СҚО-да Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері студенттермен кездесті

СҚО-да Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері студенттермен кездесті

Солтүстік Қазақстан облысында Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері Kozybayev University студенттері мен оқытушыларымен кездесті. Өңірде конституциялық өзгерістерді талқылау бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Ашық диалог алаңында 500-ден астам адам бас қосты.

Кездесу барысында Негізгі заң жобасының негізгі ережелері және оны әзірлеудегі қоғамдық қатысудың рөлі талқыланды. Мемлекет басшысы жастар қоғамдық үдерістердің белсенді қатысушысы болуы тиіс екенін бірнеше рет атап өткен. Осыған байланысты студенттермен кездесулер конституциялық реформа бойынша түсіндіру жұмысының маңызды бөлігі болып қала береді. Кездесу ашық талқылау форматында өтті: спикерлер студенттерге алдағы өзгерістер туралы айтып, қоғам сұраныстары мен қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескере отырып Негізгі заңды жаңғыртудың қажеттілігін атап өтті.

«Конституцияға енгізілетін өзгерістер — әрдайым тарихи кезең. Бұл техникалық түзету емес, мемлекеттік басқару мен қоғамдық дамудың философиясын қайта қарау. Қазіргі конституциялық үдерістің сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге ие екенін атап өткен жөн. Конституция жобасы азаматтар, саяси партиялар, ұйымдар, сарапшылар мен ғылыми қауымдастық қатысқан ауқымды қоғамдық талқылау нәтижесінде комиссия тарапынан әзірленді. Бұл — мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі негізіндегі кең қоғамдық диалогтың нәтижесі», — деді Конституциялық комиссия мүшесі Владимир Бубенко.

Ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтіп, заң үстемдігі, биліктің ашықтығы мен есептілігі қағидаттарын бекітетіні атап өтілді. Жаңа Негізгі заңды қабылдау мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі ретінде қарастырылатындықтан, әрбір азаматтың пікірі маңызды.

«Конституциялық комиссияның отырыстары тікелей эфирде көрсетілді. Осы арқылы халықты ақпараттандыруды мақсат еттік. Көптеген ұсыныстар мен пікірлер талқыланды. Жаңа Конституция жан-жақты қарастырылды», — деп толықтырды Конституциялық комиссия мүшесі Ерлан Токшылық.

Негізгі заң азаматтардың құқықтары мен міндеттерін, билік жұмысының қағидаттарын және мемлекеттің құндылықтар жүйесін айқындайды. Бұл мәселелер жастарға тікелей қатысты — олардың білім алуы, кәсіби дамуы және өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктері. Кездесу барысында студенттік қауымдастық өкілдері де өз пікірлерімен бөлісті.

«Барлығы Қазақстанның өзінің идеологиясын, даму бағытын таңдауына негізделген. 1995 жылы қабылданған Конституция мен қазіргі ұсынылып отырған жоба — мемлекеттік басқарудың екі түрлі моделі. Шын мәнінде біздің өміріміз, білім алуымыз, тегін медициналық көмек алуымыз — барлығы конституциялық құқықтарымыз. Мемлекет адамға бағдарланған бағытта дамып келеді. Мұның бәрі құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттары», — деді студенттік үкімет төрағасы Асанали Жанатұлы.

Кездесуге қатысушылардың айтуынша, университет қауымдастығы дәстүрлі түрде қоғамның зияткерлік тірегі болып саналады, ал студенттермен диалог реформаны жаңа буынның нақты сұрақтары мен күтілімдері арқылы талқылауға мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, Қазақстанда конституциялық реформа бойынша республикалық референдум 15 наурызда өтеді.