
Петропавл қаласындағы ЭКО-парк аумағында триатлон және дуатлоннан Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Елдің барлық өңірлерінен келген 200-ден астам спортшы өз жас санаттарында үздіктер қатарынан көріну үшін бақ сынауда.
ЭКО-парк облыс орталығы тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналып келеді. Заманауи қоғамдық кеңістік белсенді демалысқа, спортпен шұғылдануға және бұқаралық іс-шаралар өткізуге арналған. Мұнда жаяу жүргіншілерге, велосипедшілерге және жүгірушілерге арналған жолдар, спорттық және балалар алаңдары, сондай-ақ демалыс аймақтары қарастырылған.
ЭКО-парк аумағында өткен алғашқы ірі спорттық іс-шаралардың бірі ретінде Қазақстан чемпионатының ұйымдастырылуы ерекше маңызға ие. Мұндай жарыстар бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және заманауи спорттық инфрақұрылымды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұловтың айтуынша, триатлон өңір үшін салыстырмалы түрде жас спорт түрі болғанымен, соңғы жылдары оған қызығушылық айтарлықтай артқан. Спортшылар саны көбейіп, өңірлік федерацияның жұмысы қарқын алуда. Ал Триатлон-парктің құрылысы жоғары деңгейдегі жарыстар өткізуге және спортшыларды даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Чемпионат бағдарламасына Elite, U19 және U15 санаттары бойынша аралас эстафетадағы триатлон жарыстары, сондай-ақ U15 және U13 санаттарындағы спортшылар арасында дуатлон сайыстары енгізілген. Чемпионаттың екінші күні аралас эстафета өтеді. Әр команда құрамында екі ер адам мен екі әйел спортшы өнер көрсетеді.
Көптеген жас спортшылар үшін бұл жарыс маңызды тәжірибе алаңына айналды. Қыздар арасындағы алғашқы жарыс күнінің жеңімпазы Көкшетау қаласының өкілі Полина Левченко болды.
ЭКО-паркте республикалық чемпионаттың өткізілуі заманауи қоғамдық кеңістіктердің тек демалыс орны ғана емес, спортты дамытуға арналған толыққанды алаң екенін көрсетеді. Бұл Петропавл қаласында белсенді өмір салты мәдениетін қалыптастыруға ықпал етсе, Солтүстік Қазақстан облысы үшін триатлон, дуатлон және басқа да циклдік спорт түрлерін дамытуға қосымша серпін береді.