Ағымдағы жылғы 19 маусымда Мемлекет басшысы «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) қол қойды. Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Заңның 62-бабы 4-тармағына сәйкес телерадио хабарларын тарату саласында лицензиясы жоқ және Қазақстан Республикасының аумағында өзінің спутниктік хабар тарату жүйелері жоқ телерадио хабарларын тарату операторларының теле-, радио сигналын жеке қабылдауға арналған телерадио хабарларын тарату операторларының қызметтеріне шартты қол жеткізу карталарын (бұдан әрі – «сұр тәрелке») таратуға тыйым салынады.
Заңның 62-бабы 5 тармағына сәйкес «сұр тәрелке» қызметтері үшін төлемдерді жүзеге асыруға тыйым салынады.
Сонымен қатар, Заңның 8-бабы 2-тармағының 4) тармақшасына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – ЖАО) «сұр тәрелкелерді» таратуға тыйым салу жөніндегі талаптың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі (бұдан әрі-Министрлік) «Қазақстан Республикасының телерадио хабарларын тарату туралы заңнамасының сақталуына тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 455 бірлескен бұйрығына (бұдан әрі – Бұйрық) тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізді.
Мемлекеттік бақылауды жүргізу бақылау субъектісіне барумен және бармай-ақ профилактикалық бақылау, сондай-ақ жоспардан тыс тексеру жолымен болжанатынын ескере отырып, ЖАО:
- бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау шеңберінде телерадио хабарларын тарату саласындағы заңнаманы сақтамау жөніндегі талаптардың бұзылуын жою туралы ұсыныс хат шығару;
- ҚР Кәсіпкерлік Кодексінің талаптары тәртібінде бекітілген кестеге сәйкес бақылау субъектісіне (объектісіне) бара отырып, профилактикалық бақылау шеңберінде тиісті ұйғарым шығару;
- өтініш берушінің шағымы бойынша жоспардан тыс тексеру шеңберінде субъектіні тексеруді жүзеге асыруға және заңнаманың бұзылуы расталған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы тиісті хаттама жасауға құқылы.
Бұдан басқа, қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның (ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері жөніндегі ілеспе заң) шеңберінде «сұр тәрелкелерді» таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікті белгілеуді көздейтін түзетулер енгізілді.
Мәселен, «сұр тәрелкелерді» тарату жеке тұлғаларға – он, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – елу АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Бір жыл ішінде қайта құқық бұзушылық болған жағдайда – «сұр тәрелкелерді» тәркілей отырып, тиісінше жиырма, қырық, алпыс, жүз АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Аталған Заңға Мемлекет басшысы 2024 жылғы 8 шілдеде қол қойды, жоғарыда аталған түзетулер 2024 жылғы 1 қазаннан бастап күшіне енеді.
Осы фактіні ескере отырып, «сұр тәрелкелерді» таратушылар үшін әкімшілік жауапкершілік нормалары қолданысқа енгізілгенге дейін ЖАО бұзушылықтар анықталған кезде келесі механизмді басшылыққа алады:
- жеке немесе заңды тұлғалар тарапынан шағым түскен жағдайда Кәсіпкерлік Кодекстің 144-бабы 4-тармағы негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізу және көрсетілген бұзушылық анықталған жағдайда тиісті нұсқама береді;
- Кәсіпкерлік Кодекстің 152-бабының 13-тармағына сәйкес бұзушы ұйғарымда белгіленген бұзушылықтарды жою мерзімі өткеннен кейін тексеру жүргізген бақылау және қадағалау органына анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпарат береді;
- нұсқамада көрсетілген бұзушылықтар жойылмаған жағдайда, ЖАО ӘҚБтК-нің 462-бабы 3-тармағына сәйкес бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартады.