Тайынша ауданы: өңірдің аграрлық көшбасшысы технологияға, инвестицияға және өмір сапасына басымдық береді

Тайынша ауданы: өңірдің аграрлық көшбасшысы технологияға, инвестицияға және өмір сапасына басымдық береді

Тайынша ауданы 2025 жылдың он айының қорытындысы бойынша дерлік барлық бағытта – агроөнеркәсіптік кешен, өнеркәсіп, инвестиция, әлеуметтік сала, цифрландыру – тұрақты өсім көрсетіп отыр. Мұндағы даму Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы мен ауыл әкімдері форумында қойған міндеттерімен тығыз байланысты: халықтың әл-ауқатын арттыру, ауылдарды нығайту, экономиканы жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу.

Аудан дамуы ең алдымен бюджеттің орындалуынан көрінеді. Тайынша ауданының нақтыланған бюджеті – 11,4 млрд теңге. 2025 жылдың он айында салық түсімдері бойынша 6 млрд теңге жоспарға қарсы 6,5 млрд теңге түскен, яғни жоспар 108,3% орындалды. Оның ішінде 2,7 млрд теңге облыстық бюджетке аударылған.

Төртінші деңгейлі – ауылдық округтер бюджеттеріне ерекше назар аударылуда. Олардың иелігіне 590 млн теңгеден астам қаржы түсті. Бұл қаражат абаттандыруға, көше жарығына, ішкі ауыл жолдарын ұстауға, мәдени-бос уақыт іс-шараларын қолдауға бағытталады. Соның арқасында мәселелер жергілікті деңгейде, тұрғындардың тікелей қатысуымен шешілуде.

Тайынша ауданы дәстүрлі түрде Солтүстік Қазақстан облысының ірі аграрлық орталығы саналады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 113,7 млрд теңгені құрады. Биыл аудан диқандары 800 мың тоннадан астам дәнді дақыл жинады, орташа түсім – гектарына 21 центнер. Сондай-ақ 150 мың тоннадан астам майлы дақыл, шамамен 2,3 мың тонна көкөніс өндірілді.

Мұндай нәтижеге тек табиғи әлеуеттің арқасында емес, заманауи агротехнологияларды енгізу есебінен де қол жеткізілуде: сапалы тұқым, минералды тыңайтқыштар, жаңа техника қолданылады. Егіс алқаптарын әртараптандыру, жоғары маржалы дақылдарға көшу шаруашылықтардың қаржылық тұрақтылығын күшейтеді.

Тайынша ауданы тәуекелді егіншілік аймағына жататындықтан, суармалы жерлерді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта «Тайынша Астык GSK», «Астык Стем», «Мастер Агро», «Дашко Николаевка», «Тан» шаруашылықтары флагман саналады. Келер жылы «Алабота GSK» ЖШС жем-шөп дақылдарын 500 гектар алқапта суару жобасын іске қосуды жоспарлап отыр.

Мал шаруашылығы да тұрақты өсіп келеді. Ауданда ірі қара малдың 12,5 мың басын қамтитын 8 асыл тұқымды репродуктор және жалпы қуаты 5 мың басқа арналған екі бордақылау алаңы жұмыс істейді. Сүтті мал шаруашылығы 7 тауарлы-сүт фермасымен ұсынылған, оларда 8 мыңға жуық ірі қара бар, оның 3 мыңнан астамы – сауын табын. Қой және жылқы шаруашылығы дамып келеді.

Ауданда қуаттылығы 200 мың басқа есептелген ірі шошқа кешені – «ЕМС Agro» ЖШС, сондай-ақ 541 мыңнан астам тауық-ана қамтитын «ПТФ Есільская» құс фабрикасы жұмыс істейді. Биыл агроөнеркәсіп кешенінде жалпы сомасы 4,1 млрд теңгені құрайтын екі инвестициялық жоба іске асырылды, 50-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Тайынша шаруашылықтары кезең-кезеңімен «ақылды ауыл шаруашылығына» көшіп жатыр. Егіс алқаптарында GPS-навигация және автопилот жүйелері бар техника жұмыс істейді, дрондар егістіктердің жай-күйін бақылауға көмектеседі, алқаптардың цифрлық карталары жасалған. Мал шаруашылығында жануарлардың денсаулығын, салмағын, өнімділігін қадағалайтын автоматтандырылған жүйелер енгізілуде, сүттің сапасы мен көлемін онлайн режимде бақылау мүмкіндігі бар.

Интеграцияланған ақпараттық жүйелер агрооперацияларды, логистиканы және астық есебін жоспарлауды жеңілдетеді. Бұл – сән үшін емес, өнімділікті арттыруға, шығындарды азайтуға және аудан шаруашылықтарының бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған нақты құрал.

Аудандағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 75,2 млрд теңгеге жетіп, былтырғы 42,2 млрд теңгемен салыстырғанда едәуір артты. Облыстың жалпы өнеркәсіптік өндіріс көлемінің 10,5%-дан астамы Тайынша ауданына тиесілі.

Басты кәсіпорындардың қатарында «BioOperations» ЖШС – астықты терең өңдеу (крахмал, глютен, биоэтанол, құрама жем), «Тайынша Май» ЖШС – өсімдік майларын өндіру, «ЕМС Agro» ЖШС – шұжық өнімдерін шығару бар.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 37,8 млрд теңгені құрады, оның 7 млрд теңгесі – негізінен сумен жабдықтау нысандарына бағытталған бюджет қаражаты. Бұл облыс экономикасында игерілген жалпы инвестиция көлемінің 9%-ына жуық.

Қазіргі таңда әртүрлі сатыдағы бірқатар ірі жоба іске асырылуда. Төрт жоба республикалық пулға енгізілген, олардың жалпы құны 13 млрд теңгеден асады, 516 жұмыс орнын құру көзделген. Тағы 10 ірі жоба өңірлік пулда, олардың құны 24 млрд теңгеден артық, 198 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Бірқатары қазірдің өзінде толық қуатына шығып үлгерді: «Memolux» ЖШС ұн тарту кешені мен кеспе шығару цехы, «Лера Nord» ЖШС сүт цехы, «Тайынша Май» ЖШС өсімдік майларына арналған пластик қаптама өндіретін желі, «GREEN GOLD ILYYCHEVKA FACTORY» ЖШС құрама жем зауыты. Жақын уақытта сабаннан құрылыс плиталарын өндіретін, облыста баламасы жоқ «Westrealtyinvest» зауыты, сондай-ақ жасымық пен артемия шаяншасын өңдейтін кәсіпорындар іске қосылады.

Ильичёвка ауылы маңында «Қызылжар» АЭА-ның 200 гектар аумақты қамтитын №6 кіші аймағын құру шетелдік инвестицияны тартып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, логистика және сақтау жүйелерін дамытуға мүмкіндік береді. Бұл ауданның экспортқа бағытталған кластер ретінде қалыптасуына жағдай жасайды.

Құрылыс саласы да жоғары қарқын көрсетуде: тоғыз айдың қорытындысы бойынша орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 17,2 млрд теңгені құрады, физикалық көлем индексі – 186%. Тайынша қаласында тұрғын үй белсенді салынуда: 4 200 шаршы метр болатын 50 пәтерлі үй пайдалануға берілді, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған 18 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталды, екі көппәтерлі коммерциялық үй құрылысы жүріп жатыр.

Аудан үшін стратегиялық маңызы бар нысандардың бірі – теміржол вокзалы. Оның қайта жаңғыртылуы көлік қолжетімділігіне, экономикаға және инвестициялық тартымдылыққа тікелей әсер етеді. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Сонымен қатар Тайынша қаласында шамамен 1,5 млрд теңгеге қазандықтар мен жылу желілері жаңғыртылуда. Бұл тұрғын үйлер мен бизнес нысандарын орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда аудан халқының 80%-ы орталықтандырылған, орталықтандырылмаған және жергілікті су көзімен қамтамасыз етілген. 11 елді мекенде ауыз суға қатысты 9 жоба жүзеге асырылып жатыр, жалпы құны – 7,9 млрд теңге, оның 6,1 млрд теңгесі – арнайы мемлекеттік қор қаражаты. Донецкое, Большой Изюм, Виноградовка, Краснокиевка, Дашко-Николаевка, Аймак ауылдарында нысандар пайдалануға берілді, тағы бес ауылда жұмыстар аяқталу сатысында. Булаев топтық су құбырының 4-кезеңі 13,9 млрд теңгеге іске асырылды.

Аудандағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 975 шақырым, оның үштен бірінен астамы жөндеуді қажет етеді. Биыл аудандық маңызы бар жолдардың 29,7 шақырымын қамтитын алты жобаны іске асыруға 800,8 млн теңге бөлінді.

Жұмыспен қамту орталығында 245 адам тіркеуде тұр, бұл экономикалық белсенді халықтың шамамен 0,9%-ын құрайды. Субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру жоспары асыра орындалды: жоспардағы 257 адамның орнына 274 тұрғын жұмыспен қамтылды. 700-ден астам адам тұрақты жұмыс орындарына орналасқан. Сонымен бірге қысқа мерзімді кәсіби оқыту бағдарламалары мен жастардың, шағын бизнестің бастамаларын қолдайтын гранттық бағыттар іске асырылуда.

Ауданда 44 мектеп жұмыс істейді, оларда 5 381 оқушы білім алуда. 2025 жылы 254 түлек мектеп бітірді, олардың 159-ы жоғары оқу орындарына түсті, 103-і білім грантына ие болды. ҰБТ-ның орташа балы – 73,4. Мектептерде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық база жаңартылуда, жаңа кабинеттер, жабдықтар мен жиһаз сатып алынуда.

«Агробизнес» колледжі механизатор, аспаз, дәнекерлеуші және басқа да жұмысшы мамандарды даярлайды. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында мұнда 17 түрлі іс-шара өткізіліп, еңбек адамдарының маңызын көрсететін жобалар іске асырылды.

Аудан мектептерінде BilimClass жобасы енгізіліп, білім беру ұйымдары жедел басқару орталығына қосылған. Қалалық мектептерде қауіпсіздікті арттыру үшін бет-әлпетті тану жүйелері орнатылуда. Кітапханаларда «Рабис» жүйесі жұмыс істейді, қор цифрландырылып, әдебиеттерге QR-кодтар арқылы қолжетімділік қамтамасыз етіліп жатыр. Жақын уақытта Тайынша қаласында IT-орталық ашылып, тұрғындарға цифрлық сауаттылық пен жасанды интеллектпен қауіпсіз жұмыс істеу дағдыларын үйретпек.

Ауданда 70 мәдениет нысаны және 189 спорттық құрылым бар. 16 мыңнан астам адам, яғни тұрғындардың 42,8%-ы спортпен жүйелі түрде шұғылданады, бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Жеке инвестициялар есебінен жаңа спорт орталығы мен футбол алаңы салынды. Тайынша ауданы биыл өткен 29-облыстық жазғы ауыл ойындары – «Ақ бидай-2025» жарысында жалпыкомандалық бірінші орынды иеленді.

Денсаулық сақтау саласы да жаңаруда. Ауданға 17-ден астам заманауи медициналық құрал-жабдық пен автокөлік сатып алынды. Қарағаш ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салынды, аудандық ауруханада және Чкалов ауылдық амбулаториясында күрделі жөндеу жүргізілуде. Мұнда республикалық деңгейдегі балаларды оңалту орталығы ашылады деп жоспарлануда. Қымбат құрал-жабдықтар «Қамқорлық» және «Қазақстан халқына» қоры арқылы алынуда.

«Тaza Qazaqstan» экологиялық акциясы аясында ауданда сенбіліктер мен тазалық шаралары жүйелі түрде өтуде, оларға 6 мыңнан астам тұрғын қатысады. Саябақтар қайта жаңартылып, балалар және спорт алаңдары орнатылуда, көше жарығы кеңейтілуде, көпқабатты үйлердің қасбеттеріне патриоттық мазмұндағы муралдар салынуда.

Он айдың қорытындысы Тайынша ауданының республикалық деңгейде қойылған міндеттермен үндесе отырып, жүйелі түрде дамып келе жатқанын көрсетеді. Мұнда қуатты аграрлық база, өсіп келе жатқан өнеркәсіп, белсенді инвестициялық саясат, цифрландыру және халықтың тұрмыс сапасына деген тұрақты назар – бәрі бірге үйлесім тапқан. Аудан басшылығының айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да билік, бизнес және тұрғындардың бірлескен күш-жігерімен жалғаса береді.