Қазақстан кино күндері СҚО-да алғаш рет ауылдық жерден бастау алды

Қазақстан кино күндері СҚО-да алғаш рет ауылдық жерден бастау алды

Өңір аумағында республикалық кино күндері ресми түрде ашық деп жарияланды. Жоба Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимское ауылынан басталды. Бұл таңдау ұлттық киноны әрбір көрерменге қолжетімді ету стратегиялық міндетін айқындай түседі.

Сонымен қатар өңірде 11-ші IT-орталықтың ашылуы да қуантарлық жайт. Бұл ауылдық жерде креативті индустрия мен цифрлық инфрақұрылымды дамытуға берілген нақты серпін болды.

Өңір басшысының атынан құттықтау сөз сөйлеген Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев креативті индустрияны дамыту өңірдің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мәдени және медиа бастамаларды қолдау - заманауи ортаны қалыптастырудың негізі.

«Кино мен медианы қолдау жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады, жұмыс орындарын құруға және заманауи мәдени ортаны қалыптастыруға ықпал етеді. Қабылданғалы отырылған Жаңа Конституция әділеттілік, тең мүмкіндіктер және мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігі қағидаттарын бекітеді. Бүгінгі іс-шаралар - осы нормалардың нақты жүзеге асуының бір көрінісі. Ауыл да ірі қалалармен бірдей даму мүмкіндіктеріне ие болуға тиіс», - деді Руслан Әлішев.

Апта бойы өңір тұрғындары мемлекеттің қолдауымен түсірілген үздік қазақстандық фильмдерді тамашалай алады. Облысқа барлығы 10 туынды әкелінді. Бағдарлама қазіргі қазақстандық киноның жанрлық және мазмұндық әр алуандығын көрсетеді. Өткен жылы жоба аясында кино түсірілімдерді шамамен 2 миллион көрермен тамашаласа, соның ішіндегі 55 мыңы солтүстікқазақстандықтар болатын.

«Республикалық кино күндері - көрермендерді отандық фильмдермен таныстырып, ұлттық кинематографияға әр азаматтың жақын болуына мүмкіндік беретін ауқымды мәдени шара. Жоба Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары , Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның тапсырмасымен жүзеге асырылуда. Ол ұлттық киноны дамытуға ерекше көңіл бөліп, елдің мәдени ортасын нығайтуға бағытталған бастамаларды белсенді қолдап келеді», - деді Кино орталығы басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.

Ашылу салтанатында «Капитан Байтасов» фильмі көрсетілді. Туынды шынайы оқиғаларға негізделіп, Халық Қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігіне арналған. Көрсетілімді ҚР ішкі әскерлерінің ардагерлері, қоғам қайраткерлері, аудандық «Ел тірегі» әскери-патриоттық клубының өкілдері тамашалады. Жас көрермендер фильмнің болашаққа, жауапкершілік және өмірлік таңдау туралы терең ой салатынын атап өтті.

«Бүгін «Капитан Байтасов» фильмін көрдік. Бұл - террористерді залалсыздандырып, адамдарды құтқару жолында өз өмірін қиған полиция қызметкері туралы туынды. Біз үшін бұл фильмнің маңызы зор. Бас кейіпкер адамзаттың өз халқы үшін қандай жанқиярлыққа бара алатынын айқын көрсетеді. Әсіресе, жастар көріп, ой түсе деп ойлаймын», - дейді оқушы Айсұлу Қалиақпарова.

Кино күндері аясында аудандық «Digital Zerde» креативті IT-орталығы жанынан Цифрлық музей де ашылды. Бұл облыстағы 11-ші орталық. Интерактивті кеңістікке келушілер заманауи технологиялар арқылы аудан тарихымен танысып, туған өлке туралы өз контентін жасай алады.

Жоба Мемлекет басшысының V Ұлттық құрылтай отырысында жүктеген тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылуда. Аталған жиында цифрландыру, креативті индустрияны дамыту және мәдени бірегейлікті нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылған болатын.

Облыс әкімі аппаратының басшысы атап өткендей, бұл ашылудың символдық мәні бар, яғни заманауи фильмдер мәдени бірегейлік пен цифрлық шешімдерді ұштастыра отырып, жастардың шығармашылық әлеуетін ашады және дамыта түседі.

Өңір бойынша ашылып жатқан IT-орталықтар шығармашылық ізденіс пен жігер нысандарына айналып қана қоймай, әрбір солтүстікқазақстандықтың тең мүмкіндіктерге ие екенінің нақты дәлелі болып отыр. Орталық әр қатысушының өз бастасын жүзеге асыруға, түрлі жобаларға қатысуға және кәсіби болашағын қалыптастыруға жолын ашады.