Мемлекеттік корпорация және М.Қозыбаев атындағы Солтүстік
Қазақстан университеті тағылымдамаларды ұйымдастырудағы
ынтымақтастық және «Серпін» бағдарламасы бойынша оқыған
студенттерді жұмысқа орналастыру мүмкіндігі туралы келісті.
Өңірдің кадрлық әлеуетін бірлесіп дамыту туралы Меморандумға
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Солтүстік
Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Еркин Жұмабай мен
ЖОО ректоры Ербол Исакаев қол қойды.
Меморандум мемлекеттік қызметтер саласындағы білікті кадрларды
барынша жақсы даярлау және бекіту мақсатында студенттерді
тағылымдамадан өткізуді және жұмысқа орналастыруды ұйымдастыруды
көздейді. Бұл қатысушыларға алған білімдері мен дағдыларын іс жүзінде
аймақ мекемелерінің базасында қолдануға мүмкіндік береді.
«Солтүстік Қазақстан университетімен ынтымақтастық біздің өңір
үшін кәсіби кадрлық резерв құру жолындағы маңызды қадам болып
табылады. Студенттер тағылымдамадан өтіп, құнды тәжірибе жинай алады»,
- деп атап өтті Еркін Жұмабай.
Тараптар бүгінгі іс-шара ЖОО мен Мемлекеттік корпорация
арасындағы одан әрі табысты өзара іс-қимылдың негізін қалағанына, кадрлық
әлеуетті іске асыруға, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға, жастардың өмір
сүру деңгейін арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді.
Айта кетейік, Мемлекеттік корпорация филиалында жоғары оқу
орындарымен ынтымақтастық студенттердің алатын білімге деген
сұранысын арттыруға және жұмыс берушілердің нақты талаптарына баса
назар аудара отырып, оқу бағдарламаларын өзгертуге мүмкіндік беретінін
атап өтті.