Петропавлда түркі әлемінің ұлы ақыны, философы әрі ағартушысы Мағжан Жұмабаевқа арналған Қазақстандағы тұңғыш ғылыми-мәдени хаб – «Мағжан орталығы» ашылды.
Қазақстан Республикасының Президенті Мағжан Жұмабаевты тек қазақ халқының ғана емес, барша түркі елдерінің мақтанышы екенін атап өтті. Оның Отанға деген сүйіспеншілікке толы поэзиясы рухани мұрамыздың алтын қорына еніп, халықпен мәңгі бірге қалады. Мемлекет басшысы Мағжан мұрасын терең зерттеу мен жан-жақты насихаттаудың ұлттық және әлемдік мәдени күн тәртібіндегі маңызын ерекше атап өтті.
Жаңа орталық – тек естелік орны ғана емес, ғылыми зерттеулер, мәдени және білім беру бағдарламалары, халықаралық диалогтар мен шығармашылық жобалар өтетін заманауи зияткерлік алаң. Оның ашылуы Солтүстік Қазақстан облысының мәдени және рухани жаңғыруының жарқын нышанына айналып, 11–17 тамыз аралығында аймақта өткен халықаралық іс-шаралар сериясының маңызды бөлігі болды.
Салтанатты рәсімге ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы ұйымының басшылығы, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов және қоғам өкілдері қатысты.
«Тарихи тұлғаларды ұлықтау – біздің парызымыз ғана емес, ол – тәуелсіздіктің рухани тірегі, ұлттық сананың берік іргетасы. Мағжан Жұмабаевтай ұлы тұлғаға арналған орталықтың ашылуы – бүкіл ел үшін маңызды оқиға. Ол: «Мен жастарға сенемін» деді. Бүгінде оның «Батыр Баян», «Қорқыт» поэмалары, «Педагогика» оқулығы және басқа еңбектері патриотизмге, Отанды сүюге, болашаққа жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуді жалғастыруда. Бұл орталық Мағжанның рухы мен идеяларын жастарға жеткізіп, оларды батыл ойлауға, абыройлы әрекет етуге және туған жеріне адал болуға шабыттандырады», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев.
«Мағжан орталығының» ішкі кеңістігі ақынның тұлғасының көпқырлылығын және оның шығармашылық мұрасының ауқымын айқын көрсетеді. Мұнда Мағжан Жұмабаевтың жұмыс кабинеті тұрмыс заттарымен және оның өмір сүріп, еңбек еткен кезеңіне жақын интерьермен қайта жасалды. Әртүрлі іс-шараларға арналған конференц-зал, Мағжан шығармалары, кітап басылымдары мен қазақстандық және шетелдік танымал ақын-жазушылардың еңбектері жинақталған заманауи кітапхана жұмыс істейді. Сондай-ақ мұрағаттық құжаттарды зерттеу кабинеті, «Мағжан» журналының редакциясы, зиялы қауымға арналған шығармашылық алаң және «Мағжантану» әдеби клубы бар. Мұнда кездесулер, пікірталастар мен тақырыптық кештер өтеді.
«Біз, солтүстікқазақстандықтар үшін, Мағжан – ұлттық қазына ғана емес, аймақтық мақтанышымыз, мәдени ДНҚ-мыз. Мағжан есімі тек Қазақстанда ғана емес, Әзербайжанда, Өзбекстанда, Қырғызстанда, әсіресе – Түркияда құрметке ие. Бұл орталықтың құрылуына үлес қосқандардың бәріне алғысымды білдіремін. Сенімдімін, «Мағжан орталығы» аймақ тұрғындары үшін ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келетін қонақтар үшін де тартымды орынға айналады», – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Орталық XIX ғасырдағы республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші ғимаратында орналасқан. Қайта жаңғырту барысында XIX ғасырдың сирек альфрейлі сурет фрагменттері табылып, қалпына келтірілді. Көркемдік безендіру авторы – ҚР Суретшілер одағының мүшесі Болат Асербеков, жұмыстар Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының қолдауымен атқарылды.
«Бүгін маңызды оқиға – Мағжан орталығының ашылуы өтіп жатыр. Бұл – бәріміз үшін қуанышты әрі маңызды сәт. Егер біз жастарды Мағжан рухында тәрбиелегіміз келсе, осындай рухани орталық болуы тиіс. Мұнда жастар ақынның мұрасын тереңірек зерттей алады. Орталықта «Мағжан» журналы шығады, жастар клубы және кездесулер залы жұмыс істейді. Бұл орын ақын мұрасын терең түсінуге көмектеседі. Орталық халықтың сүйікті орнына айналады деп сенеміз», – деді «Мағжан орталығының» директоры, «Мағжан» журналының бас редакторы Жарасбай Сүлейменов.
Орталықтың жанында жергілікті кәсіпкерлер мен түрік меценатының бастамасымен «Мағжан» арт-композициясы бар заманауи саябақ салынды. Оның жанында ақын бала кезінде әкесімен бірге барған мешіт орналасқан, бұл – ұрпақтар сабақтастығының символы.
«Бұл орталықтың құрылуына шын жүректен алғыс айтамыз. Біз үшін, Мағжан Жұмабаевтың туыстары ретінде, мұның орны бөлек. Осындай ұлы тұлғалардың есімі сақталып, келесі ұрпаққа жеткізілуі аса маңызды. Мемлекетіміз дұрыс бағытта келе жатыр деп санаймын, өйткені біз ата-бабамыздың еңбегін ұмытпай, ардақтауды жалғастырып келеміз», – деді жазушының туысы Марат Мұслимов.
«Мағжан орталығының» ашылуы – ұлы ақынға құрмет қана емес, сонымен қатар мәдени бірегейлікті нығайту, туризмді дамыту және Қазақстанды рухани-мәдени мұра орталығы ретінде халықаралық аренада ілгерілету жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам.