Петропавлда жылу желілерін ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде

Петропавлда жылу желілерін ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде

Бүгінде олардың тозу деңгейі 81 %-дан асады. Мемлекеттік бағдарламалар аясында бес жобаны іске асыру көзделген. Қазіргі уақытта оның үшеуі – №2, №3 және №8 жылу магистральдарын қайта жаңарту жобалары жүзеге асырылып жатыр. Аталған жобалар қаланың орталық бөлігін, Жұмысшы кенті мен вокзал маңындағы аумақты, сондай-ақ Жас Өркен, Орталық және Береке шағын аудандарын қамтиды.

Биыл №8 жылу магистралін қайта жаңарту жұмыстарын аяқтаймыз. Нәтижесінде жылу желілерінің жалпы тозу деңгейі 1,7%-ға төмендейді. Келер жылы барлық жоба толық жүзеге асырылғаннан кейін бұл көрсеткішті 5 %-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. Бұл жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттырып, апат қаупін азайтуға және жаңа нысандарды қосуға қажетті қуат қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қала солтүстік-батыс бағытта қарқынды дамып, жаңа аудандар бой көтеруде. Осыған байланысты Қизатов көшесінен Бірлік шағын ауданына дейінгі жолды қайта жаңарту жобасы әзірленіп жатыр. Ұзындығы 6,8 шақырым болатын учаскеде төрт жолақты жол салу, көшенің екі жағына ені үш метрлік тротуарлар мен велосипед жолдарын төсеу көзделген.

Сонымен қатар Бірлік шағын ауданының маңында жалпы сыйымдылығы 10 мыңнан астам көрерменге арналған екі ірі спорт нысаны салынып жатыр. Көпфункционалды мұз аренасында 400 метрлік конькимен жүгіру жолы, халықаралық стандарттарға сай хоккей алаңдары және керлинг ойынына арналған алаңдар қарастырылған. Жалпы аренада спорттың түрлі бағыттарымен айналысуға арналған 11 кеңістік болады.
Әмбебап спорт кешенінде олимпиадалық стандарттарға сай 50 метрлік бассейн және гимнастика, фитнес пен күреске арналған жеті мамандандырылған зал орналасады. Жаңа нысандар бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға, спортшыларды даярлауға және түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге заманауи жағдай жасайды.

Қ.Конституциясы көшесін қайта жаңғыртудың екінші кезеңі де жалғасуда. Сегіз тұрғын үйдің қасбеті жаңартылып, кәсіпкерлік нысандардың сыртқы келбеті өзгеруде. Кешенді абаттандыру нәтижесінде облыс орталығының басты көшелерінің бірінде заманауи әрі біртұтас сәулеттік кеңістік қалыптасады.