Пресс-анонс Астанада қазақстандық өндірушілердің «Ulttyq ónim» атты ірі көрмесі өтеді

Пресс-анонс  Астанада қазақстандық өндірушілердің «Ulttyq ónim» атты ірі көрмесі өтеді

Астанада 16-18 мамыр аралығында EXPO халықаралық көрме орталығында отандық өндірушілердің «Ulttyq ónim» VIII көрмесі өтеді. Онда Қазақстанның барлық өңірінен келген 350 компания өз өнімдерін ұсынады. Елорда тұрғындары мен қонақтары «Даму» Қорының бағдарламалары арқылы мемлекеттен қолдау алып Қазақстанда өндірілген тауарлардың бар түрімен танысып, сатып ала алады.

Көрмеде тамақ, жеңіл өнеркәсіп, химия өндірісінен бастап жабдық, машинажасау, зергерлік бұйымдарға дейінгі салада түрлі өнімдер ұсынылады. Атап айтқанда: көкшетаулық «Гормолзавод», маңғыстаулық «Aq Dam» әкелетін түйе сүтінен жасалған ұлттық дәм, алматылық кәсіпкердің ешкі сүтінен «Galamilk» брендімен жасайтын өнімдері, «Altay Outwear» тігетін белсенді демалыс пен туризмге арналған киім мен жабдық, шымкенттік кәсіпкердің «Balausa Jewelry» зергерлік бұйымдары, жетісулық «Қайнар аккумулятор» өнімдері, Қазақстандағы тұңғыш ирригациялық машина өндіруші «Su bereke», дезинфекция, косметика және жуғыш заттар әзірлеудегі көшбасшы «Аврора», «Almaty Turmystyq Tehnika zavody» шығаратын барлық тұрмыстық техника және басқалар бар.

Сонымен қатар, «Ulttyq ónim» аясында қазақстандық және халықаралық спикерлердің қатысуымен қазақстандағы кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арналған сессиялар өтеді. Олар Қазақстандағы бизнес үшін өзекті трендтерді, сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді талқылайды.

Сондай-ақ, көрме барысында «Халық таңдауы» атты тәуелсіз дәм тату байқауы, қазақстандық өндірушілердің әйелдер мен ерлер киімдері топтамаларынан сән көрсетілімі, кәсіпкерлер үшін шеберлік сабақтары, көрмеге қатысушылар ұсынатын сыйлықтар тігілген ұтыс ойындары және өнер жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламалар өтеді.

Бұл көрмеде мемлекеттен қолдау алған кәсіпкерлердің аз ғана шоғыры жиналатынын атап өткен жөн. «Даму» Қорының бағдарламалары аясында несиесінің жалпы сомасы 14,1 трлн теңге болатын 225,3 мың жоба қамтылды. Осының арқасында 210 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 1,2 млн-нан астам жұмыс орны сақталды, 104,5 трлн теңгенің өнімі шығарылып, 7,3 трлн теңге салық түсті.

«Ulttyq ónim» көрмесі – отандық тауарлар мен қызметтерді танымал етуге және насихаттауға ықпал ететін жақсы дәстүрге айналды. Жыл сайын көрмеге келушілер саны көбейіп келеді: 2022 жылы  көрмені 20 мыңнан астам адам тамашаласа, 2023 жылы 22 мыңнан асты. Сауда көлемі де 2022 жылғы 70 млн теңгеден 2023 жылы 74,1 млн теңгеге дейін артқан.

 

Елорда тұрғындары мен қонақтарын «Ulttyq ónim» көрмесін тамашалап, отандық өндірушілерді қолдауға шақырамыз!

 

Өтетін жер: EXPO халықаралық көрме орталығы (Мәңгілік ел, 53/1)

Салтанатты ашылу рәсімі: 16 мамыр, 09:00.

Көрме өтетін уақыт: 2025 жылдың 16-18 мамыр күндері 09:00-18:00 аралығында.

БАҚ аккредитациясы: +7 707 144 75 20 – Динара Жаркеева, «Даму» Қорының баспасөз хатшысы