Меню
Страницы
Қызметі
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Әкім аппараты
Онлайн қабылдау
Үкіметтік емес ұйымдарға арналған әлеуметтік жобалар
Все материалы
Зейнетақы активтерін басқару
22 сентября 2026

БЖЗҚ туралы өзекті сауалдар

  1. Зейнетақы активтерін кім басқарады?

Зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (ҚРҰБ), сондай-ақ 2021 жылдан бастап тиісті лицензиясы бар және уәкілетті органның талаптарына сай келетін инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) жүзеге асырады. Мұндай сенімгерлік басқарудың негізгі мақсаты – зейнетақы жинақтарын түрлі қаржы құралдарына инвестициялап, табыс алу.

Зейнетақы активтерін басқарушылар – ҚРҰБ пен ИПБ-лардың зейнетақы активтерін инвестициялау бойынша өзіндік стратегиясы бар және олар инвестициялық портфельдің құрылымын инвестициялық декларация шеңберінде дербес айқындайды.

Қолданыстағы ИПБ тізіліміне қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға бере алатын 6 жеке компания кіреді:

«Alatau City Invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «Halyk Finance» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «Tansar Capital» АҚ. (Бұл ретте «Halyk Global Markets» АҚ «БЖЗҚ» АҚ-ға 2027 жылдан бастап сенімгерлік басқару шартын бұзатыны туралы хабарлаған. Осыған байланысты, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қор зейнетақы жинақтарын осы компанияға аудару туралы өтініштерді қабылдамайды).

www.enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінен, сондай-ақ invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы арқылы ИПБ туралы ақпаратпен танысып, олардың инвестициялық декларацияларын зерделеуге болады.

  1. Заңнамалық өзгерістерге сәйкес міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының 100%-на дейін инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) басқаруына беруге мүмкіндік қарастырылған. Бұл мүмкіндікті кім пайдалана алады және бұл механизм қалай жүзеге асырылады?

Зейнетақы жинақтарының 100%-на дейін жеке басқарушы компаниялар – ИПБ-ларға сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігін БЖЗҚ-ның барлық салымшылары пайдалана алады. Бұл нормалар 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап күшіне енді.

www.enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінен, сондай-ақ invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы арқылы ИПБ туралы ақпаратпен танысып, олардың инвестициялық декларацияларын зерделеуге болады.

Жақында бір ИПБ салымшыларға тәуекел деңгейі, күтілетін кірістілік және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленетін инвестициялық портфельдердің үш түріне дейін – консервативті, қалыпты және тәуекелді портфельдерді ұсына алады.

Зейнетақы активтерінің инвестициялық портфельдерін қалыптастыру тәртібін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

  1. Зейнетақы жинақтарын бірнеше басқарушы компания арасында бөлуге бола ма?

Салымшы бір немесе бірнеше ИПБ-ны таңдай алады. Халықты кеңінен хабардар ету мақсатында БЖЗҚ invest.enpf.kz бірыңғай ақпараттық интернет-платформасын іске қосты. Бұл – салымшыларға сенімгерлік басқарушылардың (ҚРҰБ пен ИПБ) басқаруындағы зейнетақы активтерінің портфельдері бойынша түрлі деректерді бір ақпараттық алаңда салыстыруға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық ресурс. Салымшы мұнда инвестициялық портфельдерді өз бетінше бағалауға, сондай-ақ өзінің мақсаттары мен күтетін нәтижесіне сай келетін басқарушы компания мен оның инвестициялық стратегиясын таңдауға мүмкіндік беретін құралдарды пайдалана алады.

Бұдан бөлек, invest.enpf.kz платформасында салымшы ИПБ-лардың инвестициялық декларацияларымен танысып, олардың қаржылық көрсеткіштерін талдай алады. Сондай-ақ ИПБ-ларға қатысты реттеуші орган – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚР ҚНРДА) тарапынан қолданылған әкімшілік шаралар, санкциялар мен ықпал ету шаралары туралы ақпаратты да (олар болған жағдайда) көре алады.

  1. Зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ-дан басқарушы компанияға беру қалай жүзеге асырылады?

Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру үшін салымшы алдымен ИПБ-ны таңдап, содан кейін белгіленген нысан бойынша өтініш береді.

Өтінішті enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте немесе invest.enpf.kz интернет-платформасында электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, сондай-ақ БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне барып беруге болады.

Жеке кабинетте салымшы, сондай-ақ:

  • ИПБ-ға/ҚРҰБ-қа беруге немесе қайтаруға қолжетімді соманы тексере алады;

  • ИПБ-ны таңдау (өзгерту) туралы немесе ИПБ-ның сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын ҚРҰБ-тың сенімгерлік басқаруына қайтару туралы өтініш беру ережелері және талаптарымен таныса алады;

  • ИПБ-ны таңдау (өзгерту) туралы немесе ҚРҰБ-қа қайтару туралы өтініш беріп, оның мәртебесін қадағалай алады;

  • басқа да қолжетімді зейнетақы қызметтерін пайдалана алады.

Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға аудару туралы берілген өтініштің мәртебесін сайттағы жеке кабинеттен немесе БЖЗҚ-ның мобильді қосымшасынан бақылауға болады.

ИПБ-ға аударуға өтініш беру және оларды БЖЗҚ-да өңдеу рәсімдері толық автоматтандырылған. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген мерзім ішінде береді.

Бұл ретте зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екіншісіне аудару немесе оларды ҚРҰБ-тың басқаруына қайтару алғашқы аударылған күннен бастап кемінде бір жыл өткен соң жүзеге асырылуы мүмкін.

  1. Салымшылар зейнетақы активтерін басқару туралы толық ақпаратты қайдан алып, басқарушы компаниялардың қызмет нәтижелерін қалай бақылай алады?

БЖЗҚ – барлық салымшылар үшін бірыңғай есепке алу және ақпараттық орталық, сондай-ақ активтерді кім басқаратынына қарамастан (ҚРҰБ және/немесе салымшы таңдаған ИПБ) олардың жеке зейнетақы шоттарының операторы.

БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқаруға байланысты қолжетімді қызметтер мен сервистерді ұсынады. Азаматтардың зейнетақы жинақтары, оның ішінде инвестициялық табыс ескерілген ақпарат enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасында 24/7 режимінде берілетін үзінді көшірмелерде толық көрсетіледі.

Әр басқарушының инвестициялық қызметі туралы ақпарат enpf.kz сайтындағы «Статистика және талдау» – «Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару» бөлімінде тұрақты түрде жаңартылып отырады.

Сонымен қатар, БЖЗҚ салымшылары үшін invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы жұмыс істейді. Бұл – барлық басқарушылардың (ҚРҰБ пен ИПБ) активтерді басқару нәтижелерін өзара салыстыруға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық ресурс. Invest.enpf.kz платформасы инвестициялық табыстылық туралы ақпаратқа қол жеткізуге, белгіленген кезең аралығындағы басқарушылар мен олардың инвестициялық портфельдері бойынша деректерді салыстыруға және инвестициялық шешімдерді саналы түрде қабылдауға мүмкіндік береді.

«БЖЗҚ» АҚ зейнетақы төлемдерін уақытылы рәсімдеудің маңыздылығын ескертеді
22 сентября 2026

«БЖЗҚ» АҚ (БЖЗҚ, Қор) міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар, жалпыға белгіленген зейнеткерлік жасқа толған, сондай-ақ мерзімсіз уақытқа бірінші және екінші топтағы мүгедектік белгіленген адамдардың БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін белгіленген кесте бойынша алуға құқығы бар екенін еске салады.

Еске сала кетейік, жасына байланысты зейнетақыны жалпыға белгіленген зейнеткерлік жасқа толған адамдар ала алады: ерлер – 63 жасқа, әйелдер – 2026 жылы 61 жасқа толғанда.

БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері зейнетақы жинақтары толық таусылғанға дейін жүзеге асырылады.

БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін зейнеткерлік жасқа толуына байланысты тағайындату үшін алушылар тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) уақытылы жүгінуі қажет. Алушы зейнеткерлік жасқа толғанға дейін 10 күн бұрын ХҚКО-ға өтінішпен бірге қажетті құжаттарды тапсыра алады. Осы мерзімді қатаң сақтауға кеңес береміз, өйткені бұл мемлекеттік зейнетақыны алу үшін аса маңызды. Оны тағайындау кезінде ұсынылған құжаттар бойынша еңбек өтілін тексеру талап етіледі.

Зейнетақы өтініш берілген күннен бастап тағайындалады. Бұл ретте БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін тағайындауға өтініш зейнеткерлік жасқа толғанға дейін берілген жағдайда, өтініш берген күн зейнеткерлік жасқа толған күн болып есептеледі. Ал зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін жүгінген жағдайда, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында өтініштің тіркелген күні өтініш берген күн болып есептеледі. 

Сонымен қатар, телефон нөмірлері eGov мобильді азаматтар базасында тіркелген болашақ зейнеткерлерге 1414 нөмірінен зейнеткерлік жасқа толуына 2 ай қалғанда SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарламада зейнетақы төлемдерін уақытылы тағайындату үшін жақын жердегі Мемлекеттік корпорация бөлімшесіне жүгінуге болатыны туралы ескертіліп, egov.kz сайтындағы қажетті құжаттар тізбесінің сілтемесі көрсетіледі. Яғни зейнетақы төлемдерінің белгіленген мерзімде рәсімделуі үшін мемлекеттік органдар тиісті хабарламалар жібереді, өйткені өткізіп алған кезең үшін төлемдер тағайындалмайды.   

Сонымен бірге, зейнеткерлік жасқа толған, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар, бірақ олар бойынша төлем алу үшін жүгінбеген азаматтарға қатысты Қор «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп, осы азаматтарға жыл сайын жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің және бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің тағайындалған-тағайындалмағанын тексеру мақсатында салыстырып тексеру жүргізеді. Оның нәтижелері бойынша БЖЗҚ төлемдерді проактивті форматта, яғни өтінішсіз жүзеге асырады.

 Бұдан бөлек, 2026 жылғы наурыздан бастап дәл осындай өтінішсіз тәртіп ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарына қатысты да енгізілді. Бұл тәртіп зейнеткерлік жасқа толған, БЖЗҚ-да ЕЗЖ есебінен зейнетақы жинақтары бар және бұған дейін 50 жасқа толуына немесе мүгедектігіне байланысты төлем алу үшін БЖЗҚ-ға жүгінбеген адамдарға қолданылады.

ЕЗЖ есебінен (болған жағдайда)  зейнетақы төлемдерін өтінішсіз тағайындау тәртібі:

  • зейнеткерлік жасқа толуына байланысты мемлекеттік бюджеттен зейнетақы және міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен төлемдер алу үшін белгіленген тәртіппен Мемлекеттік корпорацияға өтініш берген кезде БЖЗҚ-ның ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін автоматты түрде тағайындауы;

  • ЕЗЖ есебінен төлемдерді проактивті қызмет шеңберінде жүзеге асыру.

Мүгедектік белгіленуіне, 50 жасқа толуына байланысты ЕЗЖ есебінен төлем алу үшін БЖЗҚ бөлімшелеріне немесе ресми сайтындағы (enpf.kz) жеке кабинет арқылы, сондай-ақ электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, БЖЗҚ мобильді қосымшасы арқылы жүгіну қажет.

Мүгедектігі бар адамдар үшін БЖЗҚ-да көшпелі қызмет көрсету ұйымдастырылған. Бұл ретте алдын ала ақыл-кеңес беріліп, қызметтерді қашықтан алу мүмкіндігі тексеріледі.

enpf.kz сайтында зейнетақы төлемдерінің түріне, құжаттарды ұсыну тәсіліне қарай қажетті құжаттар тізбесі, құжаттарды рәсімдеуге қойылатын талаптар, өтініш бланкілері және оларды толтыру үлгілері, сондай-ақ сенімхат үлгісі орналастырылған. «Электрондық сервистер» бөлімінде БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алуға жіберілетін құжаттарды алдын ала тексеру мүмкіндігі қарастырылған.

2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап БЖЗҚ салымшылары зейнетақы жинақтарын басқарудың кеңейтілген мүмкіндіктеріне ие болды
22 сентября 2026

2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне енгізілген, салымшылардың өз зейнетақы жинақтарын басқару мүмкіндіктерін кеңейтетін өзгерістер[1] күшіне енді. Жаңа өзгерістерге сәйкес, енді салымшы (алушы) жеке зейнетақы шотындағы (ЖЗШ) міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) және ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының 100%-на дейін инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) сенімгерлік басқаруына бере алады.

Бұл ретте МЗЖ және ЕЗЖ есебінен жинақтары бар салымшылар, сондай-ақ олар үшін МКЗЖ және ЕЗЖ аударылған жеке тұлғалар өздерінің сенімгерлік басқаруға берілетін жинақтарының көлемін дербес айқындауға, сондай-ақ қаржылық мақсаттарына сәйкес бір немесе бірнеше ИПБ-ны және бір немесе бірнеше инвестициял         ық портфельді таңдауға құқылы.

Заңнамаға сәйкес, ИПБ үш инвестициялық портфельге дейін қалыптастыра алады: консервативті, қалыпты және тәуекелді. Олар тәуекел деңгейі, күтілетін кірістілік және инвестициялау мерзімдері бойынша ерекшеленеді. Әртүрлі инвестициялық портфельдерді таңдау мүмкіндігі Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 37-1-бабында бекітілген. Оларды қалыптастыруға қойылатын талаптарды қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

Зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушылардың сенімгерлік басқаруына беру тәртібі және инвестициялық мүмкіндіктер туралы толық ақпарат БЖЗҚ сайтында және invest.enpf.kz платформасында қолжетімді.

Осылайша, зейнетақы жүйесі салымшы пассивті рөл атқаратын модельден адамның өзінің ұзақмерзімді зейнетақы жинақтарын басқаруға саналы түрде қатысуын көздейтін жүйеге біртіндеп ауысуда. Инвестициялық стратегияны таңдау мүмкіндіктерінің кезең-кезеңімен кеңеюі және зейнетақы активтерін басқару туралы ақпараттың қолжетімділігін арттыру салымшылардың болашақ зейнетақы табысын қалыптастыруға қатысты шешімдер қабылдауға белсендірек қатысуына жағдай жасайды.

 

[1] "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 7 шілдедегі № 334-VIII Заңы 

«БЖЗҚ» АҚ-да зейнетақы жинақтарын басқарудың жаңа мүмкіндіктері тақырыбындағы ашық есік күні қалай өтті?
22 сентября 2026

2026 жылғы қыркүйектің 22 күні «БЖЗҚ» АҚ (БЖЗҚ, Қор) ұйымдастырған кезекті Ашық есік күні өткізілді. Іс-шара «Салымшылардың өз зейнетақы активтерін басқаруға қатысуы және инвестициялық портфельді басқарушылар туралы ақпаратты өз бетінше алуға болатын invest.enpf.kz порталы» тақырыбына арналды.

Кездесу қатысушыларына 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап қолданылатын Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне енгізілген, БЖЗҚ салымшыларының зейнетақы жинақтарын басқару бойынша стратегиялар мен портфельдерді өз бетінше таңдау құқықтарын едәуір кеңейтетін өзгерістер туралы толық ақпарат ұсынылды.

Осы өзгерістерге сәйкес салымшылар өз жинақтарының 100%-ына дейін инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) сенімгерлік басқаруға бере алады. Жаңа мүмкіндіктердің жинақтарды басқарудың ұзақ мерзімді кірістілігін арттыруға бағытталғаны, бұл ретте ең қолайлы инвестициялық стратегиясы мен кірістілік тарихы бар ИПБ-ны таңдау мүмкіндігі берілетіні түсіндірілді.

Қатысушыларға міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) және ерікті зейнетақы жарналарының (ЕЗЖ) салымшылары, сондай-ақ өздері үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) және ЕЗЖ аударылған жеке тұлғалар өз жинақтарының сенімгерлік басқаруға берілетін көлемін өз бетінше айқындай алатыны, сондай-ақ өздерінің қаржылық мақсаттарына сәйкес бір немесе бірнеше ИПБ-ны, бір немесе бірнеше инвестициялық портфельді таңдай алатыны айтылды.

БЖЗҚ мамандары салымшыларға ыңғайлы болу үшін іске қосылған, зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруға қатысты негізгі ақпаратты біріктіретін invest.enpf.kz бірыңғай ақпараттық интернет-платформасымен де таныстырды. Платформа кірістілік туралы ақпаратқа ыңғайлы әрі құрылымдалған қолжетімділікті қамтамасыз етеді, сондай-ақ белгіленген кезеңдер аралығындағы деректерді динамикада салыстыруға, барлық сенімгерлік басқарушылардың (ҚР Ұлттық Банкі мен ИПБ) басқаруындағы портфельдер бойынша түрлі көрсеткіштерді салыстырып, зерделеуге мүмкіндік береді. Салымшы инвестициялық портфельдерді бағалап, өзінің мүдделерін ескере отырып басқарушы мен оның инвестициялау стратегияларын өз бетінше таңдай алады.

Сондай-ақ ИПБ басқаруына берілген зейнетақы жинақтарын қорғау тетіктеріне қатысты сұрақтарға жауаптар берілді.

Кездесу барысында «БЖЗҚ» АҚ мамандары жаңашылдықты енгізу талаптарын түсіндіріп қана қоймай, ИПБ-ны қалай дұрыс таңдау және зейнетақы жинақтарын қалай аудару керектігін айтып, қатысушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің отандық зейнетақы жүйесіне қатысты басқа да сұрақтарына жауап берді.

«Ашық есік күніне» қатысушылардың пікірінше, кездесу жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, қызу пікірталастармен ерекшеленді. «БЖЗҚ» АҚ өкілдері Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне енгізіліп жатқан өзгерістердің барлық ерекшеліктерін түсінікті әрі қолжетімді түрде түсіндірді.

Зейнетақы жинақтарын басқарудың жаңа мүмкіндіктері «БЖЗҚ» АҚ Ашық есік күніне шақырады
14 сентября 2026

Әр қазақстандықтың зейнетақы жинақтары – тиімді басқаруға болатын қаржылық ресурс. «БЖЗҚ» АҚ (БЖЗҚ, Қор) салымшылары өз жинақтарының кірістілігіне дербес ықпал ете алады. Ол үшін зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) беру мүмкіндігі бар. ИПБ зейнетақы активтерін кіріс алу мақсатында инвестициялық декларацияда көзделген акцияларға, облигацияларға, валютаға және басқа да қаржы құралдарына инвестициялайды.

БЖЗҚ Қазақстан халқының қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөледі. Жыл басынан бері Қор 600 мың адамды қамтыған 30 мыңға жуық ақпараттық кездесу өткізді, сондай-ақ 220 мыңнан астам өтінішті қарады.

2026 жылғы 22 қыркүйекте «БЖЗҚ» АҚ барша ниет білдірушілерді «Салымшылардың өз зейнетақы активтерін басқаруға қатысуы және инвестициялық портфельді басқарушы компаниялар туралы ақпаратты өз бетінше алуға арналған invest.enpf.kz порталы» тақырыбында өтетін кезекті Ашық есік күніне қатысуға шақырады. Іс-шара офлайн форматта өтеді.

Өткізілетін мекенжайы:

«СҚО Мамлют ауданы әкімінің аппараты» С.Мұқанов  көш-сі 12, Мамлют қ, Мамлют ауданы СҚО

Кездесу барысында Сіз:

  • ҚР Әлеуметтік кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты салымшылар үшін қандай мүмкіндіктер пайда болғанын;

  • ИПБ қандай қызметтер ұсынатынын;

  • ИПБ-ны қалай таңдауға және зейнетақы жинақтарын оған қалай беруге болатынын;

  • зейнетақы жинақтарын ИПБ басқаруына берген кездегі оларды қорғау тетіктерін;

  • бірыңғай ақпараттық интернет-платформа – enpf.kz сайтын пайдалану тәсілдері мен оның артықшылықтары туралы білесіз.

Сонымен қатар БЖЗҚ мамандары қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, зейнетақы жүйесіне қатысты мәселелер бойынша жеке кеңестерін ұсынады.

Барша ниет білдірушілерді Ашық есік күніне қатысып, зейнетақы жинақтарын басқару мүмкіндіктері туралы өзекті әрі сенімді ақпарат алуға шақырамыз.

«БЖЗҚ» АҚ өз салымшыларын, алушыларды және барша ниет білдірушілерді «Ашық есік күнінде» күтеді!

БЖЗҚ «Halyk Global Markets» АҚ-мен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шартты бұзу жоспарланғанын еске салады
02 сентября 2026

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) 01.01.2026 ж. бастап салымшылардан зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушы (бұдан әрі – ИПБ) «Halyk Global Markets» АҚ беру туралы жаңа өтініштерді қабылдау тоқтатылғанын еске салады. Бұл шешім 2025 жылғы 31 желтоқсанда аталған ИПБ-ның бастамасы бойынша 2021 жылғы 18 ақпандағы № 17/6/18-02-21/П Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шартты (бұдан әрі – Шарт) 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бұзу жоспарланып отырғаны туралы хабарламаның алынуына байланысты қабылданды.

Бұған дейін ИПБ-ға берілген барлық зейнетақы жинақтары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің (бұдан әрі — ҚРҰБ) басқаруына берілгенге дейін қолданыстағы шарттарға сәйкес «Halyk Global Markets» АҚ басқаруында қала береді. Қолданыстағы Ережелерге сәйкес, ИПБ Шарт бұзылғанға дейін өз міндеттемелерін толық көлемде орындауға, соның ішінде бекітілген инвестициялық стратегияны, активтердің сақталуы жөніндегі талаптарды және есептілікті сақтауға міндетті.

Басқару мерзімі аяқталғаннан кейін БЖЗҚ ИПБ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерін ақшалай түрде толық көлемде ҚРҰБ-ға сенімгерлік басқаруға қайтаруды жүзеге асырады. Бұл ретте теріс айырма пайда болған жағдайда, ИПБ оны толық көлемде өтейді. ИПБ-ның теріс айырманы есептеуі мен өтеу мерзімдері Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2023 жылғы 7 маусымдағы № 43 қаулысымен регламенттелген.

Салымшылардың (зейнетақы жинақтары ИПБ сенімгерлік басқаруына берілген күннен бастап кемінде бір жыл өткен соң) зейнетақы жинақтарын ҚРҰБ сенімгерлік басқаруына немесе басқа ИПБ-ға беруді жүзеге асыруға құқылы екенін еске саламыз.

Статистикалық деректерге сәйкес, 2026 жылдың басынан бері «Halyk Global Markets» АҚ-дан басқа ИПБ-ларға жалпы сомасы 765,5 млн теңгеге зейнетақы жинақтары бойынша 441 аударым жасалды. Осы кезеңде ҚРҰБ басқаруына жинақтарды қайтару бойынша жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеге 881 аударым жасалды. Бұл ретте ИПБ-ның әрбір салымшысы өзінің зейнетақы жинақтарын басқа ИПБ-ларға немесе ҚРҰБ басқаруына бір реттен көп аударуға құқылы болды.

Отандастарымыздың зейнетақы жинақтарының көлемі 28,35 трлн теңгеге жетті
02 сентября 2026

Қазақстандықтардың «БЖЗҚ» АҚ-дағы (БЖЗҚ, Қор) зейнетақы жинақтарының көлемі 2026 жылдың 1 тамызына 28,35 трлн теңге болды. 12 айдағы өсім – 3,50 трлн теңге немесе 14,1%. Зейнетақы жинақтарының негізгі бөлігі міндетті зейнетақы жарналарынан (МЗЖ) қалыптасқан. 2026 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша жарнаның бұл түрінің есепті күндегі көлемі – 26,31 трлн теңге, 12 айда 2,69 трлн теңгеге немесе 11,4% өсті.

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары 12 айда 6,6%-ға ұлғайып, 751,56 млрд теңгеден асты. Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақ көлемі де ұлғайды: 2026 жылғы 1 тамызға оның көлемі 10,41 млрд теңге болып, 12 айда 14,9% өсім көрсетті.

Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына 2024 жылғы 1 қаңтардан түсе бастаған жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) да айтарлықтай ұлғаюда. 12 ай ішінде 2,5 есеге ұлғайып, 2026 жылдың 1 тамызына 1 273,93 млрд теңге болды.

Түсімдер

Зейнетақы жинақтарының көлемі зейнетақы жарналары мен инвестициялық кіріс түріндегі кіріс ағындары есебінен ұлғаяды. 2026 жылдың алғашқы 7 айында салымшылардың жеке және шартты зейнетақы шоттарына 2 127,27 млрд теңге түсті, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 15,7%-ға (немесе 289,09 млрд теңгеге) артық.

МЗЖ есебі жүргізілетін жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) 2026 жылдың басынан бастап 2026 жылғы 1 тамызға дейін 1 630,80 млрд теңге (өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда МЗЖ көлемі 8,1%-ға ұлғайды), МКЗЖ – 87,69 млрд теңге (өсім – 11,0%), ЕЗЖ – 1251,28 млн теңге түсті. Жыл басынан бастап 01.08.2026ж. жағдай бойынша ЖМЗЖ есебінен жарналар 407,53 млрд теңгені құрады.

Жыл басынан бері салымшылардың шоттарына түскен таза инвестициялық кіріс 01.08.2026ж. жағдай бойынша 1233,05 млрд теңгені құрады.

Төлемдер мен аударымдар

2026 жылғы қаңтар-шілде айларында БЖЗҚ-дан жарналардың барлық түрлері бойынша жасалған төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдар 1083,51 млрд теңгені құрады.

Зейнет жасына толуына байланысты төлемдер 170,95 млрд теңгеге жетті. БЖЗҚ-дан зейнет жасына толуына байланысты кесте бойынша берілетін орташа айлық төлем – 38 9993 теңге.

2026 жылдың басынан бастап 01.08.2026 жылға тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) 435,20 млрд теңге, мұрагерлік бойынша 63,06 млрд теңге, ҚР-дан тыс жерге тұрақты тұруға кетуге байланысты 28,13 млрд теңге, мүгедектігі бар адамдарға – 2,05 млрд теңге, жерлеуге – 5,56 млрд теңге көлемінде төлем жасалды. Сақтандыру ұйымдарына 378,56 млрд теңге аударылды.

ЖЗШ саны

2026 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарының жалпы саны – 18,89 млн бірлік (12 айдағы өсім – 1,12 млн бірлік немесе 6,3%). Бұл ретте салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ саны 2026 жылдың 1 тамызында 12,84 млн бірлік болды. Оның ішінде: 11,39 млн - МЗЖ бойынша, 789,48 мыңы - МКЗЖ бойынша, 463,69 мыңы – ЕЗЖ есептелетін шоттар. Айта кетейік, МЗЖ есебі жүргізілетін шоттардың жалпы санына (11,39 млн бірлік) елден тысқары жерлерге тұрақты тұруға кеткен, бірақ жинақтарын алу үшін жүгінбеген алушылардың, мұрагерлері зейнетақы жинақтарын мұраға ресімдемеген қайтыс болған салымшылардың, 2016 жылдан бастап зейнетақымен мемлекеттік қамсыздандырылуға толық ауыстырылған әскери қызметшілердің және шоттарына Қазақстан заңнамасына сәйкес жарналар түспеуі тиіс салымшылардың (алушылардың) басқа да санаттарының шоттары кіреді.

БЖЗҚ-дағы ЖМЗЖ туралы мәліметтер ескерілетін шартты зейнетақы шоттарының саны - 6,06 млн бірлік.

Зейнетақы активтеріне қатысты барлық өзекті ақпарат enpf.kz сайтындағы «Статистика және аналитика» бөлімінде орналастырылған.

2026 жылғы 1 тамыздағы зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижелері
02 сентября 2026

Салымшылардың инвестициялық кірісі Қазақстан Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ), сондай-ақ инвестициялық портфельді жеке басқарушылардың (ИПБ) зейнетақы активтерін басқару есебінен қалыптастырылады.

ҚРҰБ-тың міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен зейнетақы активтерін басқару жөніндегі инвестициялық қызметінің нәтижесінде 2025 жылдың тамызынан бастап 2026 жылдың шілдесін қоса алғанда 12 айда есептелген инвестициялық кірістің мөлшері шамамен 1,81 трлн теңгені құрады, осы кезеңдегі кірістілік 7,13% болды.

Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) есебінен 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша соңғы 12 айда есептелген инвестициялық кіріс 153,93 млрд теңгені құрады, кірістілік 19,12%.

Еске сала кетейік, зейнетақы активтерінің жекелеген қысқа мерзімді кезеңдердегі кірістілігі оларды ұзақ мерзімді басқару тиімділігінің көрсеткіші бола алмайды. Сондықтан инвестициялық кірістің мөлшерін объективті талдауды ұзақ мерзімді кезеңге жасаған жөн.

1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған сәттен бастап жинақталған инвестициялық кірістілік 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша өспелі қорытындымен бүкіл кезеңдегі 1001,29% инфляция кезінде 1 111,11% құрады.

 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 01.04.2014 жылдан бастап (зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілгеннен кейін) жинақталған, ҚРҰБ тапқан таза инвестициялық кіріс 14,68 трлн теңгеден асты. Оның салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі үлесі – жүргізілген төлемдер есебімен 41,1% құрайды, бұл инвестициялық қызметтің зейнетақы жинақтары құрылымындағы маңыздылығының айғағы.

Естеріңізге сала кетейік, салымшылар зейнетақы активтерінің бір бөлігін (міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарының 50%-на дейін және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарының 100%-на дейін) реттеушінің талаптарына сәйкес келетін жеке инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ) басқаруға аударуға құқылы.

Бұл ретте салымшылар ИПБ жұмыс істейтін үш инвестициялық портфельдің бірін таңдай алады:

  • жасына қарамастан барлық салымшыларға сәйкес келетін Ki (12) портфелі. Ол бойынша ең төменгі кірістілік деңгейі соңғы 12 айда бағаланады;

  • Ki (36) портфелі, ол зейнетке шыққанға дейін кемінде 3 жыл қалғандарға арналған. Кірістіліктің ең төменгі деңгейі 36 айдың қорытындысы бойынша бағаланады;

  • ұзақ мерзімді көкжиегі (зейнеткерлікке шыққанға дейін 13 жылдан астам) бар салымшыларға арналған Ki (60) портфелі. Ең төменгі кірістілік деңгейі 60 ай ішінде анықталады.

Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару мен есепке алудың бүкіл жүйесі ашық: әрбір салымшының enpf.kz сайтындағы жеке кабинетінде немесе мобильді қосымшада өзінің инвестициялық табысын көруге мүмкіндігі бар.

БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және БЖЗҚ зейнетақы активтері орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат БЖЗҚ ресми сайтындағы (www.enpf.kz) "Статистика және аналитика/зейнетақы активтерін инвестициялық басқару" бөлімінде, сондай-ақ invest.enpf.kz порталында жарияланады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның демографиялық сипаттамасы және болашаққа болжамдар
02 сентября 2026

2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны шамамен 20,5 млн адамға жетті. Оның ішінде 25 жасқа дейінгі азаматтар – 8,79 млн адам (42,9%), 25 жастан 65 жасқа дейінгілер – 9,73 млн адам (47,5%), 65 жастан асқандар – 1,98 млн адам (9,6%)[1]. Демографиялық болжамдарға сәйкес, 2050 жылға қарай халық саны 26,5 млн адамға дейін өседі.

Қазақстан халқы санының өсуімен қатар оның жас құрылымы да өзгеруде: өмір сүру ұзақтығы артып, туу деңгейі төмендеп, егде жастағы азаматтардың үлесі өсуде, сондай-ақ еңбекке қабілетті халық санының зейнеткерлер санына арақатынасы қысқаруда. Бұл өзгерістер елдің әлеуметтік-экономикалық жүйесіне, оның ішінде зейнетақы жүйесіне елеулі ықпал етуде.

Демография мен еңбек нарығындағы жаһандық үрдістерді ескере отырып, Мемлекет басшысы өз Жолдауында «зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту, ұзақ мерзімді теңгерімді және зейнетақылардың лайықты деңгейін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау» міндетін қойды.

Өмір сүру ұзақтығы және егде жастағы адамдардың үлесі

Күтілетін өмір сүру ұзақтығы (КӨСҰ)[2] 2020-2021 жылдары COVID-19 індетіне байланысты төмендеген 2021 жылғы 70,23 жастан 2025 жылы 75,97 жасқа дейін өсті.

Осындай үрдіс жаһандық деңгейде де байқалады: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бағалауынша, індет кезінде 71,4 жасқа дейін төмендеген әлемдегі орташа күтілетін өмір сүру ұзақтығы 2025 жылға қарай індетке дейінгі деңгейіне қайта оралып, орта есеппен 73,8 жасқа жетті.

Осылайша, Қазақстан күтілетін өмір сүру ұзақтығы көрсеткішінің өсуі бойынша әлемдік көшпен бірге жылжып келеді (кестені қараңыз):

Жыл

2015

2016

2017

2018

2019

2020

2021

2022

2023

2024

2025

Бүкіл халық (жасы)

71,97

72,41

72,95

73,15

73,18

71,37

70,23

74,44

75,09

75,44

75,97

Ерлер (жасы)

67,49

67,99

68,72

68,84

68,82

67,09

66,33

70,26

70,99

71,33

72,91

Әйелдер (жасы)

76,26

76,61

76,92

77,19

77,3

75,53

74,03

78,41

79,06

79,42

79,8

Бұл ретте егде жастағы халық үлесінің айтарлықтай өсуі болжанады. БЖЗҚ мен Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) болжамдарына сәйкес, 2050 жылға қарай 60 және одан жоғары жастағы азаматтардың үлесі Қазақстандағы халықтың жалпы көлемінің 18,8% - на жетеді, бұл халықаралық жіктеу бойынша "демографиялық кәріліктің өте жоғары деңгейі" көрсеткішіне сәйкес келеді. Басқаша айтқанда, ғасырдың ортасына қарай орта есеппен әрбір алтыншы қазақстандық 60 жастан асқан болады.

Халықтың жалпы көлеміндегі 60 және одан үлкен жастағы адамдардың үлес дерегі мен болжамы

Туудың жиынтық коэффициенті

Халықтың құрылымына айтарлықтай әсер ететін көрсеткіштердің бірі – туудың жиынтық коэффициенті (ТЖК). Ол бір әйелдің бүкіл репродуктивтік кезеңі ішінде (яғни шамамен 15 жастан 50 жасқа дейін) орта есеппен қанша бала туатынын көрсетеді.

2020–2021 жылдардағы ТЖК-нің қалыпты өсуінен кейін, оның тұрақты төмендеу үрдісі байқалды: 2021 жылғы 3,32-ден 2022 жылы 3,06-ға дейін, ал 2025 жылы 2,57-ге дейін төмендеді. БҰҰ-ның ұзақ мерзімді болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай Қазақстандағы ТЖК-нің бір әйелге шаққанда 2,39 бала деңгейіне дейін төмендейді.

Қазақстандағы 2015–2025 жылдар аралығындағы ТЖК-нің нақты мәндері төмендегі кестеде көрсетілген:

Жыл

2015

2016

2017

2018

2019

2020

2021

2022

2023

2024

2025

ТЖК

2,74

2,77

2,75

2,84

2,90

3,13

3,32

3,06

2,97

2,80

2,57

Туу деңгейінің төмендеуі – әлемдік деңгейде байқалып отырған үрдіс. Бұл өмір сүру ұзақтығының артуымен қатар жүріп, еңбекке қабілетті жастағы халық үлесінің қысқаруына алып келеді. Соның салдарынан экономикалық белсенді халыққа түсетін демографиялық жүктеме артады.

Көші-қон сальдосы[3]

Қазақстандағы БҰҰ-ның Халықтың қоныстануы саласындағы қорының (UNFPA) өкілдігі «Қазақстан Республикасындағы халықтың ахуалын талдау» атты есебінде 2050 жылға қарай көші-қон сальдосының біртіндеп нөлдік деңгейге (1000 адамға шаққанда 0) жететінін болжайды. Бұл болжам республиканың еңбек күшіне деген жоғары сұраныспен қатар жүретін экономикалық дамуына, этникалық эмиграция әлеуетінің біртіндеп сарқылуына, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстігіндегі елдер халқының жылдам өсуіне негізделген.

Төменде 2021–2025 жылдар аралығындағы иммигранттар мен эмигранттар саны келтірілген:

Жыл

2 021

2 022

2 023

2 024

2 025

Келді

11 039

17 425

25 387

29 282

23 761

Кетті

32 256

24 147

16 094

12 732

7 608

Көші-қон сальдосы

-21 217

-6 722

9 293

16 550

16 153

Осылайша, індеттен кейін Қазақстанға келушілердің жыл сайынғы саны 2021 жылдан бастап 2,15 есе өсті, ал кеткендердің саны 4,24 есе азайды.

Әлеуетті қолдау коэффициенті

Әлеуетті қолдау коэффициенті (ӘҚК) – әлемде еңбекке қабілетті жастағы адамдар санының (25-тен 64 жасқа дейін) 65 жастағы және одан асқан адамдар санына қатынасы ретінде есептелетін көрсеткіш. Бұл коэффициенттің төмендеу үрдісі жалғасып келеді.

Еңбекке қабілетті жастағы адамдардың (25–64 жас) егде жастағы адамдарға (65 жас және одан жоғары) арақатынасы 2012 жылғы 7,68-ден 2025 жылы 4,95-ке дейін төмендеді. Егде жастағы халық санының күтілетін өсімін 25-тен 64 жасқа дейінгі халық үлесінің қысқаруымен ұштастыра отырып (диаграмманы қараңыз) жасалған болжамдарға сәйкес (БЖЗҚ-да, БҰҰ-да), Қазақстанда 2025-2050 жылдар кезеңінде ӘҚК 1,4 еседен астам төмендейтінін білдіреді: 65+ жастағы 1 адамға шаққанда еңбекке қабілетті жастағы 3,42 адам ғана келеді. 

Әлеуетті қолдау коэффициенті бойынша нақты дерек пен болжам

Осылайша, бүкіл әлемдегідей, Қазақстандағы демографиялық өзгерістер де ел бюджетіне түсетін әлеуметтік жүктемені күшейтетін болады. Мұндай жағдайда жинақтаушы зейнетақы жүйесінің маңызы арта түседі. Бұл жүйеде болашақ зейнетақы жұмыскер мен жұмыс берушінің жарналары есебінен қалыптастырылады, соның нәтижесінде бюджетке ұзақ мерзімді кейінге қалдырылған міндеттемелер жүктелмейді, зейнетақы жүйесінің теңгерімділігі мен қаржылық тұрақтылығы қамтамасыз етіледі және оның демографиялық факторларға тәуелділігі төмендейді.

Демографиялық өзгерістер жағдайындағы жеке зейнетақыны жоспарлау

Демографиялық өзгерістер (халықтың қартаюы, өмір сүру ұзақтығының артуы, бала туу деңгейінің төмендеуі) жағдайында жеке зейнетақыны жоспарлаудың рөлі артып келеді.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесі азаматтарға тұрақты жарналар мен инвестициялық кіріс есебінен өздерінің болашақ зейнетақы түріндегі табыстарына өз бетінше ықпал етуге мүмкіндік береді.

2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне енгізілген өзгерістер зейнетақы жинақтарын басқарудың қосымша мүмкіндіктерін ұсынады. БЖЗҚ салымшылары өздерінің зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейін инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) сенімгерлік басқаруға бере алады. Бұдан басқа, әрбір ИПБ тәуекел деңгейі, күтілетін кірістілігі және инвестициялар құрылымы бойынша ерекшеленетін үш инвестициялық портфельге дейін (консервативті, қалыпты және тәуекелі жоғары) ұсына алады. Бұл салымшыларға өздерінің қаржылық мақсаттарына сәйкес келетін инвестициялық стратегияны таңдауға мүмкіндік береді.

ҚРҰБ мен ИПБ-ның инвестициялау нәтижелері туралы толық ақпаратты БЖЗҚ-ның invest.enpf.kz арнайы порталынан алуға болады. Зейнетақыны болжау және жоспарлау үшін БЖЗҚ екі ыңғайлы сервис – «Зейнетақы калькуляторы» және «Дербес зейнетақы жоспарын» ұсынады. Олар БЖЗҚ сайтында және мобильді қосымшасында қолжетімді. Осы сервистердің көмегімен болашақ зейнетақы мөлшерін есептеп, келешек кірісті арттырудың ықтимал жолдарын анықтауға болады.

[1] Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының (ҚР СЖРА ҰСБ) деректері бойынша

[2] Халықтың өлім-жітім деңгейі қарастырылып отырған жылғыдай сақталған жағдайда, адамның орташа өмір сүру ұзақтығының күтілетін мәні

[3] Белгілі бір кезең ішінде қандай да бір аумаққа келгендер саны мен одан кеткендер (қоныс аударғандар) санының арасындағы айырмашылық.

Зейнетақы жинақтары – өз бақылауыңызда: БЖЗҚ салымшыларының инвестициялық мүмкіндіктері кеңейтілуде
02 сентября 2026

2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексіне[1] енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Бұл өзгерістер БЖЗҚ салымшыларының зейнетақы жинақтарын басқару стратегиялары мен инвестициялық портфельдерді өз бетінше таңдау құқықтарын едәуір кеңейтеді. Енді салымшылар өздерінің зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейін инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) сенімгерлік басқаруына бере алады.

Жаңашылдықтардың мақсаты – ең қолайлы инвестициялық стратегиясы мен табыстылық тарихы бар ИПБ-ны таңдау арқылы жинақтарды басқарудың ұзақ мерзімді кірістілігін арттыру.

Міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) және ерікті зейнетақы жарналарының (ЕЗЖ) салымшылары, сондай-ақ пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) мен ЕЗЖ аударылатын жеке тұлғалар сенімгерлік басқаруға берілетін зейнетақы жинақтарының көлемін өз бетінше айқындауға, бір немесе бірнеше ИПБ-ны, сондай-ақ өздерінің қаржылық мақсаттарына сәйкес бір немесе бірнеше инвестициялық портфельді таңдауға мүмкіндік алады.

Таңдау мүмкіндігі арта түседі

Заңнамаға сәйкес әрбір ИПБ салымшыларға тәуекел деңгейі, инвестициялар құрылымы және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленетін инвестициялық портфельдердің үш түріне дейін (консервативті, теңгерімді және тәуекелі жоғары) ұсына алады. Үш түрлі портфельдің болуы инвестицияларды салымшының жасына және жеке мүдделеріне қарай бейімдеуге мүмкіндік береді. Ал жинақтарды бірнеше ИПБ арасында бөлу құқығы олардың табыстылығының ауытқуына тәуелділікті азайтады.

ИПБ-ның инвестициялық портфельдерін қалыптастыруға қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) айқындайды.

Барлық ақпарат – бір платформада

Салымшыларға қолайлы болу үшін БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруға қатысты негізгі ақпаратты біріктіретін invest.enpf.kz бірыңғай ақпараттық интернет-платформасын іске қосты. Платформа табыстылық туралы ақпаратқа ыңғайлы әрі құрылымдалған қолжетімділікті қамтамасыз етеді, белгіленген кезеңдер бойынша әртүрлі басқарушылардың (ҚР Ұлттық Банкі мен ИПБ-лардың) басқаруындағы инвестициялық портфельдердің көрсеткіштерін динамикада салыстыруға мүмкіндік береді.

Салымшы инвестициялық портфельдерді бағалап, өзінің мүддесі мен инвестициялық мақсаттарына сәйкес басқарушыны және оның инвестициялық стратегияларын дербес таңдай алады.

Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға қалай беруге болады?

Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру үшін салымшы зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат етілген инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) тізілімінен басқарушы компанияны таңдауы және өтініш беруі қажет. (Толық ақпарат БЖЗҚ сайтындағы «Қызметтер – Сенімгерлік басқаруға аудару – Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінде орналастырылған.)

Өтінішті:

  • kz сайтындағы жеке кабинет арқылы (электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып);

  • жеке басын куәландыратын құжатты ұсыну арқылы БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесінде беруге болады.

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ға беру, бір ИПБ-дан екіншісіне ауыстыру немесе жинақтарды ИПБ-дан Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) басқаруына қайтару бойынша қадамдық нұсқаулық мына сілтеме бойынша орналастырылған: https://www.enpf.kz/kz/services/Invest/22218/. 

Өтініштің орындалу мәртебесін БЖЗҚ сайтындағы немесе мобильді қосымшасындағы жеке кабинеттен («Өтініштер» бөлімі) қадағалауға болады. Өтініштерді қабылдау және өңдеу үдерісі толық автоматтандырылған. Зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беру өтініш келіп түскен күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде БЖЗҚ арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екіншісіне ауыстыруға немесе оларды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруына қайтаруға жинақтар инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруына берілген күннен бастап кемінде бір жыл өткеннен кейін ғана рұқсат беріледі.

ИПБ басқаруындағы зейнетақы жинақтарын қорғау тетіктері

Зейнетақы жинақтарын басқару мүмкіндіктерінің кеңеюі салымшының жауапкершілігінің де артуын білдіреді. ИПБ-ны таңдау – салымшының дербес шешімі. Ол ұсынылатын инвестициялық стратегияны, инвестициялық портфельдің құрылымын, тәуекел деңгейін және активтерді басқару нәтижелерін өз бетінше бағалайды.

Заңнамада зейнетақы жинақтарын қорғаудың кешенді жүйесі көзделген:

  • ИПБ-ның қаржылық жауапкершілігі. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап табыстылықтың эталоны ретінде қолданылатын композиттік индекстер жүйесі енгізілді. Егер инвестициялық портфельдің табыстылығы белгіленген бағдардан төмен болса, басқарушы компания айырманы өз капиталы есебінен салымшыға өтеуге міндетті.

  • Тәуелсіз кастодиан-банк. Барлық активтер кастодиан-банкте (тәуелсіз ірі банкте) сақталады. Ол активтердің заңнама талаптарына сәйкес орналастырылуын бақылайды. Бұл ретте активтер салымшының БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотында (ЖЗШ) есепке алынуын жалғастырады және ИПБ-ның меншікті активтерінен бөлек сақталады. ИПБ банкрот болған жағдайда салымшылардың зейнетақы активтері оның міндеттемелерін орындауға пайдаланылмайды.

  • Инвестициялық шектеулер және әртараптандыру. Реттеуші ИПБ инвестициялай алатын қаржы құралдарының тізбесін белгілейді. Олардың қатарына Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары, қазақстандық және шетелдік ұйымдардың үлестік және борыштық бағалы қағаздары, сондай-ақ тиісті кредиттік рейтингі бар екінші деңгейдегі банктер мен бейрезидент-банктердегі салымдар кіреді. Жоғары тәуекелді цифрлық және криптоактивтер бұл тізбеге енгізілмеген, сондықтан зейнетақы жинақтарын оларға инвестициялауға жол берілмейді. Сонымен қатар заңнамада инвестициялау лимиттері белгіленген. Әрбір ИПБ реттеуші талаптарын ескере отырып, өзінің инвестициялық декларациясында басқару стратегиясын дербес айқындайды.

  • Басқарушы компанияларға қойылатын талаптар. Зейнетақы активтерін басқаруға қаржылық тұрғыдан орнықты ИПБ ғана жіберіледі. Ол реттеушінің капитал жеткіліктілігіне, клиенттердің активтерін басқару тәжірибесіне, сондай-ақ ірі акционерінің немесе рейтингі «BBB» деңгейінен төмен емес бейрезидент акционерінің болуына қатысты реттеушінің талаптарына сәйкес келуі тиіс. Зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат берілген ИПБ-лар тізілімі ҚНРДА мен БЖЗҚ-ның ресми интернет-ресурстарында жарияланған. Қазіргі уақытта зейнетақы активтерін басқару алты компанияның құзыретінде: «Alatau City Invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ[2], «Halyk Finance» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ және «Tansar Capital» АҚ. ИПБ тізілімнен шығарылған жағдайда салымшылардың зейнетақы жинақтары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруына қайтарылады.

[1]ҚР Әлеуметтік кодексінің 37-1 бабы, 4-тармағы  

 [2] "Halyk Global Markets" АҚ 2027 жылдан бастап сенімгерлік басқару туралы шартты бұзу туралы хабарлама жіберді. Осыған байланысты БЖЗҚ 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салымшылардың зейнетақы активтерін оның басқармасына ауыстыру туралы жаңа өтініштерін қабылдамайды.

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
Құпиялылық саясаты
Терминдер мен қысқартулар
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Өмірлік жағдайлар
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері