Солтүстік Қазақстан облысында азаматтардың жеке қабылдауына 700 адам жүгінді

Солтүстік Қазақстан облысында азаматтардың жеке қабылдауына 700 адам жүгінді

Солтүстік Қазақстан облысында өңір әкімі Гаузес Нұрмұхамбетовтың, мемлекеттік, құқық қорғау және атқарушы органдардың бірінші басшыларының, сондай-ақ аудан және ауылдық округтердің әкімдерінің қатысуымен ауқымды азаматтарды жеке қабылдау өтті. Қабылдаудың мақсаты – тұрғындардың өзекті мәселелерін жедел шешу және билік пен халық арасындағы ашық диалогты нығайту болды.

Жеке қабылдау Өнерпаздар сарайында ұйымдастырылды, онда бір алаңда 30-дан астам мемлекеттік орган өкілдері жұмыс істеді. Мұндай формат азаматтарға коммуналдық шаруашылық, жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау, жер қатынастары және басқа да мәселелер бойынша бір мезетте кеңес алуға мүмкіндік берді. Қосымша түрде бірыңғай call-орталығы жұмыс істеп, солтүстікқазақстандықтардан 50 қоңырау қабылданды.

Облыс әкімі онлайн және офлайн форматта жұмыс істеп, 48 адамды қабылдады. Әрбір өтініш бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берілді. Жалпы облыс бойынша бірыңғай қабылдау аясында 700 өтініш тіркелді.

Тұрғындар аулалар мен көшелерді абаттандыру, жолдарды жөндеу, баспана мәселесі, жұмыспен қамту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтерінің сапасы, сондай-ақ жекелеген санаттағы азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету туралы сауалдар көтерді. Көп жағдайда азаматтарға сол жерде қажетті түсініктемелер мен кеңестер берілді, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу тетіктері, өтініш беру тәртібі мен қарау мерзімдері түсіндірілді.

Ешбір өтініш назардан тыс қалмайтыны атап өтілді: жеке қабылдау мен телефон арқылы айтылған барлық мәселелер бақылауға алынды.