Солтүстік Қазақстан облысында Digital Aimaq жобасы аясында 12-ші креативті IT орталығы ашылды

Солтүстік Қазақстан облысында Digital Aimaq жобасы аясында 12-ші креативті IT орталығы ашылды

Орталық аудан тұрғындарына, әсіресе жастарға арналған заманауи білім беру және технологиялық алаң ретінде құрылды. Мұнда цифрлық сауаттылық, жасанды интеллектпен жұмыс, 3D модельдеу, робототехника, ұшқышсыз жүйелер, медиатехнологиялар және креативті индустриялар бағыттары қарастырылған.

Жоба AMANAT партиясының күн тәртібі аясында, соның ішінде «Цифрлық қоғам» бастамасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Орталықтың ашылуына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, партияның цифрлық комиссары Екатерина Смышляева қатысты.

OPEN DAY барысында қонақтар орталықтың барлық негізгі аймақтарының жұмысымен танысты. IT сыныбында білім беру процесінде жасанды интеллектті қолдану мысалдары, соның ішінде оқу материалдары мен презентациялар дайындау көрсетілді.

Виртуалды шындық және GameDev аймағында цифрлық ойындар мен 3D визуализация саласындағы жобалар таныстырылды. Дыбыс жазу студиясында цифрлық құралдарды пайдалана отырып аудиоконтент жасау және өңдеу мүмкіндіктері көрсетілді.

3D басып шығару және робототехника аймағында бөлшектерді жедел дайындау шешімдері, оның ішінде ауыл шаруашылығы техникасына арналған үлгілер ұсынылды. Ұшқышсыз ұшу аппараттары аймағында аэрофототүсірілім мүмкіндіктері және дрондарды агроөнеркәсіптік секторда қолдану тәсілдері көрсетілді.

Іс-шараға қатысушылардың айтуынша, орталық тек оқытуға ғана емес, сонымен қатар технологияларды өңір экономикасында тәжірибелік қолдануға бағытталған.

Екатерина Смышляева атап өткендей, цифрлық құзыреттерді дамыту барлық деңгейлерді, соның ішінде ауылдық аумақтарды қамтуы тиіс және базалық дағдылардан басталуы қажет.

Орталық амбассадоры Игорь Лазуркиннің айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – жергілікті жерде сұранысқа ие және ауданда жұмыс істей алатын мамандарды даярлау.

Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысында 12 IT орталық жұмыс істейді, оның үшеуі ауылдық округтерде ашылған.