Инвестициялар, инфрақұрылым және жаңа жобалар: Тимирязев ауданының әкімі даму жоспарлары туралы баяндады

Инвестициялар, инфрақұрылым және жаңа жобалар: Тимирязев ауданының әкімі даму жоспарлары туралы баяндады

Тимирязев ауданындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындылары мен алдағы жоспарларға арналған брифингте аудан әкімі Ерлан Жаров өңірдің Мемлекет басшысының «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты 2025 жылғы Жолдауы аясында қалай дамып жатқанын және алдағы жылдары тұрғындарды қандай өзгерістер күтіп тұрғанын баяндады.

Спикердің айтуынша, негізгі міндеттердің бірі – экономиканы ауқымды цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу және ірі инвестицияларды тарту арқылы жаңғырту. 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша аудан экономикасына салынған инвестиция көлемі 8,6 млрд теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 20 пайызға артқан. Инвестициялардың негізгі бөлігі – кәсіпорындардың жеке қаражаты. Қаражат ауыл шаруашылығындағы машина-трактор паркін жаңартуға, жабдық алуға және бюджеттік жобаларды іске асыруға бағытталуда.

Ерлан Жаров ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласындағы ірі бастамаларға жеке тоқталды. 2026 жылы Тимирязево ауылында қытайлық Beijing Guocheng Shehghual investment Co. LTD компаниясының қатысуымен майлы дақылдарды қайта өңдеу зауытының құрылысы жоспарланған. Сондай-ақ түркиялық ARAL FOOD SUNUM компаниясы майлы дақылдарды қабылдау, бастапқы өңдеу және сақтау жөніндегі кәсіпорын салуды көздейді. Екі жоба бойынша жалпы инвестиция көлемі 4,5 млрд теңгеден асады. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңдеу секторының әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Аудан экономикасының негізгі тірегі – аграрлық сектор. 2025 жылы аудан диқандары орташа гектар түсімі 21,6 центнерден асатын 430 мың тоннаға жуық дәнді және дәнді-бұршақты дақыл жинады. Майлы дақылдар бойынша өнім 85 мың тоннаны құрады. 10 айдағы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 46,6 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 105 пайызды құрады. Өнімділікті арттыру мақсатында жерге 19,5 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыш енгізілді, тұқым шаруашылығы мен сортты жаңарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Жер ресурстарын тиімді пайдалану да басты назарда. Мемлекет басшысы тапсырған пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жөніндегі ауқымды жұмыс аясында есептік кезеңде аудан әкімдігі 4,7 мың гектардан астам жайылымдық жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Бұл мал жайылымына сұранысты өтеуге және елді мекендердің шекарасын кеңейтуге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта жалпы ауданы 6,8 мың гектар болатын жерлерді 6 субъектіден қайтару бойынша жұмыс жалғасуда.

Шағын және орта бизнес мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау табуда. «Біріңғай кешенді бағдарлама» шеңберінде бірқатар кәсіпкерлік жобалары қаржыландырылды, сондай-ақ «Даму» қоры мен жергілікті «Мерей» несиелік серіктестігі арқылы кәсіпкерлерге жеңілдетілген несиелер берілді. Ауданда төрт заманауи сауда нысаны ашылып, шамамен елуге жуық тұрақты жұмыс орны құрылды.

Инфрақұрылымды жаңғырту – тағы бір маңызды бағыт. Ауданда орындалған құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 4 млрд теңгеге жетті. Тимирязево ауылында электрмен жабдықтау жүйелерін нығайту мақсатында жаңа электр жеткізу желілерінің құрылысы және Тимирязево–Хмельницкое жоғары вольтты желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерін орташа жөндеу жобалары іске асырылуда. Су инфрақұрылымын жаңарту бойынша да ауқымды жобалар жүзеге асуда: Тимирязево мен Мичурино ауылдарында тарату желілері мен су құбырларының нысандары салынуда, ұзындығы 55 км Ишим топтық су құбырының учаскелері реконструкцияланды.

Тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында аумақтарды абаттандыру мен көгалдандыру бойынша кең көлемді жұмыстар атқарылды: 13 мың ағаш, 5 мың бұта отырғызылды, 11 спорт және ойын алаңдарына жөндеу жүргізілді, 255 көше шамы ауыстырылды, кіреберіс стелалар, жол көрсеткіштер мен аялдама павильондары ретке келтірілді.

Цифрлық инфрақұрылым да дамып келеді. Қазіргі таңда ауданның барлық елді мекендерінде мобильді интернет бар, 9 ауылға оптикалық талшықты байланыс желісі тартылған, 3 елді мекенде радиокөпірлер орнатылған. 2026 жылы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Дзержинское ауылында мобильді интернетті жақсартуға арналған антенна-мачталық құрылғы орнату жоспарлануда.

Әлеуметтік салада да оң өзгерістер байқалады. Ауданның білім беру жүйесіне 22 ұйым кіреді. 300-ден астам педагог облыстық білім басқармасының әдістемелік орталығы базасында жасанды интеллект бойынша курстардан өтіп, жаңа технологияларды қолдану дағдыларын меңгеруде. Реновация бағдарламасы аясында мектеп-гимназияның ғимараты жөнделіп, ауласы абаттандырылды. «Қазақстан халқына» қоры мен Білім беруді тұрақты дамыту қорының қолдауымен аталмыш мектеп STEM-зертхана, информатика және технология кабинеттері, арт-студия, мобильді видеостудия, INTELLEKTUM кабинеті, акт залының жабдығы және коворкинг-аймақтармен жарақталды. ҰБТ-ның орташа балы өсіп, білім гранттарын иеленген түлектер саны артқан.

Денсаулық сақтау саласында негізгі басымдық – медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру. Ауданда 30 төсектік стационар, бір ауысымда 150 келушіге арналған емхана бөлімі және 19 медициналық пункт қызмет көрсетеді. Ұлттық «Ауылдық денсаулық сақтауды модернизациялау» жобасы аясында Ақжан, Докучаево және Мичурино ауылдарында жаңа медпунктер салынды. Бұл ауыл тұрғындары үшін алғашқы медициналық көмектің деңгейін айтарлықтай көтерді. Аудандық аурухананың ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, жылу, су және кәріз жүйелері жаңартылды, жаңа блоктық-модульдік қазандық орнатылды, өрт қауіпсіздігі және бейнебақылау жүйелері жаңартылды. Биыл жаңа медициналық жабдық сатып алынды, ал 2026 жылға маммографиялық аппарат пен стоматологиялық қондырғы алу жоспарланған.

Мәдениет және спорт нысандары да кезең-кезеңімен жаңартылуда. Тимирязев ауданында 34 мәдениет объектісі бар, оның ішінде 17 кітапхана және 16 клуб мекемесі. Соңғы екі жылда үш мәдени-сауықтыру орталығы іске қосылды, олардың бірі – Куртай ауылдық округіндегі жаңа орталық. Мұнда ауыл тұрғындары үшін шығармашылық, спорттық және мәдени шаралар ұйымдастырылып, күніне шамамен 20 адамға дейін келеді.

Аудан өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі – тарихи жадты қайта жаңғырту жобасы болды. Жаркын ауылы маңында 1929–1934 жылдары дәулетті қазақтар мен билерге арналған уақытша лагерь – «Бай қала» орналасқан. Сол жерде жазықсыз жапа шеккен адамдардың рухына тұңғыш рет 90 жылдан кейін дұға оқылып, олардың есімі ұрпақ жадында жаңғыртылды. Бұл шара тарихи әділдікті мойындаудың, өткенге құрмет пен ұрпақтар сабақтастығының белгісі ретінде атап өтілді.

Президент Жолдауында қойылған міндеттерді жүзеге асыра отырып, аудан IT-орталық ашуға дайындық жүргізіп жатыр. Жаңа орталық жастар мен қызығушылығы бар барлық тұрғындарға цифрлық дағдыларды, бағдарламалауды және жаңа технологияларды меңгеруге мүмкіндік беретін заманауи білім алаңына айналмақ.

Спорт саласы да қарқынды дамуда. Соңғы үш жылда (2023–2025 жж.) ауылдық округтерде талапқа сай 5 мини-футбол алаңы салынды. Ауданда 5 тренажер залы, 3 заманауи стрит-воркаут алаңы жұмыс істейді. Биыл Докучаево ауылында көпфункционалды ашық хоккей корты іске қосылып, жаз мезгілінде онда футбол да ойнауға мүмкіндік бар. Тимирязев ауданының құрама командасы облыстық «Ақ бидай» спорттық фестивалінде жалпыкомандалық үшінші орынды иеленді.

Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 310 бала 11 спорт түрі бойынша жаттығады. Мектеп 4 спорт шеберін, 1 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін және 13 спорт шеберлігіне кандидатты тәрбиелеп шығарды. 2026 жылы Куртай ауылдық округінің Степное ауылында хоккей, футбол және баскетболды бір алаңда қамтитын «3 в 1» көпфункционалды спорт алаңын салу жоспарлануда.

Қорытындылай келе, Ерлан Жаров Мемлекет басшысының цифрлық трансформация, нақты секторды дамыту, халықтың өмір сапасын арттыру жөніндегі тапсырмалары аудан деңгейінде кезең-кезеңімен іске асырылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау мен тұрғындардың белсенді азаматтық ұстанымының арқасында Тимирязев ауданы тұрақты өсім бағытын сақтап, инфрақұрылымды жаңғыртуды, жаңа жұмыс орындарын ашуды және тұрғындар үшін өмір сүруге қолайлы жағдай жасауды жалғастырады.