СҚО-да тау-кен байыту комбинаты салынады

СҚО-да тау-кен байыту комбинаты салынады

Солтүстік Қазақстан облысында соңғы жылдардағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі жүзеге асырылмақ. Айыртау ауданында «Баян» вольфрам кен орнын игеру және кейіннен заманауи тау-кен байыту комбинатын салу жоспарланып отыр.

Инвестицияның жалпы көлемі шамамен 100 млрд теңгені құрайды. Жобаны іске асыру 600-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға, өнеркәсіптік өндіріс көлемін арттыруға, экспорттық әлеуетті кеңейтуге және өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді.

Жобаны іске асыру барысын Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, қытайлық Shandong Xinhai Technology компаниясының тең құрылтайшысы Ли Чуанжань және «Ресурс-2018» ЖШС даму жөніндегі директоры Константин Луценко талқылады.

Бұл жоба қазақстандық-қытайлық өнеркәсіптік ынтымақтастықтың нақты үлгісіне айналып, өңірдің тау-кен саласының дамуына жаңа серпін береді. Оның Айыртау ауданы үшін маңызы ерекше. Мұнда жаңа жұмыс орындары ашылып, заманауи өндіріс іске қосылады және әлеуметтік-экономикалық өсімге қосымша мүмкіндіктер пайда болады.

Жобаны жүзеге асыру Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген бағытпен үндеседі. Мемлекет басшысы инвестиция тарту, өңдеу және тау-кен өнеркәсібін дамыту, жаңа өндірістерді іске қосу және жұмыс орындарын құру елдің экономикалық әлеуетін нығайтудың маңызды шарттарының бірі екенін бірнеше рет атап өткен болатын.

«Біздің облыс үшін инвестиция тарту, заманауи өндірістер ашу және жаңа жұмыс орындарын құру негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Бұл жобаны іске асыру өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға, өндіріс пен экспорт көлемін арттыруға, облыстың инвестициялық тартымдылығын күшейтуге, сондай-ақ аудан экономикасын дамытуға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға елеулі үлес қосады», - деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Тау-кен байыту комбинатының құрылысы соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысының экономикасына салынған ең ірі өнеркәсіптік инвестициялардың бірі болады деп күтілуде.