Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс жүргізуде

Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс жүргізуде

Солтүстік Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелерінің жұмыс сапары өтуде.

Сапар аясында делегация Петропавл қаласындағы бірқатар әлеуметтік және медициналық мекемелерді аралады. Атап айтқанда, комиссия мүшелері қалалық №1 емханасында болып, жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығын сақтау, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударды.

Сонымен қатар, «Күштерімізді біріктіріп — жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығын сақтаймыз» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Іс-шараға орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, облыс әкімдігі жанындағы аймақтық комиссия мүшелері, сондай-ақ денсаулық сақтау мен білім беру саласының мамандары қатысты. Қатысушылар жас ұрпақтың репродуктивті денсаулығын қорғау мәселелеріндегі өзекті проблемалар мен ведомствоаралық ынтымақтастықтың болашағын талқылады.

Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – отбасы және гендерлік саясатты жүзеге асырудағы тәжірибе алмасу, өзара ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ ана мен баланы қолдауға бағытталған бастамаларды дамыту болып табылады.

Дереккөз:https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/1053244?lang=kk