Алдын ала нәтижелер: солтүстікқазақстандық спортшылар ҚР биатлон чемпионатында көшбасшылар қатарында

Алдын ала нәтижелер: солтүстікқазақстандық спортшылар ҚР биатлон чемпионатында көшбасшылар қатарында

Петропавлда жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының жазғы биатлон чемпионаты басталды. Борки ауылындағы биатлон трассасына еліміздің сегіз өңірінен: Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Абай, Ақтөбе, Алматы, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарынан жүзден астам спортшы шықты. Жарыстар 26 тамызға дейін жалғасады, әзірге спортшылар спринт пен із қуу сайыстарында жүлделерді сарапқа салды.

Солтүстікқазақстандық биатлоншылар алғашқы жарыстардан-ақ сенімді өнер көрсетті. 2007–2008 жылы туған жасөспірімдер арасындағы 4 км қашықтықта Егор Кудренко күміс жүлдегер атанды. Қыздар арасында дәл осы жастағы Кристина Шушакова да екінші орын иеленді. 2009–2010 жылғы қыздар санатында 3 км қашықтықта Ульяна Ковалова жеңімпаз болды. Із қуу жарысында да солтүстікқазақстандықтар үздіктер қатарынан көрінді: Егор Кудренко 5 км қашықтықта тағы да күміс медаль алды, ал Ульяна Ковалова дубль жасап, бұл сында да бірінші орынды жеңіп алды.

Екі күндік жарыстың қорытындысы бойынша СҚО құрамасының қоржынына Ульяна Ковалова жеңіп алған екі алтын және Егор Кудренконың екі күмісі мен Кристина Шушакованың бір күмісі түсті. Мұндай нәтиже солтүстікқазақстандықтарға алдын ала командалық есепте екінші орынға жайғасуға мүмкіндік берді. Бірінші орында – Ақмола облысының командасы, үшінші сатыда – Павлодар облысының құрамасы. Чемпионаттың соңғы жарыстары ертең, 26 тамызда өтеді, онда елдің мықты биатлоншылары мен үздік командалар анықталады.