Грантық қаржыландыруға құжаттар қабылдау жоспарлануда

Грантық қаржыландыруға құжаттар қабылдау жоспарлануда

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы ағымдағы жылдың тамыз айында ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерлердің жаңа бизнес-идеяларын қаржыландыруға мемлекеттік гранттар беру үшін конкурс жариялауды жоспарлауда.

Ісін жаңа бастаған жас кәсіпкер — Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне мемлекеттік грант алу үшін жүгінген кезде дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген мерзіміне үш жыл толмаған, жасы 29-ға (қоса алғанда) дейінгі кәсіпкер.

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар экономиканың басым секторларында өтеусіз негізде ұсынылады.

Бір кәсіпкер үшін мемлекеттік грант сомасы 2 млн. теңгеден
5 млн. теңгеге дейін құрайды.

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттарды алуға үміткер кәсіпкерлер өтінімге PDF форматындағы мынадай сканерленген құжаттардың көшірмелерін қоса береді:

  1. осы Мемлекеттік гранттар беру қағидаларына 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша бизнес-жоспар түрінде дайындалған бизнес-жоба;
  2. басшының қолымен және өтініш берушінің мөрімен расталған, өтінім беру кезіндегі жалдамалы жұмыскерлердің орташа саны туралы анықтама (бар болса);
  3. Бағдарлама және (немесе) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 қарашадағы № 746 қаулысымен бекітілген Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" бағдарламасы шеңберінде кәсіпкердің оқудан өткенін растайтын, ескіру мерзімі 2 (екі) жылдан аспайтын құжат (бар болса);
  4. берілетін мемлекеттік грант көлемінің кемінде 10% мөлшерінде бизнес-жобаны іске асыруға арналған шығыстарды (бизнес-жобаға қатысатын ақша қаражатымен, жылжымалы/жылжымайтын мүлікпен) қоса қаржыландырудың болуын растайтын құжаттар, кәсіпкердің ағымдағы шотында ақша қаражатының болуы туралы банктік шоттан үзінді көшірме немесе бизнес-жобаға қатысатын жылжымалы және/немесе жылжымайтын мүліктің бағалау құнын растайтын құжаттар (халықтың әлеуметтік осал топтарын қоспағанда);
  5. өтініш берушіде халықтың әлеуметтік осал топтарына жатқызылу мәртебесінің бар екенін растайтын құжат (ақпараттық жүйелердің өзара іс-қимылының нәтижесінде мәліметтер түспеген жағдайда).