Астанадағы жәрмеңкеде – Солтүстік Қазақстан өнімдері: өңір 800 тонна фермерлік тауар әкелді

Астанадағы жәрмеңкеде – Солтүстік Қазақстан өнімдері: өңір 800 тонна фермерлік тауар әкелді

18–19 қазан күндері елордадағы «Қазанат» ипподромында Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қатысуымен ірі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр. Елге сапалы өніммен танымал астықты өңір астана тұрғындарына нарықтағыдан 10–15% төмен бағамен кең ассортимент ұсынды. 13 аудан мен Петропавлдан келген 120-дан астам шаруа қожалығы СҚО-ның еліміздің ауыл шаруашылығының көшбасшыларының бірі ретіндегі беделін тағы да дәлелдеді.

Солтүстік Қазақстан облысы елордадағы жәрмеңкелердің тұрақты қатысушысы. Биыл сатып алушылардың қызығушылығы алғашқы сағаттардан-ақ байқалды: ет, сүт және балық қатарларында ұзын-сонар кезектер, ал көкөніс пен ұн өнімдерін жұрт белсенді түрде сатып алуда.

«Әлеуметтік желіден СҚО-ның өндірушілері қатысатын жәрмеңке өтеді дегенді естіп, қысқа ет алуға келдім. Өзім СҚО-данмын, біздің еттің сапасы жоғары екенін білемін. Бағалар да жақсы, таңдау кең, сапасы тамаша — барлығына ұсынамын!», – дейді сатып алушы Саян Калиахметов.

«Биыл бізге қатты сәтті жыл болды! Бір жыл бойы жәрмеңкені күттік – балық, Петропавлдың карасын күткенбіз. Бал да алдық. Шынымен де СҚО келді деп қуанып отырмыз. Баға мен сапа көңілден шығады. Бір жылға жететіндей етіп дайындап алдық», – дейді жәрмеңке қонағы Лариса Николаевна.

Жәрмеңкеде отбасылық брендтер де көзге түседі. Уәлиханов ауданынан келген Күлболдиндер әулеті – солардың бірі. «Ramazan Kymyz» қымыз бренді 2001 жылы пайда болған, бүгінде істі жаңа буын жалғастыруда.

«2001 жылы әкем Рамазан бұл істі бастаған. Қазір аптасына бір тоннаға дейін қымыз өндіреміз. Күніне 500 литр өндіруді мақсат етіп отырмыз. Биыл жаңа цех ашуды жоспарлап отырмыз. Біз – жас кәсіпкерлерміз, өндірісті кеңейту үшін мемлекеттік қолдауды пайдаланбақпыз. Қымызымыз табиғи, таза, экологиялық және дәруменге бай. Бүгін 700 литр алып келдік. Сатып алушыларымыз дәмін татып, барлығы ұнатып жатыр», – дейді «Ramazan Kymyz» брендінің өкілі Гүлбақыт Күлболдина.

Жәрмеңкеге облыстың барлық аудандары келді. Мысалы, Қызылжар ауданы 100 тоннадан астам өнім әкелген – көкөніс, ұн, ет және сүт өнімдерінің кең таңдауы бар.

«Жәрмеңкеде біздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдері ұсынылған: сүт өнімдері, ұн, картоп, қызылша, қырыққабат, ет өнімдері – сиыр, жылқы, қой және құс еті. Жалпы, біздің өнімге жергілікті нарықта сұраныс жоғары, бағаларымыз Астанаға қарағанда төмен. Сатып алушылар белсенді – сұраныс өте жоғары», – деді Қызылжар ауданы ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және ветеринария бөлімінің басшысы Қанат Дарбаев.

Ассортимент те, көлем де әсерлі: барлық түрдегі ет – 116,3 т, картоп пен көкөністер – 495 т, сүт өнімдері – 41,7 т, жұмыртқа – 120 мың дана, бал – 10,5 т, шұжық өнімдері – 10 т, ұн мен макарон – 106 т, балық – 5 т, басқа өнімдер – 7 т. Барлығы шамамен 800 тонна фермерлік өнім — тікелей солтүстікқазақстандық өндірушілерден.

«Бүгін Астана қаласында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысып жатырмыз. Біз 800 тонна өнім әкелдік. 120-дан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысуда. Бұл жәрмеңкенің ерекшелігі — мұнда өнімді өндірушіден тікелей сатып алуға болады, бағалар нарықтан төмен. Барлық өнім экологиялық таза. Облысымызды бүкіл Қазақстанға белгілі өндірушілер таныстырып жатыр. Астана тұрғындарын жәрмеңкеге келіп, отандық өндірушіні қолдауға шақырамын», – деді СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Даурен Төкежанов.

Жәрмеңке 19 қазанға дейін жалғасады. Өтетін орны: Астана қаласы, Қарқаралы тас жолы, 1, «Қазанат» ипподромы. Бұл — сапалы солтүстікқазақстандық өнімдерді тиімді бағамен, өндірушілерден тікелей сатып алудың тамаша мүмкіндігі.