Петропавл қаласы қарқынды дамып келеді. Сондай мысалдардың бірі – ескі үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп жатқан Копай шағын ауданы

Петропавл қаласы қарқынды дамып келеді. Сондай мысалдардың бірі – ескі үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп жатқан Копай шағын ауданы

Бүгінде 2 көппәтерлі үйге тұрғындар қоныстанды. Жыл соңына дейін тағы 4 үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Жаңа үйлердің бірінші қабаттарында мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктеріне бейімделген бір бөлмелі пәтерлер қарастырылған. Тағы 7 үй жобалану үстінде, олардың құрылысы келесі жылы басталады. Шағын ауданда мектеп салу да жоспарланған.

Жалпы, 2026 жылдың соңына дейін 461 пәтерлік бес көппәтерлі үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде 1,8 мыңнан астам адам тұрғын үй жағдайын жақсарта алады.

Копай шағын ауданында жылына 100 мың шақыртуға қызмет көрсетуге есептелген облыстық жедел медициналық көмек станциясы салынып жатыр. Жоба аясында симуляциялық оқу орталығы, санитариялық көліктерге арналған жөндеу және жуу орындары қарастырылған. Қазіргі станция 120 жыл бұрын салынған ғимаратта орналасқан. Сондықтан жаңа нысан өте қажет.

Өзге де медициналық нысандардың құрылысы жалғасуда. Қызылжар ауданының Бескөл ауылында бір ауысымда 250 адамды қабылдайтын емхананы жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Петропавлда 480 төсек-орындық көпбейінді облыстық аурухана салынып жатыр, 2027 жылы пайдалануға беру көзделген.

Тағы бір маңызды нысан – Уәлиханов көшесіндегі 280 орындық балабақша. Бүгінде құрылыс жұмыстары 90 %-ға аяқталды. Балабақшаны қазан айында ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл шағын аудандағы балабақша орындарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.

Прибрежное ауылындағы жол өткелін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Биыл көпір салу және ауыл жағынан жер үйіндісін төсеу жұмыстары жоспарланған. Нысанды толықтай 2027 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.