
Солтүстік Қазақстан облысы кітапханалары 2026 жыл – цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында заманауи цифрлық хабтарға айналуда. Өңірде кітапханалар тек оқу орны ғана емес, жаңа технологияларды меңгеретін білім беру және инновациялық орталық ретінде дамып келеді.
Бұл өзгерістердің бастамашысы – Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы. Мұнда «РАБИС» автоматтандырылған жүйесі мен «Qyzylzhar kitaphanasy» электронды кітапханасы енгізіліп, өлкетану қорлары мен сирек басылымдарды жүйелі түрде цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде облыс тұрғындары жергілікті және ұлттық цифрлық ресурстарға қашықтан қол жеткізе алады.
2025 жылдың ақпан айында өңірде еліміздегі алғашқы кітапханалық нейроассистент «AI Zhan» іске қосылды. Ол OpenAI технологиялары негізінде әзірленген. Виртуалды көмекші тәулік бойы жұмыс істеп, оқырмандарға кітап таңдауға, электронды каталогтарды пайдалануға және цифрлық қызметтерді меңгеруге көмектеседі.
Жасанды интеллект элементтері кітаптарды автоматты индекстеуде, цифрлық архивтер құруда және интерактивті жобаларды жүзеге асыруда қолданылуда. Атап айтқанда, Сәбит Мұқановтың мұрасын насихаттауға және Шоқан Уәлиханов пен Фёдор Достоевский арасындағы хат алмасуға арналған жобалар әзірленген.
Кітапханада «Мейкерспейс» алаңы жұмыс істейді. Мұнда жастар робототехника, 3D-модельдеу және виртуалды шынайылық технологияларын тегін меңгере алады. 2026 жылдың қаңтарынан бастап кітапханаларда QR-код арқылы қызмет көрсету жүйесі енгізіліп, оқырмандарды тіркеу онлайн форматқа көшірілді.
Сондай-ақ ауыл кітапханаларын қолдауға ерекше мән берілуде. Халықаралық гранттар есебінен мамандардың біліктілігі арттырылып, ауыл кітапханашылары онлайн іс-шаралар өткізіп, телемосттар ұйымдастыруда.
Осылайша, Солтүстік Қазақстан облысында кітапханалар заманауи цифрлық ортаға айналып, қала мен ауыл тұрғындарына тең мүмкіндік ұсынатын білім мен технология орталығы ретінде дамып келеді.