Петропавлда Домбыра шеруі өтіп, V халықаралық QYZYLJAR MUSIC FEST фестивалі салтанатты түрде ашылды

Петропавлда Домбыра шеруі өтіп, V халықаралық QYZYLJAR MUSIC FEST фестивалі салтанатты түрде ашылды

5 шілде күні Петропавл қаласында Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра шеруі» атты мерекелік іс-шара өтті. Орталық алаңнан Бас алаңға дейін музыканттар, шығармашылық ұжымдар, қала тұрғындары мен қонақтары қазақ халқының басты ұлттық құндылықтарының бірі – домбыраны ұлықтауға арналған салтанатты шеруге қатысты.

Шерудің қорытындысы ретінде Бас алаңда V халықаралық QYZYLJAR MUSIC FEST фестивалінің салтанатты ашылуы өтті. Фестивальдің алғашқы кешінде оның хедлайнері – HASSAK этно-фольклорлық ансамблі, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының өнерпаздары көрермендерге өнер көрсетті. Концерт ұлттық музыка мен мәдениеттің көркем үйлесімін паш етіп, жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады.

Фестиваль өз жалғасын табуда. 12 шілдеге дейін Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары мен қонақтарын танымал қазақстандық орындаушылардың концерттері, шығармашылық жобалар және түрлі музыкалық бағыттарды тоғыстыратын мазмұнды мәдени іс-шаралар күтеді.

QYZYLJAR MUSIC FEST бесінші жыл қатарынан өңірдің ең ірі мәдени алаңдарының біріне айналып, өнерді дамытуға, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге және мәдени ынтымақтастықты нығайтуға өз үлесін қосып келеді.