СҚО-да 2025 жылғы өнеркәсіп, инвестиция және бизнес дамуының қорытындылары шығарылды

СҚО-да 2025 жылғы өнеркәсіп, инвестиция және бизнес дамуының қорытындылары шығарылды

**СҚО-да 2025 жылғы өнеркәсіп, инвестиция және бизнес дамуының қорытындылары шығарылды**

Солтүстік Қазақстан облысында 2025 жылдағы өнеркәсіп, кәсіпкерлік және инвестициялық қызметтің даму қорытындылары шығарылып, 2026 жылға арналған негізгі басымдықтар айқындалды. Өткен жыл өңір үшін сапалы өзгерістер кезеңі болды: облыс аграрлық өңір ретінде ғана емес, индустриялық дамып келе жатқан аймақ ретінде де өз ұстанымын нығайтып келеді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 942,4 млрд теңгені құрады, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 19,9%-ға жоғары. Өсім қолданыстағы кәсіпорындардың тұрақты жұмысы мен жаңа инвестициялық жобалардың іске асырылуы есебінен қамтамасыз етілді. Негізгі қозғаушы күш өңдеуші өнеркәсіп болып отыр, оның үлесіне саланың жалпы құрылымының 87%-ы тиесілі - 820,1 млрд теңге. Бұған тамақ өнеркәсібі мен машина жасау кәсіпорындары елеулі үлес қосып отыр.

Жоғары өсім қарқынын машина жасау секторы көрсетуде. «ЗИКСТО» ЖШС-нің өндіріс көлемі 35,8%-ға артып, 169,8 млрд теңгеге жетті, кәсіпорында 149 жолаушылар вагоны шығарылды. Сондай-ақ «СТ ЭССЕМБЛИ» ЖШС 41%-ға, «Петропавл электротехникалық зауыты» ЖШС 27,2%-ға, ал «Авагро» ЖШС 53,8%-ға өсім көрсетті. Кәсіпорындардың тапсырыс портфелі 300,7 млрд теңгеге дейін ұлғайды, бұл өндірістік қуаттардың тұрақты жүктелуін қамтамасыз етіп, одан әрі өсудің негізін қалыптастырады. 2026 жылы өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемін 1 трлн теңгеден асыру жоспарланып отыр.

Инвестиция тарту мәселесіне де айрықша назар аударылуда. Қазіргі таңда Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада жалпы сомасы шамамен 900 млрд теңгені құрайтын 51 жоба ұсынылған. 2025 жылы өңір экономикасына 609 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 103,9%-ды құрады. Жеке инвестициялардың үлесі 72% болды. 2025 жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 160,9 млн АҚШ долларына жетіп, белгіленген жоспардан екі еседен астам асты.

Жыл ішінде облыста жалпы сомасы 60,3 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жоба іске қосылды. Ірі жобалардың қатарында «ЗИКСТО» ЖШС-нің вагон-платформалар шығаратын цехының ашылуы бар, оған 23 млрд теңге инвестиция салынып, 309 жаңа жұмыс орны құрылды. «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағының аумағында құны 11,3 млрд теңге болатын «Eco Glade» ЖШС-нің саңырауқұлақ фермасы да жұмысын бастады.

Шетелдік инвесторлармен белсенді жұмыс жалғасуда. Қытай компанияларымен бірлесіп агроөнеркәсіп саласы мен логистика бағытындағы жаңа жобалар пысықталуда. Тайынша ауданында Kazakhstan National Transportation Group және Gansu Logistics Group компанияларының қатысуымен элеватор мен жемдік ұн өндіретін зауыт салу жоспарлануда. Сонымен қатар астық сақтау қоймалары мен элеваторларға арналған жабдықтар өндірісін жергіліктендіру мәселесі қарастырылып жатыр.

Өңірдің инвестициялық саясатында «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағы маңызды рөл атқарады. Оның аумағында жалпы сомасы 34,5 млрд теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылып, шамамен 749 жұмыс орны құрылды. АЭА біртіндеп Солтүстік Қазақстанның логистикалық және өндірістік хабына айналып келеді. Өткен жылы ірі инвестициялық жобаларды орналастыруға бағытталған үш жаңа субаймақ құрылды.

Ірі жобалардың қатарында катарлық Ultradecor компаниясының құны 96,7 млрд теңге болатын ДСП және ЛДСП плиталарын өндіретін ағаш өңдеу кәсіпорнының құрылысы, сондай-ақ түркиялық YDA Group компаниясының қатысуымен жалпы сомасы 104 млрд теңге болатын тыңайтқыштар мен пестицидтер шығаратын агрохимиялық кешеннің құрылысы бар.

Перспективалы экологиялық бастамалардың қатарында «Техноэкопарк» жобасы ерекше аталады. Оның құрамына қоқыс сұрыптау кешені, қағаз бұйымдары фабрикасы, картон комбинаты және металл-пластик бұйымдарын шығаратын зауыт кіреді. Жалпы инвестиция көлемі 54,4 млрд теңгені құрайды, 500-ден астам жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Сонымен қатар өңірде туризм саласы да дамып келеді. 2025 жылдың тоғыз айында облысқа 133,8 мың турист келген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,1%-ға көп. Көрсетілген қызметтер көлемі 26,3%-ға артып, 2,4 млрд теңгеге жетті. Туристерді тартудың негізгі орталығы болып Имантау-Шалқар курорттық аймағы қалып отыр. Мұнда инфрақұрылымды дамыту, жаңа жолдар салу және қонақүй бизнесі саласындағы жобаларды іске асыру жалғасуда.

Өңірде шағын және орта бизнеске белсенді қолдау көрсету де жалғасып жатыр. Бүгінде облыста 35 мыңнан астам ШОБ субъектісі жұмыс істейді. 2025 жылы кәсіпкерлікті қолдауға 9,7 млрд теңге бағытталды. 69 жобаға субсидия беріліп, бизнесті дамыту үшін кепілдіктер мен гранттар ұсынылды. 2026 жылы қолдау шаралары, оның ішінде «Іскер Аймақ» жаңа бағдарламасы мен «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жалғасатын болады.

2026 жылы өңір алдында негізгі бағыттар бойынша оң динамиканы сақтау міндеті тұр - өнеркәсіпті дамыту, инвестиция тарту, қайта өңдеуді кеңейту, кәсіпкерлікті қолдау және туристік жобаларды іске асыру.