9 қазан күні қаламызда мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің мерейтойына орай Қазақстан драма театрларының республикалық фестивалінің ашылу рәсімі өтті. Біздің өңірде республикалық фестивалдің өтпегеніне 20 жылдан асып кетіпті.
Мәдени шараға Алматы, Ақтау, Қарағанды, Павлодар, Талдықорған, Жезқазған және Түркістаннан 10 театр қатысып отыр. Фестивалге еліміздің халық әртісі Асанәлі Әшімов арнайы келді.
Өңірімізде фестивалдің өтуі - айтулы оқиға. Тарихқа көз жүгіртсек, Солтүстік Қазақстан – көптеген талантты драматургтер мен жазушылардың туған жері. Ғабит Мүсірепов, Мағжан Жұмабаев, Иван Шухов және Сәбит Мұқановтың шығармалары еліміздің театрларында сахналануда.
Алдағы бір апта бойы еліміздің үздік театрлары көрермендердің назарына қойылымдарды ұсынбақ. Республикалық фестиваль қатысушыларына шабыт пен шығармашылық табыс тілейміз.