
Солтүстік Қазақстан облысында «Тұқым күні «Тұқым-2026. Қызылжар» атты ауқымды II Халықаралық конференция-көрме өтті - бұл өңірдегі ең ірі аграрлық оқиғалардың бірі. Жоғары технологиялы алаң ғалымдарды, селекционерлерді, өндірушілерді және түрлі елдерден келген компания өкілдерін біріктірді, ал іс-шараға 300-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қатысты.
Тұқым шаруашылығын дамыту мемлекеттік аграрлық саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. «Тұқым. Қызылжар» халықаралық конференциясы қатарынан екінші жыл өткізіліп, жетекші отандық және шетелдік сарапшыларды жинап отыр. Алаңда ел үшін өзекті тақырып - агробизнесті дамыту мен жердегі еңбекке құқықтық кепілдіктерді айқындайтын жаңа Конституция жобасын бүкілхалықтық талқылау мәселесі де көтерілді. Елдің жаңартылған Ата заңы - өзгерістерге және Қазақстанның одан әрі дамуына деген сұранысқа берілген жауап, жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі қағидаттары мен бағыттарын бекітеді.
«Бүгінгі форумның күн тәртібін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Конституциясы аграрийлердің қызметіне құқықтық негіз қалыптастыратынын атап өткім келеді: жерге және өндіріс құралдарына жеке меншік құқығына, кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне кепілдік береді. Халықаралық көрме-конференцияның өткізілуі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, инновацияларды енгізу, озық тәжірибе алмасу және аграрлық саладағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытындағы мемлекеттік басымдықтардың жүзеге асуының айқын дәлелі. Бұл міндеттер Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтарға толық сай келеді», - деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Алаңға қызығушылықтың жоғары болуы түсінікті: өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс аграрийлері 6 млн тоннадан астам астық және 1,3 млн тонна майлы дақыл жинады - бұл елдегі ең жоғары көрсеткіш. Мұндай нәтиже СҚО аграрийлерінің әріптестерімен бөлісер тәжірибесі мол екенін көрсетеді. Өңір АӨК-дегі өзгерістерді жермен жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан мамандар ерекше сезінеді. «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына және «Отан» орденіне ие болған «Зенченко и К» ЖШС бас директоры Геннадий Зенченко мемлекеттің жүйелі қолдауының арқасында СҚО ауыл шаруашылығы жаңа деңгейге көтерілгенін айтты.
«Ақпан айы, біз тұқым туралы айтып отырмыз - демек, егіс науқанына жақындай түстік. Осындай күні 10 жыл бұрынғы жағдайды еске алып, кім не туралы ойлағанын қайта саралағым келеді. Ол кезде, меніңше, сұрақтар көп еді: қаржыны қайдан табамыз, несиелерді қалай жабамыз, ертең қосалқы бөлшек сатып алуға қаражатты қайдан аламыз. Бүгінде бұл мәселелер шешілді, әсіресе соңғы екі жылда. Қазір біз тұқымды талқылап отырмыз. Мұндай тәжірибе, бәлкім, әлемнің еш жерінде жоқ шығар: желтоқсанда есеп айырыссаң - жаңа несиелеу ашылады. Біз тыңайтқыштың үлкен көлемін алдық, әсіресе біздің облысқа көп бөлінді. Мұның үлкен жауапкершілік екенін түсіндік. Себебі мемлекеттен бар көмекті алып, мәселелерді шешпеу - дұрыс емес. Біз сіздермен бірге бұл міндетті орындадық, бұрын-соңды болмаған өнімге жеттік, дәлелдедік: жерге нағыз фермерше қарап, қажырмен еңбек етсең, жақсы нәтиже алуға болады - жер әрдайым еңбекті ақтайды», - деп атап өтті Геннадий Зенченко.
«Тұқым күні» бағдарламасының практикалық бөлігі дәстүрлі түрде технологиялардың айналасында құрылады. Конференция аясында агроөнеркәсіптік сектордың мамандандырылған көрмесі ұйымдастырылды: компаниялар тұқым, өсімдіктерді қорғау құралдары, ауыл шаруашылығы техникасы, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенге арналған цифрлық шешімдерді ұсынды.
«Көрме біз үшін дәстүрге айналып келеді. Бұл көрменің артықшылығы - ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімізге үздік тұқым іздеп шетелге, Еуропа мен Азияға барудың қажеті жоқ. Біз ең үздік өндірушілерді өз өңірімізге шақырдық. Мұнда 15 елдің өнімі ұсынылған. Конференцияға әлемдік көшбасшылар қатысып отыр», - деді ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Даурен Токужинов.
Конференцияның жеке бір бағыты - халықаралық тәжірибе алмасу. Алаң жұмысына Германия, Ресей, Франция, Қытай және Австриядан келген өкілдер қатысты. Ғылыми баяндамалар мен презентациялар солтүстік өңірлер үшін ең перспективалы саналатын нақты технологиялар мен дақылдарға арналды. Шетелдік сарапшылардың баяндамалары қатарында РФ АӨК-нің құрметті қызметкері Максим Чекусов сөз сөйлеп, Омбы АНЦ-нің қазақстандық кәсіпорындармен ынтымақтастығының тәжірибесі мен нәтижелерін ұсынды. Сондай-ақ конференцияда Қытай компаниясының бас директорының кеңесшісі де баяндама жасады.
«Қазақстанның солтүстік өңірлерінде дәндік жүгеріні жоғары тиімділікпен өндіруге арналған кешенді шешімдер тақырыбында сөз сөйлеу мен үшін үлкен мәртебе. Біз жоғары ендіктерде және төмен температура жағдайында жүгері өсіруге маманданамыз. Қытайдың климаттық жағдайлары солтүстіктегі үш облыстың жағдайымен ұқсас. Біз Қазақстанға Қытайдың ең озық технологияларын және табысты практикалық тәжірибесін енгізуге ұмтыламыз», - деп бөлісті Қытайдан келген спикер Цзян Цзинцзин.
Көрмеде жергілікті селекцияның бірегей әзірлемелері де таныстырылды. Соның бірі - жұмсақ бидайдың «Семёновна» сұрпы. Атауы кездейсоқ қойылмаған: сұрып өңірдің аграрлық ғылымын дамытуға елеулі үлес қосқан солтүстікқазақстандық селекционер Ольга Семеновна Гаастың құрметіне аталған. Мамандардың айтуынша, өңірде жұмыс жүйелі жүргізілуде: облыстық ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы жыл сайын 8 мыңнан астам бидай үлгісін сынақтан өткізеді, ал өткен жылдың қорытындысы бойынша 12,1 мың тонна түпнұсқа және элиталық тұқым өндірген.
«Біздің «Семеновна» сұрпы жақсы төзімділігін көрсетті. Өнімділігі жоғары болды. Тұқым шаруашылығында 44 ц/га өнім берді, ал өндірісте - шамамен 33 ц/га. Сұрып әсіресе біздің өңірде өте танымал. Көрмеде оны 2022 жылдан бері ұсынып келеміз», - деді тәжірибе стансасының ғылыми қызметкері Виктория Абдулина.
Қызықты бастамалар тек аграрийлер мен селекционерлерден ғана емес. Жобасын жергілікті университет те ұсынды: жем сапасын талдауға арналған аналитикалық жабдық көрсетілді. Бұл шешім қабылдауды жеделдетеді: шикізат құрылғының арнайы бөлігіне салынады да, бір минут ішінде сапалық көрсеткіштер бойынша толық есеп дайын болады.
«Біздің жобаларға университет ғалымдарымен бірге білім алушылар да қатысады. Жабдық биыл сатып алынды және қазірдің өзінде бірқатар шаруашылық өз жемдерін әкеліп, біз көрсеткіштер бойынша бақылау тексерулерін жүргіздік. Жалпы қызығушылық бар - өңір фермерлері бізбен осы бағытта бірге жұмыс істеп келеді», - деді Агротехнология факультетінің деканы Алтын Шаяхметова.
СҚО аграрлық салада қарқын алып келеді. Осы тұрғыдан алғанда «Тұқым. Қызылжар» жай ғана салалық іс-шарадан да кең ұғымға айналып отыр: өңір тәжірибе алмасуға арналған халықаралық алаң мәртебесін күшейтіп, білім мен жаңа шешімдердің тартылыс нүктесіне айналуда - мұнда тың идеялар теорияда емес, ғалымдар, селекционерлер мен фермерлердің тікелей диалогында туындайды.