1 қыркүйектен 1 қарашаға дейін Қазақстанда медициналық ұйымдарға тіркеу науқаны өтеді. Осы кезеңде азаматтар өз поликлиникасын ауыстыруға мүмкіндік алады. Бұл рәсімді толықтай онлайн режимде –
eGov.kz порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы, медициналық ұйымға бармай-ақ орындауға болады.

Қызмет поликлиникаға тіркеліп, учаскелік дәрігерді таңдауға мүмкіндік береді. Таңдалған дәрігерге сәйкес медициналық қызмет көрсету аумағы жүйеде автоматты түрде көрсетіледі. Науқан қорытындылары келесі күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Алдыңғы ұйымнан тіркеуден шығару жаңа өтінім расталғаннан кейін автоматты түрде жүзеге асырылады.

Науқаннан тыс уақытта да поликлиниканы ауыстыруға болады. Бұл басқа елді мекенге қоныс аударғанда, жұмыс немесе оқу орнын ауыстырғанда, сондай-ақ поликлиника қайта ұйымдастырылған немесе жабылған жағдайда мүмкін. Мұндай жағдайда қызметті жылына бір рет қолдануға болады.

Қызметті eGov Mobile қосымшасында пайдалану үшін:
− eGov Mobile қосымшасында авторизациядан өтіп, «eGov мемлекеттік қызметтері» – «Денсаулық сақтау» бөліміне өту қажет;
− «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға бекіту» қызметін таңдап, қажетті деректерді енгізу қажет;
− қызметті қолжетімді қол қою әдістерінің бірімен растау қажет;
− өтінімнің өңделу мәртебесін «Қызметтер тарихы» бөлімінен қадағалауға болады.


Еске саламыз, қызмет арқылы кәмелетке толмаған балаларды және 18 жастан асқан әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтарды олардың қамқоршылары онлайн түрде поликлиникаға тіркей алады.