Жеңіс рухы ұрпақтарды біріктіреді: СҚО-да Жеңіс күні қалай атап өтілді

Жеңіс рухы ұрпақтарды біріктіреді: СҚО-да Жеңіс күні қалай атап өтілді

9 Мамыр - Қазақстанда ерлік пен батырлықтың, майдангер ұрпаққа деген құрмет пен тарихи жадының символына айналған Жеңіс күні. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігін ұлықтау және тарихи жадыны сақтау ерекше маңызға ие екенін бірнеше рет атап өткен болатын.

Солтүстік Қазақстан облысында мерекелік және еске алу шаралары барлық аудандарда өтіп, әр буын өкілдерін біріктірді. Негізгі іс-шаралар Петропавл қаласында ұйымдастырылды.

Мәңгілік алау жанында гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Оған Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, қоғам өкілдері, әскери қызметшілер, тыл еңбеккерлері, жастар және қала тұрғындары қатысты. Қатысушылар қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, мемориалға гүл қойды.

Іс-шара барысында Солтүстік Қазақстан облысының Ұлы Жеңіске қосқан үлесі ерекше аталып өтті. Мыңдаған солтүстікқазақстандық майданда ерлік пен батылдық танытып, ал тыл еңбеккерлері майданды қажетті дүниемен қамтамасыз етті. Бүгінде өңірде Ұлы Отан соғысының бірде-бір ардагері қалмағанымен, олардың ерлігі халық жадында сақталып келеді.

Еске алу рәсімі Жеңіс стеласы жанында да өтті. Мұнда мемлекеттік органдардың өкілдері, әскери қызметшілер, полиция және ТЖД қызметкерлері, қоғам белсенділері, жастар мен қала тұрғындары жиналды. Іс-шара барысында тарихи жадыны сақтау, ұрпақтар сабақтастығы және ел тарихына құрметпен қарау мәселелері айтылды.

Сонымен қатар, Жеңістің Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облысы үшін қаншалықты ауыр бағамен келгені де атап өтілді. Қазақстаннан майданға 1,6 миллионнан астам адам аттанып, олардың жүздеген мыңы елге оралмады. Солтүстік Қазақстан облысынан соғысқа 100 мыңнан астам адам кеткен.

Еске алу шараларына майдангерлердің ұрпақтары да қатысып, өздерінің ата-бабаларын құрметпен еске алды. Көптеген тұрғындар гүлдер мен ардагерлердің суреттерін алып келді.

Ресми бөлім аяқталғаннан кейін мерекелік іс-шаралар қала алаңдарында жалғасты. Театр алаңында Петропавл тұрғындары мен қонақтарына соғыс жылдарындағы әндер орындалып, патриоттық композициялар шырқалды. Сондай-ақ шығармашылық ұжымдардың қатысуымен «Ұлы жеңіс» театрландырылған бағдарламасы ұсынылды.

Жеңіс күні тағы да өңір тұрғындарын ортақ тарих, батырларға деген құрмет және бейбіт өмір сыйлаған ұрпаққа деген алғыс төңірегінде біріктірді.