Петропавлда «Даму» Қорының Ашық есік күні өтті

Петропавлда «Даму» Қорының Ашық есік күні өтті

9 қыркүйекте Петропавл қаласында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ ұйымдастырған Ашық есік күні өтті. Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қ.М. Дүзелбаев, облыс әкімі аппаратының басшысы Р. Қ. Әлішев, «Даму» Қорының Басқарма төрағасы Ф. Қ. Сәрсекеев, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Д. Ө. Әмрин және екінші деңгейдегі банктердің басшылары қатысты.

Іс-шара кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар, қаржы ұйымдары мен даму институттарының өкілдері арасындағы ашық диалог алаңына айналды. Іс-шараға Петропавл мен облыстың бизнес-ортасының 200-ден астам өкілі қатысты. Қатысушылар жеңілдетілген несиелеу, субсидиялау және кепілдік беруді қоса алғанда, кәсіпкерлікті қолдаудың қаржылық және қаржылық емес шаралары туралы ақпарат алды, сондай-ақ барлық ниет білдірушілер салық салу, бухгалтерлік есеп, бизнесті жүргізу және дамыту мәселелері бойынша кеңес ала алды.

Қатысушыларға «Даму» Қорының, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының, Мемлекеттік кірістер департаментінің, Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасының, екінші деңгейдегі банктердің, консалтингтік компаниялардың және бизнес субъектілеріне қызмет көрсететін басқа да ұйымдардың өкілдері консультациялық қолдау көрсетті.

Ашық есік күнінің маңызды оқиғасы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою болды.

Меморандумға сәйкес, облыс аудандарындағы креативті IT-орталықтардың базасында кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау құралдарына қол жеткізе алатын алаңдар құрылады. Бұл жергілікті жерлерде бизнесті дамыту үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге және кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін қосымша жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.

Ашық есік күнін өткізу жергілікті атқарушы органдар, қаржы институттары мен бизнес-қоғамдастық арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудағы кезекті қадам болды. Мұндай іс-шаралар кәсіпкерлерге маңызды ақпаратты тікелей алуға, өзекті мәселелерді талқылауға және өз ісін одан әрі дамыту үшін шешімдер табуға мүмкіндік береді.

«Даму» Қоры Солтүстік Қазақстан облысының бизнес-қоғамдастығы үшін кәсіпкерлікті қолдаудың қаржылық және қаржылық емес құралдарының қолжетімділігін арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыруда.