
Петропавл қаласында қала және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдіктерінің өкілдері Dostyq Mall сауда орталығында орналасқан «Аймер» супермаркетінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізді.
Мониторингтік топ құрамына Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев, қала әкімдігінің өкілдері, кәсіпкерлік басқармасының, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің өкілдері кірді.
Тексеру барысында мониторингке қатысушылар бірінші қажеттіліктегі тауарлардың, оның ішінде нан, сүт өнімдері, жұмыртқа, жармалар мен көкөністердің баға белгілерімен танысып, сөрелердегі өнімнің бар-жоғын және шекті сауда үстемесін сақтау талаптарының орындалуын бағалады.
Жаңа жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар өнімдер тізбесі 31 атауға дейін кеңейетіні атап өтілді. Сауда нүктелеріндегі баға мониторингі құнның негізсіз өсуіне жол бермеу және халық үшін негізгі өнімдердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жалғасады.