«Құқық векторы»: СҚО-да пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетілді

«Құқық векторы»: СҚО-да пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетілді

Петропавл қаласында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға арналған «Құқық векторы» акциясы өтті. Іс-шара «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды. Негізгі мақсат - әлеуметтік бейімделуге қолдау көрсету, құқықтары мен мемлекеттік қолдау мүмкіндіктерін түсіндіру, сондай-ақ қайталама құқық бұзушылықтардың салдары туралы ескерту.

Іс-шараға әлеуметтік-құқықтық блок өкілдері, адвокаттар, банк жүйесінің мамандары және өзге де құзыретті тұлғалар тартылды. Формат барынша практикалық түрде құрылды: қатысушылар жалпы ұсынымдарды тыңдап қана қоймай, жұмыспен қамту, құжаттарды қалпына келтіру, сондай-ақ қаржылық және құқықтық мәселелер бойынша нақты, мекенжайлы кеңес ала алды.

«Іс-шараға әлеуметтік-құқықтық блоктың мемлекеттік органдары, адвокаттар, банк жүйесінің мамандары және өзге де құзыретті тұлғалар тартылды. Қазіргі уақытта сотталғандарға өмірлік маңызы бар мәселелерді түсіндіру бойынша қызметтер жедел әрі сапалы көрсетілуде. Акция шамамен 500 есептегі адамды қамтиды. Біз әрбір сотталған адамның түзелу жолына түсіп, еңбекте, отбасында және қоғамда өз орнын табуына мүдделіміз», - деді Петропавл қаласының прокуроры Ғалымжан Әубәкіров.

Кездесуге пробациялық бақылауда тұрған азаматтар келді. Акция барысында қатысушыларға әлеуметтік төлемдерді алу тәртібі, жұмыспен қамту мүмкіндіктері, медициналық қызмет көрсету мәселелері түсіндірілді, сондай-ақ пробациялық бақылау талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік туралы еске салынды.

«Ашық диалогқа ерекше назар аударылды: сотталған адам қажетті мемлекеттік органға келіп, өзін қызықтырған сұрағын қойып, орнына білікті, қолжетімді және түсінікті жауап алу мүмкіндігіне ие болды. «Құқық векторы» акциясын өткізу заңға құрметті қарым-қатынасты қалыптастыруға, қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға және сотталғандарды қоғамға табысты кіріктіруге ықпал етеді, бұл толықтай «Заң және тәртіп» бағдарламасына сәйкес келеді», - деп қосты Петропавл қаласы пробация қызметі бөлімінің бастығы орынбасары Мадина Елжасова.

Кездесудің бөлек блогы кәсіпкерлікті қолдау шараларына арналды. Қатысушыларға «Даму» қорының мүмкіндіктері, соның ішінде оқыту бағдарламалары мен қаржылық жүктемені азайта отырып, кәсіп бастауға немесе дамытуға көмектесетін құралдар туралы айтылды.

««Даму» қоры кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаудың негізгі түрлерін ұсынады, оның ішінде кредиттік ресурстарға қолжетімділікті кеңейтуге және кәсіпкерлердің қаржылық жүктемесін төмендетуге бағытталған кепілдендіру және жеңілдетілген қаржыландыру құралдары бар. Кепілдендірудің 2 құралы енгізілген: кепілдік қоры-1 - кредит сомасы 7 миллиард теңгеге дейінгі жобалар үшін, ал кепілдік қоры-2 - қаржыландыру көлемі 7 миллиард теңгеден жоғары ірі инвестициялық жобалар үшін. «Өрлеу» бағдарламасы - жылдық мөлшерлемесі 12,6%-дан аспайтын жеңілдетілген қаржыландыру. Субсидиялау - мемлекет шағын бизнес үшін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің 40%-на дейінін жабады», - деді СҚО бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры филиалы директорының орынбасары Серікбек Саржан.

Негізгі басымдық ашық диалогқа берілді: әрбір қатысушы сұрағын қойып, мамандардан - артық формальдылықсыз және күрделі тұжырымдарсыз - түсінікті, тәжірибеге бағытталған жауап ала алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай қолдау есепте тұрған адамдарға тезірек бейімделуге, жұмыс табуға және қоғамда тұрақты тірек қалыптастыруға көмектесіп, қайталама құқық бұзушылық тәуекелін төмендетеді.