
Петропавл қаласындағы көше-жол желісінің жалпы ұзындығы 366 шақырымды құрайды. Қысқы кезеңде жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру мақсатында қала аумағы тоғыз секторға бөлінген. Қазіргі уақытта жолдарды тазалау және күтіп-ұстау жұмыстарына 100-ден астам арнайы техника жұмылдырылып, қажеттілікке қарай олардың саны 170-ке дейін жеткізіледі.
Қар тазалау жұмыстары жоспарлы режимде жүргізілуде. Алдымен магистральдық көшелер, тротуарлар және әлеуметтік нысандарға апаратын жолдар тазаланады. Қысқы маусым басталғалы бері қала аумағынан 190 мың текше метр қар шығарылған.
Жолдарды күтіп-ұстаумен айналысатын мердігер ұйымдар жыл сайын техника паркін жарамды күйде сақтауға және жаңартуға басымдық береді. Соның бірі жаңа жыл қарсаңында арнайы техникаларын толықтырып, 2026 жылдан бастап Петропавл көшелерінде қар тазалау жұмыстарына жаңа машиналарды қосты.
Мысалы, ТОО «КазМехМонтаж» серіктестігінің қарамағында 40-тан астам техника бар. Олардың қатарында автогрейдерлер, МТЗ базасындағы щеткалар, көшелерге реагент себуге арналған комбинирленген жол машиналары, МТЗ базасындағы қолмен тазалауға арналған техника және 15 самосвал бар. Барлық арнайы техника GPS-трекерлермен жабдықталған, бұл олардың қозғалыс бағыттарын, орналасқан жерін және жұмыс уақытысын бақылауға мүмкіндік береді. Көшелерді тазалау жұмыстары күн сайын, негізінен түнгі уақытта жүргізіледі, себебі күндіз көлік қозғалысының тығыздығына байланысты жұмыстарды орындау қиындайды. Жеке сектор тұрғындарынан түскен өтініштерді қарау үшін күндізгі арнайы бригада жұмыс істейді.
Сонымен қатар облыс орталығында коммуналдық салада цифрлық бақылау күшейтілуде. Жуырда қар шығару және жолдарды тазалау жұмыстарын есепке алуға арналған жасанды интеллект жүйесінің алғашқы таныстырылымы өтті. Бұл жүйе атқарылған жұмыстардың көлемін автоматты түрде тіркеп, арнайы техниканың қозғалыс маршруттарын талдауға және қар тазалау бойынша көрнекі статистика қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жаңа шешімді енгізу процестердің ашықтығын арттырып, бақылауды жеңілдетуге және қысқы кезеңдегі жұмыстарды тиімді жоспарлауға бағытталған.
Кездесу барысында аталған жүйені қалалық коммуналдық шаруашылық саласында одан әрі енгізу және қолдану мүмкіндіктері де талқыланды.