«Таза Қазақстан» СҚО тұрғындарын біріктірді: ауқымды сенбілікте Ғабдулла Туқай атындағы болашақ сквер таныстырылды

«Таза Қазақстан» СҚО тұрғындарын біріктірді: ауқымды сенбілікте Ғабдулла Туқай атындағы болашақ сквер таныстырылды

Солтүстік Қазақстан облысында республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында абаттандыру және сенбіліктер бойынша үш айлық басталды. Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, тазалық пен тәртіп бір реттік науқан емес, күнделікті дағдыға және қоғамдық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Дәл осындай ұстаныммен бүгін өңірдің барлық аумағында тұрғындарды, еңбек ұжымдарын, жастар мен жұртшылықты біріктірген сенбіліктер өтіп жатыр.

Бұл күнге Петропавлда ерекше мән берілді. Жабаев көшесіндегі сквер аумағын тазалауға еріктілер, қоғам белсенділері, депутаттар, ардагерлер кеңесінің өкілдері және қала тұрғындары шықты. Барлығы бір мақсатқа - қоғамдық кеңістікті тұрғындар үшін таза, жайлы әрі қолайлы етуге жұмылды. Сенбілікке Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.

«Бүгін сенбілікке кішіден үлкенге дейін барлығы шықты. Бұл - адамдарды біріктіретін ортақ игі іс. Болашақта бұл скверге Туқай есімі берілетініне студенттер мен еріктілердің қуанып жүргені көрініп тұр. Біз аумақты тазалап, ағаш отырғызып, «Таза Қазақстан» бағдарламасына қатысып, қаланы абаттандыруға өз үлесімізді қосып жатырмыз. Осы бастама үшін ел Президентіне алғыс айтамын. Мұндай жұмыстардың тек қалада ғана емес, ауылдарда да жүргізіліп жатқаны маңызды. Әсіресе балалар мен жастарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға баулитын «Мөлдір бұлақ» бағдарламасы да бар. Осындай бастамалар адамгершілікке тәрбиелейді. Біз мұндай істерге әрдайым қатысамыз және жастарға: бұл - сендердің болашақтарың, бұл - сендердің қалаларың, деп айтып жүреміз», - деді Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Құдайберген Калиев.

Күннің басты оқиғаларының бірі - көрнекті татар ақыны, қоғам қайраткері және түркі әдебиетінің классигі Ғабдулла Туқайдың құрметіне аталуы ұсынылған болашақ ескерткіштің эскизі мен сквердің жаңартылған келбетін таныстыру болды. Бұл бастаманың терең символдық мәні бар. Ғабдулла Туқай Мағжан Жұмабаевтың рухани шабыт көзіне айналып, оның поэзиясын ұлттық ояну мен туған сөздің қуаты идеяларына бағыттады. Сондықтан Мағжан орталығының маңында Туқай атындағы сквердің пайда болуы рухани және мәдени сабақтастықтың белгісі ретінде қабылданады. Сондай-ақ 2026 жылдың татар әлемінде Ғабдулла Туқай жылы болып жариялануы да айрықша мәнге ие.

«Бүгін «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында біз жай ғана сенбілікке шығып, тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқан жоқпыз, біз тарихқа, мәдениетке және туған қалаға деген құрметімізді көрсетіп жатырмыз. Дәл осы жерде өмірі Қазақстанмен тығыз байланысты болған көрнекті татар ақыны Ғабдулла Туқайға ескерткіш орнатылатыны өте символдық мәнге ие. Оның шығармашылығы Мағжан Жұмабаевқа да әсер еткен. Сондықтан бұл орын біз үшін ерекше рухани әрі тарихи маңызға ие», - деді «Дуслык» татар-башқұрт қоғамдық орталығының мүшесі Закиржан Мамлютов.

Бұл күні жастарға да ерекше рөл берілді. Еріктілер «Таза Қазақстан» символикасы бар жарқын киім киіп, тақырыптық жалаулар мен акция атрибутикасымен шықты. Сенбілікке қатысушылар арнайы дайындалған мольбертке өз тілектерін қалдырып, қалалық ортаны жақсартуға бағытталған бастамаларға қолдау білдіре алды.

«Бүгін мұнда ағаш отырғызу жұмыстары өтіп жатыр. Сонымен қатар осында мольберт қойылған, онда әрбір қатысушы елімізге, қаламызға деген тілегін жазып, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасы туралы өз ойын қалдыра алады. Біз бұл бағыттағы жұмысымызды бұған дейін де бастағанбыз, бірақ биыл алғаш рет осындай ауқымды сенбілікке қатысып отырмыз», - деді «Ассамблея жастары» РҚБ СҚОФ төрайымы Дариға Смаилова.

Акцияның қорытындысы шырша көшеттерін отырғызумен аяқталды. Ағаш отырғызуға өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов пен Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев те қатысты. Жаңа ағаштар аумақты абаттандыруға және облыс орталығының жайлы әрі жасыл келбетін қалыптастыруға тағы бір үлес болады.

СҚО-дағы «Таза Қазақстан» - бұл тек ауқымды экологиялық акция ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың жаңа мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыс. Ал бүгінгі Петропавлдағы акция қаланың тазалығына қамқорлық жасауды ұлы тарихи тұлғалардың рухани мұрасына деген құрметпен ұштастырған, терең қоғамдық әрі мәдени мәні бар оқиғаға айналды.

«Біз, Петропавл қаласының тұрғындары, сенбілікке шықтық, бұл игі іс бүгінде дәстүрге айналды. Жақсы еңбек еттік. Айналада шынайы, достық, жылы атмосфера орнады. Адамдар бүгін көтеріңкі көңіл-күймен, жақсы ниетпен келді. Мұның бәрі туған қаламызды жақсы көретіндігімізден және оны таза күйінде көргіміз келетіндігінен. Таза Петропавл - Таза Қазақстан!», - деді СҚО ҚХА мүшесі Құдайберген Афандиев.

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының барлық аудандарында сенбіліктер өтіп жатыр. 28 наурыздан бастап өңірде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы үш айлық басталды. Жыл басынан бері экологиялық акцияларға 37 мың адам қатысты. 18 мыңнан астам аула аумағы тазартылып, 392 тарихи-мәдени ескерткіш, 211 саябақ пен сквер ретке келтірілді, 12,8 мың тонна қоқыс шығарылды.

Алда ауқымды жұмыстар жалғасады: облыста 35,5 мың ағаш пен 13 мың бұта отырғызу, 90 мыңға жуық ауланы және 70 демалыс аймағын абаттандыру жоспарланып отыр.