«Абай – дана, Абай – дара» облыстық байқауы

«Абай – дана, Абай – дара» облыстық байқауы

Петропавл қаласының орталық алаңында, Абай мен Пушкин ескерткіштерінің алдында, қазақтың ұлы ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай өзге ұлт өкілдері арасында ақынның өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқудан «Абай – дана, Абай – дара» облыстық байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – Абай шығармашылығы арқылы мемлекеттік тіл мен қазақ әдебиетін кеңінен насихаттау. Шара Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, облыстық Тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен өткізілді. Қатысушылардың жас ерекшелігіне шектеу қойылмады. Байқауға 40-тан астам өтінім түсті.
Барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар әр қатысушыға Тілдерді оқыту орталығы тарапынан басылып шығарылған бата мен тілектер жинағы сыйға тартылды.