Петропавлда Ботай мәдениеті туралы фильм түсіріліп жатыр

Петропавлда Ботай мәдениеті туралы фильм түсіріліп жатыр

Петропавлда «Ботай. Ғайып ғалам» атты ауқымды көркем фильмнің түсірілім жұмыстары жалғасуда. Қала түсірілім процесінің негізгі алаңдарының біріне айналды. Бүгін шығармашылық топ АРТ-галерея «Ботайда» болашақ картинаның кезекті көріністерін түсірді.

Фильмнің сюжеті бірнеше уақыт желісін қамтиды. Басты кейіпкерлердің тағдыры арқылы көрермендерге әр дәуірдің байланысы мен Ботай мәдениетінің маңызы көрсетіледі. Шытырман оқиғалы картинаны түсіруге үлкен кәсіби команда жұмылдырылған. Оның құрамында АҚШ пен Германиядан келген актерлер де бар.

Фильмге солтүстікқазақстандықтар да қатысуда. Рөлдердің бірін ғалым, археолог, «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының доценті Анатолий Андреевич Плешаков сомдады. Ол түсірілімге актер ретінде ғана емес, тарихи мәселелер бойынша кеңесші ретінде де атсалысуда.

«Мен өзімді сомдаймын. Берілген мәтінді өзіме бейімдеп, кей тұстарда импровизация жасаймын. Түсірілімнің техникалық жағын бақылау өте қызық: софиттер, камералар - нағыз киноның қуаты сезіледі. Бұл фильм өңіріміздің тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін және Ботай мәдениетінің маңызын кеңінен танытуға мүмкіндік береді», - деді Анатолий Плешаков.

Фильмнің тұсаукесері келесі жылға жоспарланған. Петропавлдан бөлек, түсірілім жұмыстары облыстың аудандарында, соның ішінде Айыртау ауданында және Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда өтеді.

Мәдениет пен өнерді дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында тарихи-мәдени мұраны ілгерілету мен отандық киноиндустрияны дамытуға ерекше мән берілетінін атап өтті.