Бірыңғай байланыс орталығында рекорд: бір күнде 120 мың өтініш өңделді

Бірыңғай байланыс орталығында рекорд: бір күнде 120 мың өтініш өңделді

2024 жылы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік
Корпорациясы КЕ АҚ-ның Бірыңғай байланыс орталығы 27 миллионнан
астам өтініш өңдеді. Күн сайын Бірыңғай байланыс орталығы 1414 нөміріне
келіп түскен қоңырауларды, Telegram-дағы EgovKzBot 2.0 чат-боты
мен support@goscorp.kz электронды поштасына жолданған
хабарламаларды, сондай-ақ «ХҚКО» мобильді қосымшасы арқылы
жүргізілген бейнеқоңырауларды қоса алғанда 30 мыңнан 90 мыңға дейін
өтініштерді қабылдайды. Жуырда орталықтың 2011 жылдан бастап
жұмыс істеген барлық кезеңінен бері ең жоғары көрсеткіш тіркелді – бір
күнде 120 мың өтініш қабылданды.
Ең көп қойылатын сұрақтар – ЭЦҚ беру және кері қайтарып алу, салық
пен есептік көрсеткіштердің сомасын анықтау, ҚР азаматтарының
төлқұжаттары мен жеке куәліктерін беру.
«Бірыңғай байланыс орталығы өз қызметін бастаған сәттен бастап
мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінде негізгі буынға айналды. 2024 жылы
Бырыңғай байланыс орталығына 27,1 миллион өтініш келіп түсті, ал
қызмет алушылардың консультациялық көмек сапасына қанағаттану
деңгейі 96,8 пайызға жетті. Біз Бірыңғай байланыс орталығының жұмыс
процестерін жетілдіруді жалғастырып, мемлекеттік қызметтерді алу ісін
одан әрі жеңіл әрі қолжетімді ететін боламыз» – деді «Азаматтарға
арналған үкімет» Мемлекеттік Корпорациясының Басқарма
Төрағасы Арман Кенжеғалиев.
2024 жылы Бірыңғай байланыс орталығы ЭЦҚ бойынша 1 023 354
өтініш, төлқұжаттарды беру бойынша 367 428 өтініш, жеке куәліктерді беру
– 228 693, cалық төлеушілерді тіркеу бойынша 114 082 өтініш, бала туғанға
жәрдемақы тағайындау бойынша 81 902 өтініш, бала күтімі бойынша 1,5
жасқа дейінгі әлеуметтік төлемдерге 67 979 өтініш, көпбалалы отбасыларға
арналған жәрдемақы бойынша 64 544 өтінішке жауап берді.
Еске салайық, Бірыңғай байланыс орталығы 1381 мемлекеттік қызмет
бойынша кеңес береді. Қазақстан азаматтары үшін кез келген байланыс
операторы арқылы барлық өтініштер тегін қабылданады.