ерекшеленетін күрделі жанжалдар бар: яғни тараптар бір нәрсе туралы айтады, бірақ басқа нәтижеге қол жеткізгісі келеді. Мұндай жанжалдардың психологиялық негізі болуы мүмкін, көбінесе бұл әділеттілік туралы айтылған жеке жанжал. Мұнда асығыстық жасау орынсыз. Ал 10 күн – терең жасырынған мүдделерді сыртқа шығару үшін тым қысқа мерзім. Бұл жерде кәсіби медиатордың көмегі орынды болмақ.
Үшіншіден, этносаралық қатынастар саласындағы медиацияның ерекшеліктеріне байланысты мұндай рәсімді сотта жүргізу екіталай – мұнда құқық қорғау органдарының жәрдемімен кәсіби және қоғамдық медиаторлар, ҚХА өкілдері жұмыс істеу керек.
Жоғарыда көрсетілген медиация түрлерінің өзгешеліктері мен ерекшеліктері заң рәсімді жүргізу кезінде оның міндетті қағидаттарын - медиация тараптарының еріктілігін, тең құқықтылығын, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптығын, медиация рәсіміне араласуға жол бермеуді, құпиялылықты тең дәрежеде сақтауды талап ететіндігіне кедергі келтірмейді. Рәсім принциптері мен жалпы ережелерінің бірлігі кездейсоқ емес – заң медиация, түрі мен оны жүргізетін адамның мәртебесіне қарамастан, қоғамдағы заң мен тәртіпті қамтамасыз ету негіздерінің бірі екенін мойындайды және бекітеді.
Инесса Куанова,
СҚО ҚХА Этномедиация кеңесінің мүшесі