
Петропавл қаласының Жастар ресурстық орталығының еріктілері жалғызілікті қарттарға қолдау көрсетуді жалғастырып келеді. Бұл жолы олар Жұмысшы кентінде тұратын Лазаревтер отбасына барды. Людмила Петровна мен Михаил Семенович - екінші топтағы мүгедектер. Денсаулықтарына байланысты зейнеткерлерге уақыт өте келе үй шаруасын атқару қиындай түскен.
Қарт жұпқа әлеуметтік қызметкер тұрақты түрде келіп тұрады. Алайда қар тазалау, су әкелу, отын мен көмір тасу сияқты жұмыстарды атқаруға қосымша көмек қажет. Осындай кезде қалалық ЖРО еріктілері Лазаревтерге қол ұшын созады. Добровольшылар бұл отбасыға аптасына бір рет барып тұрады.
«Еріктілер расымен керемет, әрдайым ашық жүрекпен көмектеседі! Отын да, көмір де - бәріне жәрдемдеседі, барлығына көмектеседі. Үлкен рақмет, мың алғыс», - дейді зейнеткер Людмила Лазарева.
Жастар ресурстық орталығының мәліметінше, қазіргі таңда олардың тұрақты бақылауында 30 жалғызілікті зейнеткер бар. Еріктілер әрқайсысына жүйелі түрде барып, көмек көрсетеді. Көбіне еріктілер тобы жас жігіттерден құралса, кейде қыздар да игі іске белсенді қатысады.
«Жігіттер біздің командада шамамен үшінші жыл. Бізде "Көмек жақын" деген еріктілер қозғалысы да бар. Сонымен қатар олар ЖРО-да жұмыс істейді. Кейбірі бізге жастар практикасы арқылы келді. Ал енді бірі осы жолды алғашқы жұмыс орны ретінде таңдады», - дейді Петропавл қаласы ЖРО маманы Айсулу Бекимова.
Қыс мезгілінде еріктілер жұмысының басым бөлігі қар күреуге бағытталады. Ал жазда жастар қарттарға ауладағы және бақшадағы жұмыстарға көмектеседі - жер қазу, өсімдік отырғызу сияқты шаруаларды атқарады.
Жастар бастамаларына жергілікті меценаттар да қолдау білдіреді. Мәселен, Жаңа жыл қарсаңында жалғызілікті зейнеткерлерге тәтті сыйлықтар мен азық-түлік салынған қоржындар таратылды.