
Қазақстанда 1 қаңтардан бастап сауда желілеріне мониторинг күшейтілді. Арнайы құрылған топтар супермаркеттерді аралап, соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылатын шекті сауда үстемесін сақтау талаптарын тексеріп жүр.
Мониторингтік топ құрамына Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев, Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев, сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің, сондай-ақ кәсіпкерлік басқармасының өкілдері кірді.
1 қаңтар күні мониторингтік топ Aimer супермаркетіне барса, 2 қаңтарда "Семейный" дүкенін тексерді. Бұған дейін әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімінде 19 атау болса, енді ол 31 позицияға дейін кеңейтілді. Бұл өнімдерге сауда үстемесі 15%-дан аспауы тиіс.
Қанат Дүзелбаевтың айтуынша, негізгі мақсат - бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және күнделікті тұтынатын өнімдердің сөрелерде жеткілікті болуын қамтамасыз ету.
"Біз бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін мониторинг жүргізіп жатырмыз. Әзірге әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша бағаның қымбаттауы тіркелген жоқ. Өңірімізде өндірілетін және ӘКК арқылы өтетін өнімнің барлығы жеткілікті мөлшерде бар. Тұрғындар арасында көкөніс, тауық еті мен сан еттері сұранысқа ие. Енді әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне балық, қияр және қызанақ қосылды, сондықтан бұл өнімнің төмендетілген бағамен сатылымға түсуі үшін өндірушілермен және жеткізушілермен барлық мәселені пысықтайтын боламыз", - деді СҚО әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев.
Айта кетейік, осындай мониторинг жаңа жыл мерекелерінен кейін өңірдің базарларында да жүргізіледі.
Жоғары сұрыпты бидай ұны (1-сұрып)
1-сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нан (қалыпты)
Макарон өнімдері (рогки)
Қарақұмық жармасы (ядрица)
Жылтыратылған күріш (дөңгелек дәнді)
Картоп
Асханалық сәбіз
Пияз
Ақ қауданды қырыққабат
Қызанақ ( "черри", "жүзім" сорттарынан басқа)
Қияр ("корнишон" сортынан басқа)
Алма
Ақ қант (құмшекер)
Күнбағыс майы
Сүйекті сиыр еті
Сүйексіз сиыр еті
Тартылған ет (фарш)
Қой еті, оның ішінде сүйексіз
Жылқы еті, оның ішінде сүйексіз
Жаңа, салқындатылған және мұздатылған балық (табан, мөңке, көксерке, тұқы, сазан)
Тауық еті (сан, жіліншік, тауықтың сан еті)
Тауық (тұтас ұша)
Пастерленген, ультрапастерленген, стерилденген сүт (майлылығы 2,2%-дан 6%-ға дейін, дәм қосылмаған, лактозасыздан басқа)
Айран 2-3% (лактозасыздан басқа)
Қаймақ (лактозасыздан басқа)
Сүзбе 5-9% (лактозасыздан басқа)
Қатты және жартылай қатты ірімшік 40-50%
Сары май (тұзсыз, майлылығы 72,5%-дан 80%-ға дейін, қоспасыз және өсімдік майынсыз)
Тауық жұмыртқасы (I санат)
Қара шай (дәм қоспасыз, пакеттелгеннен басқа)
Ас тұзы ( "Экстра"-дан басқа)