
Солтүстік Қазақстан облысына жоғары өнімді асыл тұқымды ірі қара мал жеткізу жалғасуда. М. Жұмабаев ауданы аумағындағы қуаттылығы 10 мың басқа дейінгі «СК Агро 2050» ЖШС сүт-тауар фермасына 165 бас голштин тұқымды сиыр әкелінді. Мал әкелу СҚО-да сүтті мал шаруашылығын дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар аясында жүзеге асырылуда. Өңірдегі саланың дамуы мен асыл тұқымды мал жеткізу туралы толығырақ материалдан оқи аласыз.
СҚО-да жаңа фермалар кемінде 600 бастан басталатын табынмен құрылуда - бұл өндірістің тұрақтылығын, еңбек өнімділігінің жоғары болуын және заманауи технологияларды енгізуді қамтамасыз етеді. Осындай фермалардың бірі М. Жұмабаев ауданында жұмыс істеп тұр.
«Біздің ауданда жеті заманауи сүт-тауар фермасы бар. Қазіргі уақытта біз М. Жұмабаев ауданының Советское ауылындағы «СК Агро 2050» сүт-тауар фермасында тұрмыз. Бүгін үшінші партия - 165 бас голштин тұқымды мал келді. Мұның бәрі мемлекеттің жеңілдетілген несиелендіру қолдауы арқылы іске асырылып жатыр. Кешен салуға, жабдық алуға және мал сатып алуға қаражат бөлінді», - деді М. Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары Абай Казисов.
«СҚО тәжірибесін тираждау» бағдарламасы аясында 2023-2025 жылдары республикалық бюджеттен агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларды несиелендіруге 40 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат 44 жобаны іске асыруға бағытталды, оның ішінде 32 жоба - сүт-тауар фермалары. Ең ірі жобалардың бірі - М. Жұмабаев ауданында «СК Агро 2050» ЖШС сүт-тауар фермасын салу. Кешен 10 мың басқа есептелген, жобалық қуаты - жылына 30 мың тонна сүт. Жуырда мұнда жоғары өнімді малдың кезекті партиясы жеткізілді.
«Мал аман-есен келді, оларды неміс мамандары сүйемелдеді. Аязға қарамастан, бұрын келген партиялар өздерін қалыпты сезініп жүр. Жем-шөппен 100% қамтамасыз етілгенбіз. Бүгінгі күнге дейін жалпы 586 бас келді. Голштинді таңдадық, себебі олардың сүттілігі жоғары. СҚО-да осы тұқыммен айналысатын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері бар, сондықтан дәл осы тұқымға тоқтадық. Біздің ферма 3600 бас сауынды табынға есептелген, қосалқы тобымен - 10 мың басқа дейін», - деді «СК Агро 2050» ЖШС директоры Николай Кляйн.
Малды іріктеуді сүт-тауар фермасының қызметкерлері өздері жүргізген. Жануарлар нақты зоотехникалық белгілер бойынша таңдалды. Мамандардың айтуынша, сиырлар ұшақты жақсы көтеріп, жергілікті жағдайға бейімделіп жатыр.
«Бұл - мамандандырылған тұқым, біздің жағдайда тәулігіне 40 литрге дейін сүт береді. Еуропадағы рекордшы сиырлар 50-60 литр береді. Бізде тұқым таңдауға қатысты мәселе болған жоқ. Іріктеуге өзім Германияға бардым. Біз үшін маңызды белгілер бойынша таңдадық: арқасы түзу болсын, аяқтары ұзындау, аяқ қойылымы дұрыс болсын деп қарадық. Зоотехникалық белгілер өте көп. Іріктеу төрт фермада жүргізілді. Одан кейін жануарлар карантинге қойылды. Ол Чехияда бір ай бойы өтті. Ауру немесе биологиялық ауытқуы бар мал жоқ деген оң қорытындыдан кейін оларды автокөлікпен Бельгияға, Льеж қаласына жеткізіп, әрі қарай Қарағандыға ұшақпен әкелді. Қазір жануарлар өздерін жақсы сезінеді, бәрі сау», - деді сүт-тауар фермасының меңгерушісі Владимир Сергеев.
2025 жылы өңірге Украина мен Германиядан 421 бас асыл тұқымды голштин әкелінді. Германиядан жеткізілген кезекті 165 бас әуе көлігімен келді - бұл 2026 жылғы екінші партия, алғашқысы 10 қаңтарда «Буденное СК» ЖШС-ке жеткізілген.
Бүгінде өңірде сүтті мал шаруашылығымен 118-ден астам агроқұрылым айналысады, олардың қатарында өнеркәсіптік стандарттар бойынша жұмыс істейтін 50 заманауи сүт-тауар фермасы бар. Мұндай жобалардың дамуы сапалы сүт өнімдерін өндіру көлемін арттыруға, импортқа тәуелділікті азайтуға және Солтүстік Қазақстан облысының аграрлық секторының экспорттық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.