СҚО-да ормандарды қорғау жүйесі нығайтылуда - орман шаруашылықтарына 51 бірлік жаңа техника берілді

СҚО-да ормандарды қорғау жүйесі нығайтылуда - орман шаруашылықтарына 51 бірлік жаңа техника берілді

Солтүстік Қазақстан облысында өңірдің орман шаруашылықтарына жаңа арнайы техниканың кілттері салтанатты түрде табысталды. Орман саласының материалдық-техникалық базасын ауқымды жаңарту - осы салаға көрсетілген ең ірі қолдау шараларының бірі болды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экология, табиғи ресурстарды сақтау және ұтымды пайдалану мәселелері мемлекет пен қоғам тарапынан жүйелі көзқарас пен жауапкершілікті талап ететінін бірнеше рет атап өткен. Бұл тақырып экологиялық тепе-теңдікті сақтау және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін ерекше маңызға ие.

Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы лизинг тетігі бойынша облыстың орман шаруашылықтары үшін жалпы құны 3,6 млрд теңгені құрайтын 107 бірлік арнайы техника сатып алынуда. Жаңа техника ормандарды өрттен қорғау, орман шаруашылығы жұмыстарын жүргізу және орман қорына күтім жасау үшін пайдаланылатын болады. Өңірдің орман шаруашылықтарына жаңа арнайы техниканың кілттерін облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов салтанатты түрде табыстады.

«Өткен жылы 27 шағын орман өрт сөндіру кешенінің кілттері табысталған болатын. Бүгін біз орман шаруашылықтарына тағы 51 бірлік трактор техникасын тапсырып, кілттерін салтанатты түрде табыстап отырмыз. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде орман шаруашылықтарының техникалық жарақтандырылу деңгейі 60%-дан 75%-ға дейін артады. Сала алдында маңызды міндеттер тұр - орман өрттерінің алдын алу, ормандарды қалпына келтіру және молықтыру, биологиялық әртүрлілікті сақтау, сондай-ақ табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану», - деп атап өтті облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов.

Жаңа Конституция жобасында экологиялық жауапкершілік пен елдің табиғи байлықтарын ұтымды пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылады. Негізгі заң табиғи ресурстарға ұқыпты қарау қағидатын бекітеді. Орман шаруашылықтарының техникасын жаңарту сияқты шаралар орманды қалпына келтіру жұмыстарын, өртке қарсы іс-шараларды және орман қорына күтім жасауды тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл экологиялық тұрақтылыққа бағытталған стратегиялық курсқа сәйкес келеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және облыс әкімінің қолдауымен материалдық-техникалық базаны күшейтуге қаражат бөлінуде. Бүгін 51 трактордың кілттері табысталды - оның ішінде 26 бірлік МТЗ және 25 LOVOL. Бұдан бөлек, мамыр айында ормандарды қорғауға арналған тағы 29 өрт сөндіру көлігін сатып алу жоспарланып отыр. Мұндай қолдау көптен бері болмаған, ол айқын сезіледі. Мұны осы салада 30-40 жыл еңбек етіп жүрген қызметкерлер де атап өтуде», - деді табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ерболат Бекшенов.

Бүгінде өңірдің 12 орман шаруашылығында 700-ден астам адам еңбек етеді. Салада даму қарқыны оң сипатта байқалады, орман қорын қорғау және табиғи өрттердің алдын алу бағытында жаңа технологиялар енгізілуде. Мамандардың айтуынша, жаңа техника олардың жұмысын едәуір жеңілдетеді.

«Біздің орман шаруашылығына бес бірлік техника берілді - оның үшеуі LOVOL тракторы, екеуі МТЗ. Біз Уәлиханов, Ақжар, Тайынша аудандарының және Айыртау ауданының бір бөлігінің аумағында жұмыс істейміз. Ұжымда 46 адам еңбек етеді және шамамен 30 маусымдық жұмысшы бар. Техника біз үшін өте маңызды: ол өртке қарсы іс-шараларда, орман мәдениетін қалыптастыру жұмыстарында, минералдандырылған жолақтарды жасау және күтіп ұстауда пайдаланылады. Техника өткен жылы да жаңартылған еді - сол кезде біз автомобиль базасындағы шағын орман кешендерін алған болатынбыз, ал бірнеше жыл бұрын МТЗ тракторлары берілген. Мұндай қолдау шынымен қажет», - деді Орлиногор орман шаруашылығының басшысы Тимофей Семёнов.

Жалпы алғанда, соңғы үш жылда жергілікті бюджеттен орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 800 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаражатқа 79 бірлік арнайы техника сатып алынып, Булаево қаласында орман өрт сөндіру станциясының құрылысы аяқталды.