
Петропавлда Подгора шағын ауданы ерекше спорттық-экологиялық марафон алаңына айналды. «CLEAR-FEST» марафоны аясында аумақты тазалау командалық жарыс форматында өтіп, студенттерді, волонтерлерді, жастар ұйымдарының өкілдерін және қоғамдық белсенділерді біріктірді.
Акция экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Марафонға үш команда қатысты. Әдеттегі сенбілік орнына ұйымдастырушылар жарыс форматын ұсынды: қатысушылар 40 минут ішінде мүмкіндігінше көп қоқыс жинауы керек болды. Мұндай тәсіл экологиялық акцияны анағұрлым серпінді етіп, жастардың қызығушылығын арттырды.
«Жастар мәслихаты СҚО» ЖҚБ жетекшісі Тимур Альжановтың айтуынша, іс-шара өтетін орын кездейсоқ таңдалмаған. Подгора шағын ауданының аумағы алдын ала тексеріліп, қоқыстың көп жиналғаны анықталған.
Марафон басталар алдында қатысушыларға қолғаптар мен қоқыс қаптары таратылды. Содан кейін командалар аумаққа бөлініп, тазалық жұмыстарына кірісті. Жарыс аяқталған соң жиналған қалдықтар өлшеніп, экожүгіру жеңімпаздары анықталды.
Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж командасы иеленді. Олар ең көп көлемде қоқыс жинады. Ұйымдастырушылар барлық қатысушыға белсенділігі мен ортақ іске қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Ең нәтижелі командаларға естелік әрі пайдалы сыйлықтар - портативті қуаттағыштар мен сымсыз құлаққаптар табысталды.
«CLEAR-FEST» марафоны экологиялық бастамалардың қоғамға пайдалы ғана емес, жастар үшін қызықты форматта да өтуі мүмкін екенін көрсетті. Мұндай акциялар тазалық мәдениетін қалыптастыруға және қалалық ортаның жай-күйіне жеке жауапкершілікпен қарауға ықпал етеді.