
4 маусым күні Бескөл ауылында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік шараға аудан тұрғындары, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам белсенділері, жастар және еңбек ұжымдарының мүшелері қатысты.
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру рәсімімен және Мемлекеттік Әнұранды орындаумен басталды. Бұл маңызды рәсім еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін, халық бірлігі мен ұрпақтар сабақтастығын айшықтайтын мемлекеттік рәміздерге деген құрметтің белгісі болды.
Іс-шараға қатысушыларды Қызылжар ауданының әкімі Бейбіт Исманов мерекемен құттықтады.
«Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран – тәуелсіздігіміздің ажырамас нышандары, халық бірлігінің, егемендігіміз бен ұлттық мақтанышымыздың көрінісі болып табылады. Олар мемлекетіміздің тарихын, мәдениетін, құндылықтары мен мақсат-мұраттарын бейнелеп, отансүйгіштік пен Отанға адалдықтың символы қызметін атқарады. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – өз еліне деген сүйіспеншіліктің, оның бүгіні мен болашағына деген жауапкершіліктің көрінісі. Әрбір қазақстандық мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен егемендігін айқындайтын рәміздерге құрметпен қарап, оларды қастерлеуі тиіс», – деп атап өтті аудан әкімі.
Өз сөзінде аудан басшысы Қазақстанның бүгінде әлемдік аренадағы беделін нығайтып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді сақтай отырып, сенімді дамып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ бұл жетістіктердің негізінде халықтың бірлігі, адал еңбек және туған жерге деген сүйіспеншілік жатқанын ерекше атап өтті.
Іс-шара аясында марапаттау рәсімі өтті. Аудан әкімінің Алғыс хаттарымен пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобалар мен зияткерлік байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізген оқушылар, облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда Қызылжар ауданының намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылар, сондай-ақ ауданның экономикасы мен әлеуметтік саласының дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлер марапатталды.