
Қызылжар ауданы әкімдігінде аудан әкімінің төрағалығымен кезекті әкімдік отырысы өтіп, онда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, тұрғындардың қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу және елді мекендерді абаттандыру мәселелері қаралды.
Күн тәртібіне сәйкес қатысушылар 2026 жылдың ағымдағы кезеңінде жергілікті атқарушы органдардың құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарған жұмыстары, Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясындағы тапсырмаларының орындалу барысы, Қызылжар ауданындағы көктемгі егіс науқанының қорытындылары, жазғы кезеңде су айдындарындағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ өрт қауіпті кезеңнің өтуі және аудан аумағындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпараттарды тыңдады.
Сонымен қатар, аудан елді мекендерін абаттандыру және санитарлық тазалау жөніндегі үш айлықтың өткізілу барысына ерекше назар аударылды.
Аудан әкімі елді мекендерде тәртіп орнату жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты ауылдық округ әкімдері мен полиция қызметкерлеріне абаттандыру қағидаларын бұзатын азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстарын жандандыру тапсырылды.
Аудан басшысы шөпті уақытылы шабу, рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою, көшелерді, қоғамдық орындар мен аулаларды тиісті санитарлық жағдайда ұстаудың маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ жаз мезгілінің басталуына байланысты тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Аудан әкімі судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында шомылуға арналмаған орындарға міндетті түрде ескерту және шомылуға тыйым салатын белгілерді орнату қажеттігін атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен ауылдық округ әкімдеріне қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, санитарлық тазалықты сақтауға және Қызылжар ауданы тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған тиісті тапсырмалар берілді.