
Айыртау ауданында «EcoFest ImanTau-Shalkar 2026» экологиялық фестивалі ұйымдастырылып, оған облыстың түкпір-түкпірінен келген жастар қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Шара елімізге танымал Шалқар көлінің жағасында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өтті. Фестивальге жастармен қатар еріктілер мен қоғам белсенділері де қатысты.
Фестиваль барысында қатысушылар аумақты күл-қоқыстан тазартып, табиғатты қорғауға өз үлестерін қосты. Сонымен қатар түрлі шеберлік сабақтары, интерактивті алаңдар мен командалық жарыстар ұйымдастырылды. Жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Іс-шараның негізгі мақсаты — тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыру және жастарды табиғатты аялауға баулу.