2026 жылғы 30 наурыз күні Петропавл қаласында «Мемлекеттік тіл – бірлік пен татулық кепілі» тақырыбында «Miras» қоғамдық кеңесі мен облыстық «Қазақ тілі» қоғамының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті

2026 жылғы 30 наурыз күні Петропавл қаласында «Мемлекеттік тіл – бірлік пен татулық кепілі» тақырыбында «Miras» қоғамдық кеңесі мен облыстық «Қазақ тілі» қоғамының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті

Іс-шараның басында «Халықаралық Қазақ тілі» қоғамының марапаттау рәсімі ұйымдастырылып, мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар мен белсенділер арнайы алғыс хаттармен марапатталды.
Жиынға қоғамдық кеңес мүшелері, тіл жанашырлары, мемлекеттік органдардың басшылары, білім беру ұйымдарының өкілдері, ардагерлер, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, сондай-ақ аудан әкімдерінің орынбасарлары (онлайн форматта) қатысты.
Жиынды «Miras» қоғамдық кеңесінің басшысы, облыстық мәслихат депутаты Ербақыт Амантай және облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Жанат Мұхамеджанов жүргізді.
Күн тәртібіне сәйкес өңірдегі тіл саясатының іске асырылу барысы, атап айтқанда «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңның және Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының орындалу мәселелері қаралды.
Баяндамашылар мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қоғамдағы тіл мәдениетін арттыру, мемлекеттік қызмет, білім беру, БАҚ, бизнес және қызмет көрсету салаларындағы тіл саясатының өзекті мәселелеріне тоқталды.
Сонымен қатар мемлекеттік тілдің ұлт бірлігін нығайтудағы рөлі ерекше атап өтілді.
Жиын қорытындысы бойынша мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оның қоғамдық өмірдің барлық саласында кеңінен қолданылуын қамтамасыз ету бағытында нақты міндеттер айқындалып, тиісті ұсынымдар қабылданды.